Базалық мөлшерлеменің өспегені неге тиімді?

Жарияланды
Тұтынушылық инфляция төмендеп жатқан жоқ

Бір ай бұрын 10,25-тен 13,5 пайызға көтерілген базалық пайыздық мөлшерлеме наурыз айында сол деңгейінде сақталып қалды. Ұлттық банктің инфляциямен күресу үшін базалық ставканы көтеріп жатқаны белгілі. Бірақ бұл бір жағынан банк несиелерінің қымбаттауына алып келеді. Сарапшылар базалық ставканы көтеру мәселенің шешімі емес екенін айтады.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, рубль бағамының әлсіреуі теңгеге де қысым көрсетті. Мұндай жағдайда Қазақстанда базалық мөлшерлемені жедел арттыру сыртқы күйзелістер салдарының ел экономикасына таралуының алдын алуға қажетті шара болды деп уәж айтады.

«Біз қабылдаған жедел шешім теңгенің айырбастау бағамына көрсетілетін қысымды, атап айтқанда, алыпсатарлық қысымды төмендетуге мүмкіндік беріп, инфляциялық және девальвациялық күтулердің өсуін болдырмауға бағытталды. Мұндай дағдарыс жағдайларында жауапкершілікті өз мойнымызға алуға дайын екенімізді көрсету маңызды. Біз өз әрекеттерімізді, саудадағы өзгерістер мен интервенциялар туралы ақпаратты ашық жариялап, нарықпен бөлісеміз» деді Ғалымжан Пірматов.

Экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, базалық ставканы көтеру инфляцияны тежей алмайды.

«Мөлшерлемені арттыру проблеманы шешпейді. Интервенция жасай беру де шешім емес. Біз керісінше резервті шығындап жатырмыз. Базалық ставканың өсуі бәлкім инфляциялық тәуекелдің алдын алар, бірақ ол қысқа мерзімді эффект ғана береді» дейді.

Экономист Қайырбек Арыстанбеков Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеу режимін қолдануы экономикалық өсімнің тежелуіне алып келеді деп қауіп қылады. «Рубль бағамының өзгеруіне орай да таргет жасауға тура келіп тұр. Тиісінше, депозит пен несиенің пайызы жоғарылайды. Бұдан соң халықтың қарыз алу мүмкіндігі тарыла береді» дейді сарапшы.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев та базалық ставка өсімінің негативті әсерлерін былай тізбелейді.

«Көз алдымызда мемлекеттік қарыз да өседі. Қаржы министрлігі соңғы қарыз алуды 7 және 15 жылға 13,5 пайызбен жүргізді және соны тағы да қайталағысы келеді. Бұл ретте бірде бір рейтинг агенттігі біздің рейтингімізді төмендеткен жоқ. Келесі проблема – мемлекеттік бағдарламалар. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі базалық ставка субсидиялайтын мемлекеттік тұрғын үй және экономикалық несиелеу бағдарламаларының трансмиссиялық механизм жұмысына кері әсер етіп жатқанын бірнеше рет мәлімдеді. Сөйте келе екеуі де субсидиялау бағдарламаларынан шығамыз деді. Бірақ базалық ставка 10 пайыз болып тұрса және одан әрі төмендей берсе, ал субсидиялау ставкасы 5-7 пайыз болып тұрса әңгіме басқа да, ставка 13 пайыз болғандағы әңгіме мүлде басқа болмақ. Ондай жағдайда мемлекет тарапынан берілетін субсидия мөлшері қатты өседі. Ал ставканы тағы да жоғары көтерсе – бұл пайыздарды жабуға деген бюджет шығыны да өседі. Осылайша, мемлекеттік бағдарлама бюджет қаржысын тікелей жеп қояды, бір жағынан қадағалаушының ақша-несие саясатын адекватты басқаруына кедергі жасайды» дейді сарапшы.

Оның айтуынша, нарықтық экономика қажет-ақ, бірақ оған қарай біртіндеп қадам басу жөн болмақ.

«Базалық ставканы төмендету керек. Ставканы көтеру нарықтағы дүрбелеңді басу үшін өсірілді. Жоғары ставка тұтынушылық инфляцияға еш әсер ете алмайды. Оған көбіне әлсіреп бара жатқан теңге курсы әсерін тигізеді. Адамдар теңге курсын көре тұра азық-түлік алудан бас тартпайды. Жоғары ставка олар үшін кері шегінудің себебі емес. Демек пайыздық канал жұмыс істемейді. Бізде базалық ставкаға қарағанда инфляцияға теңге курсының әсері жоғары. Жоғары ставка біздің келешегімізге тікелей әсер етеді. Қазір біздің экономика санкцияға ұшыраған екі бірдей кредитордан айырылып отыр. Жоғары ставканы сақтай отыра экономиканы толыққанды несиелеу қиындай түседі. Жоғары базалық ставка теңгелік активтерді қолдауы керек еді. Алайда Ұлттық банктің өзі депозитін теңгелей ұстап отырғандарға 10 пайыз өтемақы төлейміз деді. Демек, базалық ставка әрі қарай активтерді қорғамайды деген сөз. Жалпы көлемдегі бейрезиденттер үлесі – 6,8 пайыз» дейді Чеботарев.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов Ұлттық банк интервенция жүргізу арқылы теңгені қолдау ұзаққа бармайды. Сондықтан ҰБ қадағалаушылық шараларға көшеді дейді. Арман Бейсембаев болса теңге бұрынғы курсына ешқашан қайтіп оралмайды деген болжам айтады.

«Ықтималдылығы аз екеніне қарамастан Ресей мен Украина татулық келісіміне келген күннің өзінде Ресейге салынған санкциялар алынып тасталмайды. Санкцияның міндеті – Ресейді төпелеу, оның әскери және экономикалық потенциалын жою. Болашақта қазіргідей қадамға бара алмастай етіп жаншып тастау. Ондай жағдайда санкциялар алынбайды. Тіпті Ресей кері шегінген күнде де басқа тарап одан толыққанды демилитаризацияны, қарусыздануды және ядролық қарудан бас тартуды талап етеді. Ал Ресей оған бара қоймайды. Сол себепті, доллар курс бұрынғы деңгейіне қайтіп оралмайды. Мүмкін бір доллар 460-470 теңге болатын шығар. Мұның өзі біз үшін позитивті сценарий саналады» дейді сарапшы.

Сондай-ақ оқыңыз