Жаңалықтар

Қаржы пирамидасын қалай  танып-білуге болады

Пирамида ғұмырының үш кезеңі

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 31 мыңнан астам азамат қаржы пирамидаларының құрбаны болған, оларға 54 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілген. Қаржы пирамидаларын құрушылар қатысушыларға аз ғана уақыт аралығында кепілді, жоғары табыс көзіне кенелетіндеріне уәде беріп, тартады. Алайда, қатысушылардың белгілі бір саны мен тиісінше салымдар жиналғаннан кейін ұйымдастырушылар барлық ақшамен іздерін суытады. Бұл туралы Fingramota.kz  сайты хабарлады.  

Пирамида ғұмырының үш кезеңі

Бірінші – қаржы пирамидасын құру. Әдетте, қатысушылар аздаған, сондай-ақ айтарлықтай көп сома енгізсе де ұйымдастырушылар бірінші қатысушыларға өз қаражатынан уәде етілген табысты төлейді.

Екінші – қаржы пирамидасын көпшілікке тарату. Құныққан салымшылар қатысушыларды, оның ішінде таныстары мен туыстарын бірінен соң бірін тарта бастайды. Сондай-ақ ұйымдастырушылар әйгілі блогерлерді, жұлдыздарды тарту арқылы әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнаманы пайдаланады. Бірақ бұл кезеңде жаңа қатысушыларға сыйақы жеке қаражат есебінен емес, жаңадан тартылған адамдардың есебінен төленеді. 

Үшінші – пирамиданың сөзсіз құлдырауы. Ол белгілі бір қатысушылар саны мен қомақты сома жиналған кезде орын алады. Оңай әрі жедел қол жеткізуге болатын пайдаға сеніп келген адамдар сыйақыдан да, өз ақшасынан да қағылады. Сондай-ақ, оларды қандай да бір жолмен қорғау мүмкіндігі болмайды, өйткені Қазақстанда қаржы пирамидаларының қызметі заңсыз әрі тыйым салынған, демек пирамида ұйымдастырушылары қол қойған құжаттардың ешқайсысы заңды күшке ие болмайды.

Қаржы пирамидасын мына белгілері арқылы танып-білуге болады: 

• Кіріс жарнасын енгізуді ұсынады;

• Нарықтық деңгейден бірнеше есе артық жоғары пайда табатыныңызға кепілдік береді;

• Интернетте, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жарнама кампаниясы арқылы салымшыларды белсенді түрде тартады;

• Басқа клиенттерді тартқаны үшін сыйақы беруді уәде етеді;

• Компанияның қаржылық жағдайы туралы нақты ақпарат болмайды;

• ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген халықтың ақшалай салымдарын тартуға арналған лицензия немесе бағалы қағаздар нарығында қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиясы болмайды.