Банк пен қаржы

Қазақстан ЕАЭО-дан шығуы керек. Қазақстанның алдында қандай жол тұр?

Ресейдегі экономикалық құлдырау бізге қалай әсер етеді?

Түрлі жиындар мен форумдарда және әлеуметтік желіде қазақстандық экономистер мен саясаттанушылар қазіргі қалыптасып отырған жағдайға орай өз пікірлерімен бөлісіп жатыр. Олардың көбі қазіргі геосаяси ахуалдың Қазақстанға зияны тиюі мүмкін екенін және одан қалай сақтанған жөн екенін талқылауда. Бірі Қазақстан жедел түрде экономикалық бағытын өзгертуі керек десе, бірі әліптің артын баққан жөн дейді.

Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, Украинадағы соғыс салдарының үш сценарийі болуы мүмкін. Оның сөзінше, жағдай қауіпті көрінгенімен, дәл қазір Қазақстанда бәрі қалыпты және аса бір алаңдайтындай фактор көзге ұрып тұрған жоқ: мұнай, металл, бидай бағасы өсіп жатыр. Алтын-валюта қоры жеткілікті. Үкімет жұмыс істеп жатыр, тиісінше Президент бәрін бақылауда ұстап отыр.

Ол қазіргі қалыптасқан ахуалды «дағдарыс» деп атауға келмейді, бұл әзірге «шок» дейді.

«Сыртқы шок бар – транспорттық логистика қиындыққа душар болды, өндірістік тізбек бұзылды, төлемдерге қатысты түсінбеушілік туындап жатыр. Біріншісі – «жаман» сценарий. Жақын аптада РФ мен Украина алдағы уақытта түйткілдерді шешеміз деген уәдемен татуласу келісіміне қол қояды. Бұл Украина үшін жақсы – РФ әскері кетеді, Еуропа мен АҚШ-тан қуатты көмек келеді, экономика жанданады. Алайда батыс елдері санкцияны алып тастамайды, өйткені РФ-ға деген сенім жылдар бойы қалпына келе қоймайды. ЕАЭО бойынша және көрші болғандықтан санкция салқыны бізге де тиеді. 6 айдан бір жарым жылға дейін жағдай «нашар» болады, өсім 0-ге дейін, активтер құны 30-40 пайызға құлдырауы ықтимал» дейді.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев қазір Қазақстанға репутациялық қауіп төніп тұр дейді.

«Еуразиялық одақтың бес мүшесінің үшеуі антиукраиндық позиция ұстанды, олар – Ресей, Белорусия, Қырғызстан. ЕАЭО мүшесі болғандықтан бұл Қазақстан үшін аса жақсы жағдай емес. Қаңтар айында Қазақстандағы ішкі ахуалға ҰҚШҰ-ның тартылуын көпшілік белгілі бір деңгейде Ресейдің Қазақстандағы әскери-саяси ықпалының кеңеюі деп қабылдады. Біртіндеп Қазақстан билігінде «егер бұл екі ұйым Ресей мен Батыс арасындағы текетірес күшейе түскен кезде Ресейдің өзі экономикалық өзара көмек кеңесінің аналогы, ал ҰҚШҰ Варшава келісіміұйымы сияқты қабылданып кетпей ме?» деген сұрақ туады. Қазір Қазақстанда екі нұсқа бар. Бірі – ЕАЭО-дан жәй ғана шығып кету және Өзбекстан секілді бақылаушы болу немесе ҰҚШҰ-ға қатысуды тоқтату. Екіншісі – ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дан толық шығу, бірақ бұл ел үшін үлкен тәуекелге алып келуі мүмкін» дейді саясаттанушы.

Оның сөзінше, дәл қазір Қазақстан қай тұрғыдан да жау қыспағына төтеп берер күйде емес.

«Бізде армия әлсіз, ақпараттық қауіпсіздіктің де кескіні белгілі, экономикамыз бәсекеге қабілетсіз, Ресейге тәуелді болып отыр. Билік пен қоғам арасында бір-біріне деген сенім жоқ, қоғамның өзі жікке бөлініп кеткен. Бұл ретте Ресей мен Қытайға қатысты да солай. Қазір қоғамда аса қуатты ұлттық-патриоттық көңіл-күй пайда болып келе жатыр. Бұл объективті процесс. Бұл қозғалыстың ішінде антиресейлік көңіл-күй басым. Ондай көңіл-күйі әсіресе 2014 жылдан басталды. Соңғы уақиғалар қоғам көзқарасындағы Ресейдің озбыр образын одан әрі күшейте түседі».

Саясаттанушы өз ішімізде де жік-жікке бөліну жақсылыққа бастап апармайды, қазір-ақ тағдырын Қазақстанмен байланыстырмайтын азаматтар жетерлік дейді. Сондықтан шұғыл түрде елде саяси-құқықтық реформа басталуы керек деп есептейді.

«Қазақстандағы құқықтық реформалар Конституцияны өзгертуден, шығындар мен теңгерімдердің беделді жүйесін құрудан, тиімді, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін сот жүйесін және ашық сайлау жүйесін қалыптастырудан басталуы керек. Орталық пен аймақтар арасындағы қарым-қатынасты, парламент пен партияның жаңа ойыншыларын реформалайтын жергілікті өзін-өзі басқару туралы жаңа заң қажет. Ол үшін биыл заңға саяси партияларды либералды болуға бастайтын өзгерістер енгізілгені жөн. Тағы бір проблема – орта таптың жоқтығы. Егер орта тапқа қарағанда елде кедейлер үлесі көп болса бірегей қазақстандық ерекшелікті (болмысты) таңдау қиынға соғады. Бірақ мәселе орта таптың қалыптасу уақытының тым ұзаққа созылатынында болып тұр. Әлеуметтік-экономикалық реформалар 5-10 жыл уақытты алады. Оған қарағанда саяси реформаны тезірек жүргізуге болады. Бұл да билік ескеруі керек аса маңызды моменттің бірі» деді Сәтпаев.

Экономист Қайырбек Арыстанбековтың айтуынша, ЕАЭО-дан жедел түрде шығып кету пайдалы қадам болмайды.

«Ірі зауыттардың бәрі Ресейде. Кезінде Мәскеу бізге салдыртқан жоқ. Біз шетелден келетін логистикалық хабтарды әртараптандыруымыз керек. Ол үшін Қытаймен жұмыс істеу керек. Екіншісі – Орта Азия елдерімен байланысты күшейту. Сосын Каспий арқылы Кавказға шыққан дұрыс. Басқа жолы жоқ. Ал ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дан қазір шығып кететін қадам жасасақ, онда Донецк пен Луганскінің кері бізге келуі ықтимал. Одан да солтүстік облыстарда қарагөздердің үлес салмағын арттыру саясаты белсенді іске асырылуы керек. Біз жасауымыз керек тағы бір маңызды әрекет – Ресеймен шекаралас өлкелерде – Саратов, Орынбор жақтарда ішінара экономикалық экспансия жасау» деді экономист.