БЖЗҚ-ның қандай қызметтерін жеке куәліксіз алуға болады?
Ол үшін еGovMobile мобильді қосымшасында жеке куәліктің цифрлық нұсқасы болса жеткілікті
БЖЗҚ салымшыларға (алушыларға) көрсетілетін цифрлық қызметтер желісін кеңейтуде. Бүгінде жеке зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан жеке куәліксіз алуға болады. Ол үшін еGovMobile мобильді қосымшасында жеке куәліктің цифрлық (электрондық) нұсқасы болса жеткілікті. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің электрондық нұсқасымен БЖЗҚ бөлімшелеріне жеке өзі келгенде төмендегі қызметтерді алуға болады:
жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу;
деректемелерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;
зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлау тәсілін өзгерту (айқындау).
Енді жеке куәліктің электрондық нұсқасының көмегімен алынатын жоғарыда аталған қызмет түрлеріне зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуды жүзеге асыру мүмкіндігі қосылды.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ бөлімшелеріне жеке өтініш білдірген кезде БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымына зейнетақы жинақтарын аудару үшін мынадай құжаттар қажет:
1) салымшының (алушының) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және оның түпнұсқасы, не шолу үшін цифрлық құжаттар қызметінен электрондық құжат;
2) зейнетақы аннуитеті шартының түпнұсқасы/салымшы (алушы) сақтандыру ұйымымен жасасқан қолданыстағы зейнетақы аннуитеті шартына қосымша келісімнің түпнұсқасы;
3) БЖЗҚ-ның ішкі құжатымен бекітілген нысан бойынша зейнетақы жинақтарын аудару туралы өтініш.
Жеке куәліктің цифрлық (электрондық) нұсқасын БЖЗҚ бөлімшелеріне салымшы тікелей өзі келгенде пайдалануға болатынын атап өтеміз.
Егер жүгінген тұлғада жеке басын куәландыратын құжат жарамсыз болып табылса, онда eGovMobile мобильдік қосымшасында да құжаттың электрондық нұсқасы болмайды.