Жаңалықтар

Көктемгі егіс жұмыстары. Су жете ме? Фермерлер дайын ба?

Министрлер дайындыққа кірісті

Көктемгі егіс жұмыстарының басталуына да санаулы уақыт қалды. Экология министрлігінің мәлімдеуінше, егіс жұмыстары кезінде су тапшылығы болмайды. Министр Серікқали Брекешевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін суармалы сумен қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылданды.

«Еліміздің негізгі өзен бассейндері су аздығы цикліне биыл да тап болып отыр. Осыған қарамастан, фермерлер көктемгі егіс жұмыстары барысында қажетті суармалы сумен қамтамасыз етілетін болады».

Тоқтоғұл су қоймасында судың жиналуына байланысты жағдай біртіндеп қалыпқа келе бастаған. Сонымен қатар, вегетация кезеңінде қосымша су көлемін алу бойынша Қырғызстанмен келісімге қол жеткізіліпті. Қабылданған шаралар нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық арнасы бойынша Түркістан облысы Мақтарал және Жетісай аудандарының фермерлері былтырғы деңгейде суармалы сумен қамтамасыз етілмек.

Сонымен қоса, Шардара су қоймасына барынша ең жоғары ағынды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Оның басты мақсаты – Түркістан облысының Шардара, Отырар және Арыс аудандарындағы Қызылқұм алқабын, сондай-ақ Қызылорда облысының фермерлерін сумен қамтамасыз ету.

«Өзбек және тәжік тараптарымен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Шардара су қоймасына құятын ағын су көлемі ұлғайтылды. Нақты айтсақ, ақпан айындағы көрсеткіш қаңтармен салыстырғанда 22%-ға артты. Сондай-ақ, ақпан айында «Бахри Точик» су қоймасынан Қазақстан жаққа қосымша 181 млн текше метр су ағызылды» деді министр.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ведомствоның
өңірлермен бірлесіп ауыл шаруашылығы техникасының, тұқым мен тыңайтқыштардың дайындығын қайта тексеруге кіріскенін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, өңірлерге арзандатылған дизель отыны жөнелтіле бастады, жалпы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 12-15%-ға төмен бағамен 400 мың тонна бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға көп. 2,3 млн тонна тұқым немесе жоспардың 100 пайызы дайындалған. Қазіргі уақытта импорттық тұқым материалын жеткізу мәселесі пысықталуда. Бұлар – Ресейден келетін 19,5 мың тонна жүгері, бидай, арпа және қара бидай тұқымы және Еуропадан жеткізілетін 80 тонна жүгері мен қант қызылшасының тұқымы.

«Минералды тыңайтқыштардың қолжетімділігіне келер болсақ, жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Үкімет қолдауының арқасында диқандардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында отандық минералды тыңайтқыштарды өндірушілермен уағдаластыққа қол жеткізілді. Аммиак селитрасының бағасы 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендеді. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Кең дала» бағдарламасы арқылы 70 млрд теңге көлемінде, Азық-түлік келісімшарт корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген кредитпен қамтамасыз етілді. Бұл ретте, биыл форвардтық сатып алу көлемі 2 есе артты. 17 наурыздағы жағдай бойынша «Кең дала» бағдарламасы бойынша 94,8 млрд теңге сомасына өтінімдер келіп түсіп, оның 46,6 млрд теңгесі қаржыландырылды. Осылайша, бұл мақсаттарға бөлінген кредиттік ресурстардың алғашқы 2 траншы толығымен дерлік игерілді. Азық-түлік келісімшарт корпорациясына 76 млрд теңгеден астам сомаға өтінімдер келіп түсіп, оның 52,5 млрд теңгесі қаржыландырылды» деді Қарашөкеев.

Сонымен қатар көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайтып, бюджеттік кредит берудің жалпы көлемін 140 млрд теңгеге жеткізу мәселесі пысықталуда. Жалпы, әкімдіктердің деректері бойынша 2022 жылы жалпы егіс көлемі 23,1 млн гектарды құрайды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 125 мың гектарға көп.

Сонымен бірге министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық агроөнеркәсіптік кешеннің орнықтылығын сақтап қалу қажеттігін ескере отырып, қазіргі уақытта республикалық бюджетті нақтылау кезінде агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталуда. Ол өткен жылдан жинақталған берешекті өтеуге бағытталады, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде пайдаланылатын тауарлық және материалдық ресурстар бағасының өсуі салдарын жояды.

Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар субсидиялау нормативтерін бекіту жұмыстарын жандандырып, субсидиялауға бөлінген қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуі қажет. Министрлік өз тарапынан фермерлер қауымымен бірлесіп агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау тәсілдемелерін қайта қарау жұмысын жалғастырады, сондай-ақ мемлекеттік субсидиялаудың жаңа бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу жұмысын жеделдетеді. Қазір ол Ақмола облысында тестілеуден өтуде. Оны екінші жартыжылдықтан бастап енгізу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азық-түлік тауарларының тапшылығы мен бағаның бақылаусыз өсуіне жол бермеу мақсатында өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақтандыру қорларына форвардтық бағамен сатып алу мәселесін зерделеу басталды.

«Облыстар әкімдіктеріне отандық тауар өндірушілермен, өңдеуші кәсіпорындармен форвардтық келісімшарттар жасасу жұмысын жандандыру тапсырылды. Сонымен қатар біз қолданыстағы тұрақтандыру қорларын қалыптастыру қағидаларына қажетті өзгерістер мен толықтыруларды жеделдетіп енгізу жұмысын жүргізіп жатырмыз» деп түйіндеді Е. Қарашөкеев.