Қазақстандық шаруаларға көктемгі жұмыстарға 70 млрд теңге бөлінеді
Тиісті тапсырманы Премьер-Министр Әлихан Смайылов АШМ, Қаржы министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға берді
Премьер-Министр Ә. Смайыловтың тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, минералды тыңайтқыштардың бағаларын төмендету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, 16 наурыздан бастап аммиак селитрасының бағасы тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендеді. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.
Бұған дейін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп, республикалық бюджетті нақтылау аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге сомасында қосымша бюджеттік кредит бөлуді қамтамасыз етуді тапсырды. Фермерлердің кепіл мәселелерін шешу мақсатында қажетті өтімді кепілдіктері бар астық және майлы дақылдар нарығының трейдерлері арқылы аграршыларға кредит беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
«Қысқа мерзім ішінде отандық тұқым сұрыптары ғылымын дамыту жөніндегі орта мерзімді бағдарлама қабылдау қажет. Тұқым сұрыптары сапасызданып, өнімділік төмендеп барады. Жылдан жылға құрғақшылық белең алуда. Бұл жағдайда қуаңшылыққа төзімді әрі мол өнім беретін тұқымдардың жаңа сұрыптарын әзірлеу аса маңызды», — деді Министрлер кабинетінің басшысы.