Қаңтар оқиғасы мен экономикалық жағдай арасында қандай байланыс бар?

Жарияланды
Сарапшылар өз пікірін білдірді

Қаңтар оқиғасы – бір жағынан елді есеңгіреткен, бір жағынан елдің есін жиғызған оқиға болды. «Газ-50» ұранымен басталып, соңы әлеуметтік-саяси талап қоюға, оның ақыры жаппай бүлікке ұласқан жайдың тегіннен тегін көтерілмегені белгілі. Егер оқиғадан бүлікшілер мен олардың әрекетін сылып алып тастар болсақ, арғы жағынан халықтың шынайы талабы бой көрсетеді. Халықтың дәл бұлай бас көтеретіндейі де бар. Өлмешінің күнін кешкен жұрттың әйтеуір бір күні дәл осылай өре түрегелері анық еді.

Қазақстандық сарапшылар халықтың бас көтеруіне олардың әлеуметтік ахуалының тым төмендігі себеп болды деп есептейді.

Ғалым Құсайынов, «Банк ЦентрКредит» АҚ басқарма төрағасы:

«Қазақстанның проблемасы жекелеген олигополияға келіп тіреліп тұрған жоқ, проблема одан да тереңде жатыр. Бізде әрдайым алдымен экономика, сосын саясат деген ұстаным үстемдік құрып келді. Дамыған елдерде алдымен саясат, сосын барып экономика тұрады. Бізде бірінші саяси реформалар басталуы керек. Институттар жұмыс істемең ештеңе өнбейді. Бұл ретте қарапайым қателіктің өзін жібермейтін жапон жүйесін мысалға алсақ болады. Ондай жүйе бізде де құрылуы керек. Ол үшін дамыған институттар керек болады: жұмыс істейтін сот, парламент, ішкі істер органдары, прокуратура, т.б. Екінші мәселе – статистика. Бизнесте «егер сіздің компанияңыздың дұрыс есептік көрсеткіштері болмаса басқарушылық шешім қабылдауға болмайды» деген ұстаным бар. Бізде статистикада шынайы мәліметтер бар дегенге өз басым сенбеймін. Осы қателіктерді түзеткенде ғана дұрыс келесі қадамдарды жасай аламыз. Қаңтар оқиғасынан бері бірнеше күн өтті, ал экономикалық билік тарапынан ешқандай салихалы мәлімдеме болған жоқ. Не істеуді жоспарлап отыр? Бұл күйзелістерді сейілту үшін олар бизнесмендермен, салалармен және жұртшылықпен қалай талқылауды жоспарлап отыр?».

Рахым Ошақбаев, экономист:

«Қаңтар оқиғасының басты себебі – халықтың несие жүктемесінің тым ауырлап кеткенінде. Әрине, мұны қаржыгерлер мен банкирлер жоққа шығарады. Алайда дәл қазір 1,5 миллионға жуық адам банк алдындағы 90 күннен асқан берешек міндеттемелерін орындай алмай отыр. Олардың бәрі сот орындаушылар палатасының статистикасына кіріп жатыр. Соңғы үш жылда атқару өндірісінің саны 1 миллионға жеткенін көріп отырмыз. Әбден қаржылық дағдарыс тереңіне батқан адамдар саны 2-ден 3 миллионға дейін жетуі мүмкін. Базалық және сақтандыру секторының өсіміне қарамастан Қазақстан халқы кедейленіп жатыр. Мемлекет байлығы әділ бөлінбейді. Мемлекеттік басқару жекелеген топтың қолына шоғырланған. Нәтижесінде барлық қадағалау олигополияның еншісіне өткен. Көп жылдар бойы біз адамдардың төлем қабілеттілігі жоқтығына құқықтық мәртебе бере алатын жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау керек деп айтып келдік. Өкінішке қарай, заң жобасы үміт сыйлап отырған жоқ. Біз өткеннен мүлде сабақ алмай отырмыз. Қаңтар оқиғасынан кейін де әдеттегі өмір салтымызға оралып алдық. Сондықтан ерте ме, кеш пе қаңтар оқиғасына қайта оралатын боламыз».

Еркін Тәтішев, KUSTO GROUP директорлар кеңесінің төрағасы:

«Біздің үйімізге экономикалық соғыс кіріп жатыр. Үкіметпен, президентпен бірге отырып, әр сағат сайын шешім қабылдап, ахуалға жедел мән беру қажет. 30 жыл бойы сақталған мина жарылуға жақын. Сондықтан да мемлекеттік басқарудың бүкіл жүйесі өзгеруді талап етеді».

Алмас Чукин, Visor Kazakhstan директорлар кеңесінің мүшесі:

«Мен әңгімені банктерден бастамаймын. Біз, өзіміз кінәліміз. Бұл мемлекеттік коррупция. Жемқорлық дегеніміз біреуге ақша салынған конверт ұсыну емес. Белгілі бір адамның біреуге жақын тартып көмек беруі де соған жатады. Қаңтар оқиғасының басты себебі – билікке деген сенімнің жоқтығы. Егер жақсы, беделді туысы болмаса жастар жұмыс та таппайды, келешектері де күңгірт тарта береді».

Рахым Ошақбаев, экономист:

«Курсты анықтауға және рубльден ажырауға мүмкіндік бермей тұрған маңызды фактор – арзан ресейлік импорттың қысымы. Еуразиялық одақтан шығып кету үлкен геосаяси тәуекел тудырады. Мен ең бірінші кезекте жаппай кедейленудің алдын алу керек деп ойлаймын. Ол үшін қарызға батқан 2-3 миллион адамның берешектері кешірілуі керек. Жақын арада олардың соттан тыс банкроттық мүмкіндігін алғаны дұрыс. Шұғыл түрде банкроттық туралы халықтық заң қабылдануы қажет. Содан кейін сол адамдардың кедейлік қыспағынан шығуына көмектескен абзал. Мүмкін оларға атаулы әлеуметтік көмек беру керек шығар».

P.S. Сарапшылар сөзі CFO Summit 2022 дәстүрлі саммитінен алынды.

Сондай-ақ оқыңыз