Негізсіз жекешеленіп кеткен нысандар мемлекет меншігіне қайтарылмақ

Жарияланды
Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия жұмысын бастады

Қазақстанда негізсіз жекешелендірілген нысандар мемлекет меншігіне қайтарылмақ. Үкімет жанынан құрылған экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия бір апта шінде осы нысандарды мемлекет меншігіне беру тетіктері бойынша ұсыныс енгізуі тиіс.

Үкімет ресми сайтының жазуынша, комиссия құрамына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қаржы мониторингі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің бірінші басшылары, Үкімет мүшелері, Бас прокуратураның және «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері кірген.

Комиссияның міндеті – монополиясыздандыру бойынша ұсыным әзірлеу. Атап айтқанда, комиссия жұмысы шеңберінде телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы, медиа активтер және басқа салалардағы негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне беру мәселелері қаралатын болады.

Алғашқы отырыстың қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов Қаржы министрлігіне уәкілетті мемлекеттік органдармен және «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, бір апта ішінде Үкіметке негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне беру тетіктері бойынша ұсыныс енгізуді тапсырған.

Сондай-ақ оқыңыз