Қазақстанның банк секторындағы жағдай қандай?

Жарияланды
Ресейдің еншілес банктеріне қатысты енгізілген санкция мен шектеулер Қазақстан банктерінің қызметіне әсер етпейді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ресейдің еншілес банктеріне қатысты енгізілген санкция мен шектеулер Қазақстан банктерінің қызметіне әсер етпейді деп мәлімдеді. Геосаяси жағдай ушығып, әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдай құбылып түрған шақта агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп сыртқы экономикалық тәуекелдердің ел қаржы нарығының тұрақтылығына әсерін әлсірететін жүйелі шараларды қолға алған.

Бірқатар ресейлік банктерге қатысты санкция енгізілгеннен кейін, Mastercard пен Visa халықаралық төлем жүйелері 18-20 наурыздан бастап ресейлік еншілес банк «Сбербанк Қазақстанның» карточкалық операцияларын өңдеуді шектейтінін мәлімдеген еді.

Шетелде және басқа қазақстандық банктер желісінде Visa және Mastercard төлем жүйелерімен карточка операцияларын өңдеу бойынша шектеулерге қарамастан, ВТБ және Сбербанк банктерінің клиенттері банк карталарын шектеусіз пайдаланып, аталған банктердің POS-терминалдарында төлем жасай алады және бөлімшелерде, банкоматтар мен мобильді қосымшаларда қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың барлық түрлерін жүргізе алады. Төлем карточкаларын қолданбай басқа банктерге ақша аударуға шектеу жоқ.

Банктер штаттық режимде жұмыс істеп тұр, оған қоса, бұл банктердегі депозиттер міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысатындықтарн, салымшылардың ақшасы сақталарына мемлекет кепілдік береді.

«Қазақстанның екінші деңгейдегі банктеріндегі ахуал тұрақты. Екінші деңгейдегі банктердің 16,7 трлн теңгені немесе жалпы активтердің 43%-ын құрайтын өтімді актив қоры бар. Бос өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне уақтылы және толық көлемде қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді. Банктердің өтімділігі бойынша пруденциялық нормативтер реттеушінің ең төмен талаптарынан төрт еседен аса көп» делінген агенттік хабарламасында.

2022 жыл басынан бері банктердің меншікті капиталы 3,2%-ға өсіп, 4,7 трлн теңгені құрады. Банктердің меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенті 23,3%-ды құрайды және заңнамамен белгіленген нормативтерден екі еседен астам артады.

2022 жылғы қаңтардан бері Қазақстан банктеріндегі депозиттер 3,5%-ға өскен. Бұл ретте жеке тұлғалардың салымдарының үлесі 51,4%-ды немесе 13,9 трлн теңгені, заңды тұлғалардың салымдары 48,6%-ды немесе 13,1 трлн теңгені құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз