Қазақстанда тұрғын үй саясаты өзгереді. «Отбасы банктің» мәртебесі қандай болмақ?
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәжілісте тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі заң жобасын таныстырды. Вице-министр Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, заң жобасы Мемлекет басшысының халық үшін баспананың қолжетімділігі мәселелерін шешу жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленген.
Заң жобасында бірқатар жүйелік сипаттағы жаңалықтар енгізу қарастырылмақ. Оның ішінде ең бастысы – «Отбасы банкін» екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығарып, оған тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алу мен баспананы бөлуді орталықтандыратын ұлттық даму институты мәртебесін беру туралы ұсыныс.
«Отбасы банктің» банктік және өзге де операцияларды іске асыратын функцияларын сақтау ұсынылады. Яғни, депозиттерді қабылдау, заңды және жеке тұлғалардың банк шоттарын ашу және жүргізу, кассалық операциялар, банктік қарыз операциялары, салымшыларға тұрғын үй, аралық және алдын ала тұрғын үй қарыздарын беру сияқты өзге де құзіреттер. Сондай-ақ, әкімдіктерде кезекте тұрғандардың дерекқорын банкке беру және соның базасында тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын ашу ұсынылады. Ол орталық «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, барлық санаттағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардан өтінімдер қабылдай алады» деді Дауылбаев.
Ұсынылып отырған жобада тұрғын үйді есепке қойған күніне және табыс деңгейіне байланысты бөлу көзделген. Жаңа тәсілге сәйкес соңғы 10 жыл ішінде баспанасы болмаған барлық азамат үйге мұқтаж ретінде кезекке тұра алады.
Сондай-ақ, тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы ашылса азаматтарға түрлі мекемелерге барудың қажеті болмайды және мемлекеттік қолдау шараларын әділ бөлуге мүмкіндік береді. Бұл ретте әкімдіктерде кезекте тұрғандарды қазіргі жүйемен есепке қоюды тоқтату ұсынылады.
Жаңа заң жобасында, сонымен қатар, көп балалы және толық емес отбасылардың мәртебесі өзгерген жағдайда (балалардың кәмелетке толуына не олардың қайтыс болуына байланысты) олардың кезегін сақтау көзделеді.
Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға баспана бөлу кезінде қосымша бөлме беру қарастырылады.
Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары кезекте тұрған азаматтарға үй сатып алуы үшін жеңілдетілген қарыз түрінде мемлекеттік қолдау көрсету де қаралмақ. Ал егер табысы қарыз алуға қажетті көрсеткішті қамтамасыз ететіндей жинақ жинауға мүмкіндік бермесе, қосымша балл енгізу ұсынылады. Ауылдық жерлерде азаматтардың баспана мәселесін шешу үшін жалға берілетін үйлер салу кезінде жұмыс берушілердің шығынын субсидиялау тетігін енгізу қарастырылады. Бұл шара жұмыс берушілерді өз қызметкерлері үшін үй салуға ынталандырады.
Адам өмірін құтқару барысында, сондай-ақ мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан азаматтарды құрметтеу мақсатында жергілікті атқарушы органдарды қайтыс болған күнінен бастап бір жыл ішінде олардың отбасыларын үймен қамтамасыз етуге міндеттейтін тетік енгізіледі. Бұдан басқа, жаңа заң жобасында ИИДМ азаматтардың барлық санаттары үшін мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы ақысыз жекешелендіру құқығын алып тастауды, «Отбасы банкінің» интернет-ресурсында жаңартылған тізімді жариялай отырып, кем дегенде тоқсанына бір рет міндетті түрде түгендеуді ұсынады.
«Сонымен бірге ауылдық жерлерде тұрғын үй мәселесін шешу үшін ауылдағы арендалық үйлер құрылысы кезінде жұмыс берушінің шығынын субсидиялайтын механизм енгізу көзделіп отыр. Бағасы 10 миллионнан және жалпы аумағы 100 шаршы метрден аспайтын үй пайдалануға берілгеннен кейін үй бағасының 50 пайызы субсидияланады. Жұмыс беруші мен жұмыскер арасында бес жылға жасалған еңбек шарты болған жағдайда тұрғын үй беру жоспарлануда» деп түсіндірді вице-министр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ақпан айында елімізде 1 шаршы метр құны 0,4 пайызға қымбаттаған. Жайлы тұрғын үйлердегі 1 шаршы метрдің қайта сату құны 5,5 пайызға өссе, 1 шаршы метр арендасы 0,6 пайызға өскен. Бір жыл ішінде, 2021 жылдың ақпанынан 2022 жылдың ақпанына дейінгі аралықта пәтерлердің қайта сату бағасы 24,5 пайызға жоғарылапты, жаңа үйлер сатылымы – 14,6 пайызға, жайлы тұрғын үйдің арендалық ақысы – 19,1 пайызға.
Сонымен қатар елімізде екінші нарық үйлерінің күрт қымбаттауы байқалады. Әсіресе, Нұр-Сұлтанда өсім жоғары қарқынға (+10 пайыз) ие. Елордада қазір бір шаршы метр бағасы орташа 590 мың теңге көлемінде. Антилидерлер қатарында Атырау мен Талдықорған да бар. Алматыдағы пәтерлердің де бағасы шамамен 3 пайызға қымбаттаған.
Сарапшылардың айтуынша, бұл әлі ақпанның 20-сындағы дерек. Одан кейін Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты нарықтағы баға жағдайының басқаша сипат алғаны айтпаса да белгілі.