Қаңтар оқиғасы кезінде 230 адам қаза тапқан

Жарияланды
Бас прокурор қаңтар оқиғасына қатысы бар делінген 22 мың адам тексерілгенін айтты

Қанды қаңтар оқиғасынан кейін ішкі істер органдары 35 мыңнан астам жедел-тергеу жұмысын жүргізген. Қаңтар оқиғасына қатысы бар делінген 22 мыңнан астам адам тексерілген. Қаңтар қырғынынан, ресми мәлімет бойынша, 230 адам қаза тапқан. Олардың арасында 19-ы – күш құрылымдары қызметкерлері. Бұл туралы мәжіліс отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мәлімдеді.

ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, 766 адам тұтқындалған. Күдіктілердің басым бөлігі 30 жасқа дейінгі, жұмыссыз, жоғары білімі жоқ жастар екен. Олардың ішінде 19-ы деструктивті діни ағым жетегінде кетсе, 27-і тыйым салынған экстремистік ұйым белсендісі, жиырма төртеуі ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі, ал 113 адам түрлі қылмыс жасап сотталған.

Асылов ведомствоаралық жедел-тергеу тобы қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстарды тергеу барысында төрт бағытты пысықтап жатқанын айтты:

Біріншісі – жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру мен оған қатысу. 44 қылмыстық іс тергелуде. Ақтөбе және Жамбыл облыстарында тоғыз ұйымдастырушы қамауға алынған. Қатысушыларына қатысты 15 қылмыстық іс қозғалған. Бұл істерде 527 адам күдікті ретінде өтіп жатыр. 278 адам қамауға алынды.

Екіншісі – терроризм актілері. 46 қылмыстық іс тергелуде.

Үшіншісі – күш құрылымдарының жекелеген басшыларының іс-әрекетін құқықтық бағалау. 5 қаңтарда Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облысында екі полиция департаменті мен ҰҚК үш департаментінің бастықтары қару сақталған ғимараттарын тастап кеткен белгілі. Осы факті бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Алматы ҰҚКД бастығы Нұрлан Мәжілов қамауға алынды. Басқа тұлғаларға қатысты қазір дәлелдеме жинау және талдау жүргізіліп жатыр.

Төртіншісі – ұсталғандарды азаптау фактілері. Прокуратураға тегеу барысында азаптау мен қорлауға қатысты 301 шағым түскен. Бұл шағымдар бойынша азаптау және билікті асыра пайдалануға қатысты 243 қылмыстық іс қозғалды. Уақытша ұстау изоляторларында қайтыс болған 9 адамға қатысты істі арнайы прокурарлар тексеріп жатыр. Қалған 234 істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеуінде.

Сондай-ақ оқыңыз