Жаңалықтар

Шығыс Қазақстандағы индустриялық  қаланың тыныс-тіршілігі қандай?

Экология, құрылыс, бизнес пен баға

Өскемен – Ертіс пер Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан түсті металлургия орталығы.  «Курсив» пен «Шеврон» бірлесіп қолға алған «Нағыз Қазақстан» жобасындағы кезекті материал – өнеркәсіп қала қалай дамып жатқаны және жергілікті  тұрғындарды қандай мәселе толғандыратыны жайлы.

2021-2023 жылдарға бекітілген бюджетіне сәйкес, облыс орталығының шығысы 58 млрд теңге болса, кірісі 70 млрд теңгеден асады. Қала әкімшілігінің мәліметі бойынша, Өскемен қаласы  –  өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша бірінші орында, жалпы ауыл шаруашылық өнімі, құрылыс пен бөлшек сауда көлемі  бойынша – 3 орында, ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бойынша бесінші орында тұр.

«Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Қазмырыш» ЖШС, «Титан-магний комбинаты» АҚ, «Өскемен ЖЭО» ЖШС – қаладағы негізгі кәсіпорындар

Экология түйткілдері

Өскемен қаласындағы ауа сапасы әрдайым қоғам мен БАҚ назарында. Соңғы бес жылдағы мәлімет бойынша, «Қазақстандағы қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпараттық бюллетеннен» көрініп тұрғандай, облыс орталығында ауа қатты ластанған.

Атмосфералық ауа сапасын «Қазгидромет» РМК  мен 2011 жылы құрылған «Экологиялық қауіпсіздік орталығы» ЖШС бақылайды. Бұл орталықта 8 ингредиент бойынша дерек жинақталатын 9 химиялық посты бар RAISPEM автоматтандырылған өндірістік және экологиялық мониторинг жүйесі енгізілген.

 Алайда 2021 жылдың маусым айында «Экологиялық қауіпсіздік орталығы» ЖШС-ын 68,7 млн теңгеге сатпақ болып, саудаға шығарған. Бұл орталықты ешкім сатып алғысы келмегендіктен, аукцион өтпеген.

Дегенмен қаланы 2050 жылға дейін дамыту стратегиясына сәйкес, ауа ластану индексі 3,5 баллдан аспайды деп жоспарланған (қазір ол 5-10 балл аралығында). Бұл нәтижеге өнеркәсіп кәсіпорындардың тазалау жүйелерін жаңғырту есебінен қол жеткізілмек.

«Әрине, бұдан нәтиже бар. Бұл құрылғылар жаңармаса, қаладағы ауа сапасы тіптен нашар болар еді. Алайда, мәселе мынада, тазалау жүйелерінің жаңаруымен қатар, өндіріс көлемі де артып келеді де, бұл қол жеткізген нәтижені теңдестіріп тұр. Оған қоса, құрылыстың қарқынды жүруі, абаттандыру, жанар-жағармай сапасы, басқа да өндірістің артуы сынды нақты экологиялық жағдайды нашарлататын жаңа факторлар туындап жатыр» дейді эколог, қоғам белсендісі Роман Честных.

Абаттандыру мәселелері

 Оң және сол жағалауға бөлінетін Өскемен қаласында 345 мың адам тұрады. Алдағы 30 жылда бала туу көрсеткішінің өсуі мен оңтүстік өңірлерден көші-қон сальдосы есебінен қала халқының саны 550 мың адамға дейін өсуі ықтимал. Сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 80%-ға жетіп, қаланың 80 пайызы «ақылды» инфрақұрылым жүйелерімен, әр тұрғын 30 шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз етілмек.

Оң жағалау мен сол жағалау арасында жатқан бос жерлерге үй салына бастады. Жаңа саябақ пен Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі аймағында «Нұрлы Жол» мен «Спорт» аталатын екі шағын аудан бой көтереді. 2021 жылы шағын аудандарда жалпы ауданы 196 мың шаршы метр болатын 20 үйдің құрылысы басталды.

Жібек мата комбинаты маңындағы, жалпы аумағы 500 гектар болатын 19-шағын аудан абаттандырылып жатыр. Бұл ауданда құрылыс 2008 жылдары басталған. 12 жыл ішінде 63 көпқабатты тұрғын үй мен денсаулық сақтау мекемелері, бала бақша мен мектептер салынды. 40 адамға арналған ауданда қазіргі кезде 20 мың тұрғын мекен етеді.

2019 жылы Өскеменнің әкімі Жақсылық Омар бұл шағын ауданда енді ештеңе салынбайды деген. Өйткені қырлы-жоталы аймақта үй салатын бос жер жоқ, ал тауларды жара беру қазынаға салмақ түсіреді. Сондықтан енді абаттандыру мәселесіне көп көңіл бөлінбек.

Бұл ауданның түйткілді мәселелеріне бұған дейін ШҚО әкімі Даниал Ахметов та назар аударған. Мәселен, мемлекеттік тұрғын үй салынуы тиіс жер телімдері жекеге сатылып кеткен. Немесе 2004-2010 жылдары көп қабатты тұрғын үй, ойын-сауық орталықтары, сауда кешендерін салуға ұзақ мерзімге жалға берілген. Ал бұл жаққа инфрақұрылым мемлекет есебінен жүргізіле бастады. Нәтижесінде пайдаланылмаған жердің 9,6 гектар болатын бір бөлігі мемлекетке қайтарылды.

2020 жылы ШҚО әкімінің тапсырмасымен Өскемен қаласының 19-шағын ауданын абаттандырудың кешенді жоспары құрылған. Бұл жоспар бойынша бірінші кезекте дренаж және жауын суы ағатын желі салынып, көшелерге жарық орнатылып,  жаяу жүргінші жолы мен үй арасындағы жолдар  салынады.

Әкімдік берген ақпаратқа сүйенсек, 2020 жылы  163 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, қолданысқа берілген. Соның 75 мың шаршы метрі жеке тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында салынған. 2021 жылы жалпы аумағы 133 мың шаршы метр болатын, жалға берілетін 18 көп қабатты үйдің құрылысы жалғасқан.

Ал сапасы қандай?

Алайда кейінгі жылдары салынған бірқатар көп қабатты үйлердің сапасы сын көтермейді. 19-шағын ауданда бой көтерген үйлердің сапасына шағым айтатын адам көп. Осыдан 3-5 жыл бұрын салынған, жалға немесе ипотекаға берілген үйлерден жаңбырлы күні береке кетеді. Төбесінен су ағып, қабырғасы суланып, жертөлесін су басып қалады.

Бұл үйлердің бәрі бір типті жоба – дымқыл қасбет технологиясымен салынған. Бұ технология қарапайым да үнемді болғанымен, Өскеменнің күрт өзгеретін қатал климатына сай келмейді.

«Қазіргі кезде осы мәселе өзекті болып тұр. 2015-2018 жылдар аралығында қабылданған бір типті үйлердің барлығында әртүрлі технология қолданылған. Ол жақта негізінен ғимараттарды сыртқы қабырғалары проблема болып тұр» дейді Өскемен қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Мерей Әкімжанов осы жағдайға байланысты.

Қала тұрғындарының айтуынша, тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – осы үйлердің сыртын сайдингпен қаптау. Қала әкімдігі бұл жұмыс қолға алынғанын айтады.

Ішкі туризм жайы

Кейінгі бірнеше жылда оң жағалауда амфитеатр, Арбат салынып, демалыс аймағы пайда болды. Бұрын «жабайы» аталатын жағажай серуен алаңы, веложол, жайлы жағажай, спорт алаңы, жасанды тоғаны бар «Самал» саябағына айналды.

Қалада тарихи және мәдени ескерткіш мәртебесін иеленген ғимараттар аз емес. Олардың арасында Металлургтер мәдениет сарайы, Байланыс үйі, Достық үйі, «Эхо» кинотеатры, этнография мұражайы бар.

Ескі қалада  терезесі жабылатын бірнеше ағаш үй сақталған.

Облыс орталығы – шағын қала,  бір шетінен екінші шетіне бір сағатта жеттуге болады. Қала қонақтарына да тамашалайтын жер жетерлік. Олардың арасына Жастар саябағы, сәулет-этнография қорығы, өнер мұражайы, Жамбыл атындағы драма театр бар. Орталық мешіт, Троицк монастырі, Бәйтерек, Абай ескерткіші, Юбилейный кинотеатры, Ертіс жағалауы, өзен жағасындағы вокзал, 300 жыл бұрын салынған тергеу изоляторының ғимараты да көруге тұрарлық.

Бизнес пен баға жайы

Қалада жастар көп, ЖОО мен колледждер түлек тапшылығын сезініп жатқан жоқ. Шаһарда жұмыс та жетеді. Айлық жалақы 250 мың теңгеден басталады. Халықтың басым бөлігі өнеркәсіп, құрылыс, сауда мен қызмет көрсету саласында жұмыс істейді.

Бәрі оңтүстік өңірлерден жеткізілетіндіктен, қалада жеміс-жидек қымбат.

 Қой мен сиыр етінің бағасы келісіне 2000-2600 теңге аралығында. Ал жылқы етінің келісі 3-3,5 мың тұрады. Ал рафинадталған сұйық майдың литрі 700-720 теңге болса, он тал жұмыртқаны 500-550 теңгеге сатып аласыз.

Картоп бағасы 260-350 теңге аралығында, әл сәбіздің бір келісі 500-650 теңге тұрады.

Базарда Алматы мен Бішкектен әкелініп, өз бағасынан 2-3 есе қымбатқа сатылып жатқан қытай мен қырғыздың дүниесі толып тұр.

Қалада көптеген сауда үйі мен ойын-сауық мекемелері бар. Тіпті ең қымбат мейрамханаларға да алдын ала тапсырыс беріліп қойған. Ең танымалы – Шанхай, Barberry, KeyDiBar, Summer club, BarbaLeto, Yurt  пен Residence Ostrov кіретін Шығыс-Батыс мейрамханалар желісі.