Жаңалықтар

Ұлыбритания Қазақстанға ешқандай санкция салуды көздеп отырған жоқ

ҚР Сыртқы істер министрлігінде Ұлыбританияның Орталық және Оңтүстік Азия істері жөніндегі өкілімен кездесу өтті

Ұлыбритания Ресейдің Украинадағы әскери операциясына байланысты Қазақстанға қарсы ешқандай санкция салуды көздемейді, деп хабарлайды Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Ұлыбританияның Орталық және Оңтүстік Азия, Солтүстік Африка істері жөніндегі министрі Лорд Тарик Ахмадпен бейнеконференция өткізді, сондай-ақ Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кэти Личті қабылдады.

Тараптар Украинадағы жағдайды және соғыс қимылдарын тоқтату және тараптарды оны бейбіт жолмен шешуге қайтару үшін халықаралық деңгейде жасалып жатқан шараларды талқылады. Британ тарапы Ресейдің Украинадағы әскери операциясына байланысты Қазақстанға қарсы ешқандай санкция салуды көздемейтінін растады.

Кездесулердің нәтижесінде талқыланған тақырыптардың барлық ауқымы бойынша толық өзара түсіністік расталды.

Еске салайық, 1 наурызда британдық депутат Маргарет Ходж Қазақстан мен Әзірбайжанға қарсы санкцияларды қарастыруды да ұсынып, бұл мемлекеттер «Путинді қолдайды» деп мәлімдеген болатын.