Шетелдік университеттерге қалай грантқа түсуге болады?
Жүрегінің түкпірінде өзге елдің оқу ордасына түсуді армандап, бірақ неден бастарын білмей жүргендер аз емес. Кейбіріне ақша қол байлау болса, енді бірі басқа жақта оқу үшін wunderkind болу керек деп ойлайды. Бүгінде әлемнің TOP университеттеріне түсуді қолжетпен арман етпей-ақ, грант алуды мақсат қылсаңыз жеткілікті. Мейлі ағылшын тілін нашар оқытқан ауыл мектебінің түлегі бол, мейлі кезінде сабақтан қашқан сотқар бол, түсуге мүмкіндік бәрінде бірдей бар. Алтын басты да, бақыр басты да талапкерге орын табылады. Бастысы, ойыңыздағы оқу орнының талаптарын тас-түйін біліп алуыңыз керек.
Дайындықты неден бастау керек?
Жыл өткен сайын шетелдік білім жүйесінің нәрімен сусындауға құштарлар саны көбейіп келеді. Достарыңызбен әңгіме барысында да бұл тақырыпты біраз қажаған боларсыздар. Қазақстаннан жыл сайын нақты қанша студент шетел асатыны туралы ресми статистика жоқ. Дегенмен кей зерттеулердің нәтижесі бойынша олардың саны шамамен 100 мыңға жетеді. Бізге белгілі статистика — UNESCO-ның 2017 жылы жасағаны. Сол зерттеуде 83,5 мың қазақстандық студент өзге елде оқып жатыр делінген. Студенттер арасындағы миграциялық бағыттардың көшін Ресей, Қытай, Чехия және Түркия бастайды. Одан бөлек, отандастарымыздың тағы бір бөлігі АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея мен Сингапурде де көп оқиды екен.
Иә, көбі оқуды қымбат әрі қиын көреді. Дегенмен алға мақсат қойған екенсіз, «жұрттың баласы» оқып жатқанын назарда ұстап, кірісіп кетіңіз. Осыған дейін естіген небір аңызды бір шетке ысырып, жүйе құрыңыз. Өзге елге оқуға түсем деген адам қандай кезеңдердер өтеді, сол жолда қандай қиындықтар кезігуі мүмкін, дайындықты қашан және неден бастау керек? Осы сауалдарға тоқталамыз.
Қай елде оқығыңыз келеді. Ең бірінші анықтап алуыңыз керек дүние — осы. Елді таңдап болған соң, қай қаладағы қандай университетке түсуді армандайтыныңызды ойлаңыз. Әрине, қиял шіркін шетсіз әрі шексіз. Осы ретте айтар кеңесіміз, барынша салқынқанды болыңыз. Мүмкіндіктеріңізді дұрыс бағамдаңыз. Соның ішінде мынадай үш факторға назар аударыңыз:
• Оқу және сол жақта тұру ақысы. Басқа елде тұру деген сөз сол жақтағы әлеуметтік жағдайға, валюта бағамына сай жоспар жасау дегенді білдіреді. Сол себепті кем дегенде студенттік визаны рәсімдеген кезде сізден дәлелдеуді қажет ететін соманы жинай бастаңыз. Оның көлемі таңдаған еліңізге байланысты түрлене береді. Бірақ бірінші кеңес бойынша елді нақтылап алған адамға виза жайлы ақпарат табу қиын емес. Елшіліктің сайтына кірсеңіз, толық ақпарат алуға болады.
• Қай тілде білім аласыз? Басым көпшілігі ағылшын тілінде болатыны белгілі. Әрі қымбаты да солар болады. Дегенмен біршама арзандау нұсқалар да жоқ емес. Одан қала берді кей елдердің тілін үйренген адамға университет тарапынан гранттар үлестіріледі.
• Білім деңгейі. Мектепті енді бітіргендерге грантқа түсу қиындау. Себебі бакалаврге арналған бағдарлама көп емес. Ал енді магистратура мен докторантурада мүмкіндік әлдеқайда көп. Сондықтан шетелде оқысам деген жүрген болсаңыз, ең алдымен білім деңгейіне қарайтынын ескеріңіз.
Бағдарлама іздейміз. Академиялық профайлыңызға сай келетін бағдарлама іздеуге кірісіңіз. Осы ретте ең алдымен ЖОО рейтингтерін шолып шығу керек. Жалпылама емес, нақты оқығыңыз келетін мамандық бойынша қарап алыңыз. Одан соң қандай талаптары барын шолып шығуыңыз керек. Ол сіздің бұл оқу орнына түсуге мүмкіндігіңіз бар-жоғын анықтап береді. Айталық, ағылшын тілінен халықаралық емтиханнан кем дегенде қанша балл жинауыңыз керек, академиялық жетістігіңіз жеткілікті ме — соны бағамдайсыз. Әлбетте, университет таңдағанда климат, әлеуметтік жағдай сияқты факторларды да есте ұстаған жөн. Қай жағынан да қолайлы нұсқа іздеуге тырысыңыз. Көңіліңізге жағатын біреуі анық табылады.
Қаржылық қолдау. Кім болса да бірінші кезекте грант ұтып алып, ай сайын стипендия түсіп тұрса дейді. Десе де, шетелдегі оқудың бәрі аспандағы айды сұрайды деп ойламаңыз. Сенсеңіз, кейбірінің оқу ақысы біздегі университеттерден де арзан. Бастысы, ерінбей іздеу. Тек грантты қарастырам десеңіз, келесі бөлімдерде бірнеше бағдарламаны тізіп шығамыз.
Халықаралық емтихандар. Шетелде оқығыңыз келсе, халықаралық тестілер тапсыруыңыз керек. Дайындықты неғұрлым ертерек бастағаныңыз абзал. Кем дегенде бір жыл бұрын кірісіңіз. Түсетін мамандығыңызға қарай емтихандар тек тіл білу деңгейіне байланысты ғана емес, жалпы білім беретін не профильдік болуы да мүмкін. Ол жайлы да алдағы бөлімдерде айтып өтеміз.
Құжаттар тапсыру. Бұл да — үлкен шаруа. Қажетті құжаттар тізімі әр университет үшін әртүрлі. Тіпті мамандыққа байланысты да түрлене береді. Қазақстанда құжат қабылдау шілдеде басталып, тамызда аяқталатын болса, шетелдегі жүйе сәл басқаша. Мысалы, Американың дедлайндары ерте аяқталады. 2022-2023 оқу жылында, күзде сабаққа кірісу үшін 2022 жыл басталғанда, қыста құжат қабылдау кей универлерде аяқталып жатады. Сондықтан өтінім жіберуді әп-сәтте болатын нәрсе демеңіз. Әрі барлық құжатты жақсылап тексеріп, қате кетпеді ме деп қарап шығу керек. Себебі болмашы қатенің өзі кесірін тигізуі мүмкін. Құжаттарды толтыру әр елдегі арнайы аппликейшн жүйенің көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін. (Мысалы, Германияда uni-assist, Америкада Common App, Ұлыбританияда UCAS деген сияқты). Магистратура мен докторантураға қабылдарда көбіне университеттің сайты арқылы қабылдайды. Барлық қажет құжаттың сканерлерген нұсқасын өтінішпен бірге жүктеп, жолдайсыз. Егер керек боп жатса, оқу орны қағазға шығарылған нұсқасын сұратуы да мүмкін. Егер солай болып жатса, онда халықаралық жеткізу қызметтеріне жүгінесіз.
Қазіргі уақытта жылдамдығына байланысты DHL, Pony Express курьерлік қызметтері оң баға алып жүр. Кейде құжаттарыңыздың түгел қарап шыққан соң, сізбен сұхбаттасамыз деуі мүмкін екенін есте ұстаңыз. Бірақ аса қорқудың қажеті жоқ. Қалай дегенмен мақсат қойып, тыңғылықты дайындалып жүргендіктен интервью үшін аса қобалжымасаңыз болады. Бар болғаны бәрін жүйелеп, өзіңізді жақсы ұстаңыз. Орта есеппен құжаттарды рәсімдеп, жинап, жіберу мерзімі 3-4 ай уақыт алады. Сондықтан барынша ерте қамданған жөн. Егер өзіңізге сенімді болмасаңыз немесе уақытыңыз тығыз болса, арнайы агенттіктердің қызметіне жүгінсеңіз болады. Олар бәрін жақсылап толтыруға көмектеседі. Әрине, қалтадан қағатындай сома болуы ғажап емес. Бастысы, өзіңіздің қолыңыздан келетінін ұмытпаңыз. Ақша шығындау сіз үшін қиын болмаса ғана жүгінген соң. Өйткені қалай десек те, адамның істегенін адам істейді. Бұл жерде бар болғаны мамандардың жылдамырақ әрі сенімдірек қозғалатынында ғана айырмашылық бар.
Жауап күтеміз. Барлығын тапсырып болған соң, енді қалатыны — күту. Жауап демде келе қоймауы мүмкін. Дегенмен оқуға қабылдамайтын болса да, олар сізге бір жауабын береді. Моральды тұрғыда шаршататын, тағат тауысатын кезең де осы жауап күтетін кез десе болады. Өйткені құжаттарды тап-тұйнақтай жіберіп болған соң, оның жауабын бірнеше апта күтуге тура келеді. Күту уақыты әр жерде әртүрлі. Жауап электронды поштаңызға немесе кәдімгі пошта арқылы да келуі мүмкін. Ал енді оның қандай түрлері бар екеніне тоқталсақ. «Түскеніңізді хабарлайтын хат» немесе letter of acceptance / invitation letter. Бұл оқуға ресми түрде шақырту келгенін білдіреді. Осы хат кейін сіз визаға тапсырып, өзге де шаруаларды тындыратын кезде керек болады. Екінші түрі — шартты шақырту яки conditional offer. Бұл дегеніміз профайлыңыз бойынша келіп тұрғаныңызды білдіретін, бірақ орташа баллды белгілі бір деңгейде ұстап тұру керек деген шарт қойылатын хат. Мысалы құжат тапсырған кезде бір құжатты жібермей қойған болсаңыз, болмаса әлі оқуды әлі аяқтамаған болсаңыз дегендей жағдайларда толықтыру керек болады. Былайша айтқанда, «сізге unconditional offer жібереміз. Бірақ ол үшін мына шартты орындауыңыз керек» деп көрсетеді. Соны орындасаңыз, демек оқуға қабылданғаныңыз. Үшінші түрі көңіліңізді түретін хат — қабылдай алмайтынын білдіреді. Айтқандай, профайлыңыз сәйкес келмесе, оның да жауабын береді. Шетелге тапсыратын студент көп екенін ескерсек, мұндай хат алуға дайын болғаныңыз жөн. Қабылдамайды екен деп басты төмен түсірмеңіз. Қайта тапсырып көруге не басқа университеттерге жіберуге болады. Бастысы, бұл жолда табандылық қажет.
Университет таңдаймыз. Құжат тапсырғанда сіз бірнеше университеттерге қатар тапсырған болсаңыз, онда ішінен біреуін таңдайсыз. Яғни бес оқу орнына жіберіп, оның үшеуі сізді қабылдауға әзір болса, ішіндегі ең үздігін, өзіңізге ұнап тұрғанының шақыртуын қабылдайсыз. Шешім қабылдарда эмоцияға берілмей, жақсылап ойланыңыз. Таңдағалы жатқан университетіңіз басқаларынан несімен артық, тұратын қала не штаттағы климат қандай, қымбат па, арзан ба — таразылаңыз. Айтпақшы, бірнеше оқу орнынан шақырту алған болсаңыз, бармайтындарына ескертіп, хат жолдауыңыз керек. Өйткені олар сізге шақырту жіберген кезде сізді қабылдадық деп есептеп, орын алып қалады. Бармайтын болсаңыз, жазуға міндеттісіз. Сөйтіп сізден босаған орынға басқа адамды қабылдайды. Оқудың авансын төлеп, шақыртуды қабыл алғаныңыз туралы хатқа түбіртекті қоса салып жіберіңіз. Сонымен бірге жатақхана керек болса, оны да осы кезде айтыңыз. Өйткені кейін орын болмай қалуы әбден мүмкін.
Кетуге дайындық. Сонымен, ең соңғы кезең — даярлық. Бәрінен сәтті өтіп, енді тек оқуға аттанатын кезге келсеңіз, құттықтаймыз! Кетуге асық болып, уақыт өтпей қоятындай сезілетін күндер таяу деген сөз. Ал енді бұл кезеңде не істеу керегіне тоқталсақ. Дайындықты алдымен әуе билеттерін іздеу, медициналық сақтандыруды рәсімдеу, пандемияға байланысты шарттар өзгергендіктен вакцина шаруасын да шешу, визаға тапсыру жұмыстарынан бастайсыз. Осылардың ішінде қиындауы — студенттік виза алу. Студенттер оқуға тапсыратын кез жақындағанда елшіліктердің кестесінен орын табу қиындап кетеді. Одан қала берді визаға өтініш берерде есте ұстауыңыз керек жайттар бар. Мысалы, ілеспе хат қосу. Бұл жерде аталған оқу орнын неліктен таңдап жатқаныңызды, неге сол елді таңдағаныңызды түсіндіресіз. Сонымен бірге оқуды аяқтаған соң елге анық қайтаныңызды көрсетесіз. Жай сөзбен емес, дәлелдер келтіру керек. Мысалы, «үйім бар, ата-анам осында, алған білімімді отандастарыма үйретіп, бөліскім келеді» дегендей себептер көрсетесіз. Виза мәселесіне бей-жай қарамаңыз. Өйткені мақұлдамай қойса, осыған дейіні жүгірістің күлі көкке ұшқаны. Егер сөздеріңіз ұйқаспай, сол елде қалып қоюыңыз мүмкін екені байқалса, рұқсат бермей қояды. Университет сабақтарының басталуына кемінде 2 ай қалған кезден бастап елшілікке сұхбатқа жазылып қойғаныңыз абзал.
Қандай құжаттар керек болады?
Таңдаған оқу орныңыздың шарт-талаптарына байланысты құжаттар тізімі де әртүрлі болады. Яғни толық тізімді университеттің сайтынан таба аласыз. Дегенмен көпшілігінде міндетті түрде сұралатын мынадай құжаттар бар:
Құжат | Қандай ерекшеліктері бар? |
Алған біліміңізді көрсететін құжат Дипломның аудармасы және транскриптGPA-дың орташа баллыЛегализация және куәлік не дипломның танылуы | Бакалавриатқа түсетіндерге: орта білім туралы куәліктің аударылған және расталған көшірмесі қажет. Егер әлі мектеп бітірмеген болсаңыз, соңғы 3-4 жылда сабақты қалай оқығаныңызды көрсететін бағалар көшірмесі. Магистратураға/докторантураға түсетіндерге: бакалавриат немесе магистратура дипломының аударылған және расталған көшірмесі қосымшасымен бірге керек. Егер әлі оқып жатқан болсаңыз, орташа бағаларыңызды көрсететін аралық есеп және оқыған курс, сағат саны сынды толық ақпарат беретін академиялық транскрипт жібересіз. |
Халықаралық емтихандардың нәтижесі | Құжаттарды онлайн тапсырған кезде университет сайтындағы жеке кабинетіңізге құжаттың сканерлерген нұсқасын жүктейсіз. Бірақ жолдап жатқан хатыңызды тиісті түрде расталуы керек. Негізі халықаралық емтихандардың көпшілігінде тест құнының ішінде бірнеше университетке нәтижені жолдау кіреді. Сондықтан тест тапсырғалы жатқанда қанша университетке жіберуге болатынын сұрап алыңыз. |