Алматыда қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен 1 139 бизнес субъектісіне өтемақы берілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv Media.
Оның сөзінше, Алматыда қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен 1 188 кәсіпкерден өтемақы алу үшін 1 355 өтініш түскен. Өтініш InfoKazakhstan электрондық платформасы арқылы қабылданады.
«Қазірге дейін түскен өтініштің барлығы қаралды. Өңірлік комиссия отырсының қорытындысы бойынша 1 139 өтінішке 5,2 миллиард теңге төлеу туралы шешім мақұлданды. Оның ішінде 4,1 миллиард теңге сомасындағы 595 өтініш бюджет қаражатынан, қалған 544 өтініш үшін 1 миллиард теңгеден астам сома «Жаңа Алатау» қорының қаражатынан бөлінді. Қалған 216 өтініш пысықтау үшін жолданды, оның ішінде 120 өтініш бойынша құжат толық ұсынылмаған, 96 өтініш өтем сомасына келіспеуге байланысты сот сараптамасына жолданды»
Еркебұлан Оразалин, Алматы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы
Басқарма басшысының айтынша, қалада қазірге дейін өтемақы алу бойынша өтініш бермеген кәсіпкерлер бар. Алайда олар жылдың аяғына дейін бұл мүмкіндікті пайдалана алады. Сондай-ақ алдын ала болжам бойынша қалада зардап шеккен барлық бизнес өкіліне төленетін өтемақы 20-25 миллиард теңге болуы мүмкін.
Қалада сауда және қызмет көрсету саласы ең көп зардап шеккен, қазірге дейін түскен 1 139 өтініштің 85%-і осы сала бойынша қаралды. Оның ішінде азық-түлік сатпайтын дүкендер, киім-кешек дүкендері, сауда-ойын сауық орталығындағы дүкендер, электротехника сататын дүкендерге көп залал келген.
Сараптама зергерлік бұйымдар, валюта айырбастау пункттері бойынша ұзақ уақытқа созылып жатыр. Ал сауда саласындағы өтініштер қаралып, мақұлданды.
Айта кетері, қалада зардап шеккен бизнесті толық қамту және қала экономикасын жедел қалпына келтіру мақсатында комиссия «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығының жанынан кеңес беру штабын құрылды.
Өтемақы алу үшін зардап шеккен кәсіпкерлер жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін Байзақов көшесі, 303, 101-кабинетте кеңес ала алады.