Несие тарихына қатысты не білу қажет?
Несие тарихы – азаматтың келешекте ипотека рәсімдеуіне, несие алуына әсер ететін бірден бір құжат. Бір кездері несие тарихын «бұзып» алғандар дәл осы мәселемен жиі бетпе-бет келеді. Соған байланысты Kursiv Media несие тарихына қатысты маңызды сауалдарға жауап іздеді.
Несие тарихы деген не?
Несие тарихы – бұл белгілі бір қарыз алушы туралы ақпарат. Несие тарихында азамат алған барлық несие мен олардың қалай төленгені, қалай төлем жасауы қажет екені көрсетілген ақпаратты қамтитын құжат. Әрбір жеке тұлға ол ақпаратты кедергісіз электрондық үкімет порталы «дербес кредиттік есепті алу» қызметін пайдаланып, 15 минутта ала алады.
Кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңның 21-бабының 2-тармағына сәйкес күнтізбелік жыл ішінде бір рет өзі туралы кредиттік есепті тегін алуға құқылы. Аталған қызметті алу үшін порталда күнтізбелік бір жыл ішінде қайтадан жүгінген жағдайда төлем 500 теңгені құрайды.
Несие тарихын білу қарызды өтеу процесін бақылау үшін, банктің кезекті қарызды беру-бермеу ықтималдығын білу үшін және не себепті банк қарыз беруден бас тартқанын түсіну үшін қажет.
Несие тарихы өзгере ме?
Несие бойынша әр адамның жеке дерегі әрбір банкте кемінде 15 жұмыс күнінде бір рет жаңартылады.
Ал несие тарихын жақсартудың жалғыз жолы – несие тарихында кейінгі алынған несиелер бойынша уақытында төлем жасау.
Дей тұрғанмен нашар несие тарихын жақсартудың бірнеше жолы бар. Біріншісі – жаңадан несие алуға барғанда банкке тек кейінгі бес жылдағы несие тарихын ұсыну. Мұндай жағдайда сол аралыққа дейін несие бойынша төлемді кешіктіру деректері банкке көрінбейді. Екінші жолы: азамат банкке қарызын 90 күннен астам уақыт кешіктіріп төлегеннен кейін бір жыл күтуі қажет. Сол аралықта басқа қарызы бойынша төлемді кешіктіруге болмайды. Осылайша келісімшарт «қалпына келген» мәртебесін алады.
Келісімшарттың «қалпына келген» мәртебесін алуы банк кезекті рет 100% қарыз беретініне кепілдік болмайды – шешімді әр банк дербес қабылдайды.
Несие тарихы азаматтың тұрғын үй алуы кезінде де ықпал етеді. Көп жағдайда несие тарихы нашар клиенттерге мемлекеттік бағдарлама арқылы ипотека беру мақұлданбайды. Мұндай жағдайда несие келісімшартын қалпына келтіру де көмектеспейді.
Несие тарихы туыстардың жеке дерегіне әсер ете ме?
Бірінші несие бюросының ақпаратына сәйкес, несие тарихы азамат қосалқы қарыз алушы немесе кепілгер болмаса, қарызын кешіктіріп жатқан азаматтың туыстарының несие тарихына тікелей әсер етпейді.
Егер азамат тең қарыз алушы болса және берешекті төлеу мерзімі өтіп кетсе, ол несиені нақты кім төлейтініне қарамастан, әрбір тең қарыз алушының несие тарихында көрініп тұрады. Азамат кепілгер болса, несие бойынша төлем жасау сол адамға өткен кезде төлем жасауда кешіктіру болғаны кепілгердің несие тарихында көрінеді. Ал ол қарыздың кепілгердің атына өтуі әр келісімшартта әртүрлі бекітілген.