SCAT және Qazaq Air Ақтөбеге рейстерін тоқтатты
Бұл туралы «Air Astanа» бұдан бұрын хабарлаған болатын
Қазақстандық SCAT және Qazaq Air әуе компаниялары Ақтөбе әуежайына рейстерін тоқтатты.
31 наурызды қоса алғанда, тоқтатылған SCAT рейсінің жолаушылары сатып алған жерінде билет құнының 100 пайызын қайтара алады немесе рейсті басқа күндерге қайта брондай алады, деп хабарлады тасымалдаушы.
Qazaq Air 17-23 наурыз аралығында Нұр-Сұлтан – Ақтөбе – Нұр-Сұлтан, Ақтөбе – Атырау – Ақтөбе, Ақтөбе – Қазан – Ақтөбе, Ақтөбе – Түркістан – Ақтөбе бағыттары бойынша рейстерді тоқтатты. Бұл әуе компаниясының жолаушыларына да билет құнын сатып алған жерінде толық қайтару ұсынылады.
Бұған дейін «Air Astana» Ақтөбеге рейстердің тоқтатылатыны туралы хабарлаған болатын.
11 наурызда Азаматтық авиация комитеті 17 наурыздан бастап бұзушылықтар жойылғанға дейін Ақтөбе әуежайының ұшу-қону жолағын пайдалану тоқтатылатынын хабарлады. Тексеру барысында бірқатар ақаулар анықталды. Жөндеу жұмыстарына Ақтөбе облысының әкімдігі демеушілік жасап отыр.