Қауіпсіздік

«Қаңтар қырғынын» ұйымдастырған «сыртқы күш» кім?

Арада екі ай уақыт өтсе де қоғам «Қаңтар оқиғасы» туралы ақпараттарға қол жеткізе алмай отыр

Мәжіліс отырысында депутат Жанарбек Әшімжан Бас прокурорға қаңтар қасіретіне қатысты депутаттық сауал жолдады.

Жанарбек Әшімжан осы күндерде түрлі әлеуметтік желілерде елдің көңіліне күдік ұялататын сантүрлі ақпараттар ағыны тасқындап таралды дей келе, қоғам негізгі ресми ақпаратқа қол жеткізе алмаған сәтте, сөзсіз аңыз-шыны аралас алыпқашпа дүниелер алдыңғы қатарға шығатынын айтты.

«Арада екі ай уақыт өтсе де қоғам «Қаңтар оқиғасы» туралы ақпараттарға қол жеткізе алмай отыр? Бұл – ең бірінші кезекте мемлекеттік төңікеріске жасалған қадам деген сөз айтылды. Ал елдіктің тамырына балта шабуды көздегендердің көшіне ілесіп, еліміздегі ірі қалалардағы әкімшілік орындары мен бизнес нысандарына, күштік құрылым ғимараттарына шабуылдағандар кімдер? Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар, қару ұрлағандар кімдер? Қанша адам жәбірленді? Жапа шеккен кәсіпкерлер мен зәбір көрген азаматтарға толыққанды көмек көрсету үдерісі қашан аяқталады? Арандаған кімдер? Арандатқан кімдер? Өртеніп жатқан ғимараттарға бас-сирағын үйтіп жүргендер кімдер? Изоляторлардағы жатқандардың жай-күйі қалай? Олардың құқы қай деңгейде сақталуда? Қылмыстық іс қашан аяқталады? Сотқа қашан жіберіледі?» деді депутат.

Қоғам тарапынан қойылған осы сұрақтар әлі күнге дейін ашық күйінде тұр.