Қазақстан мен Украинаның экономикалық қарым-қатынасы қай деңгейде?

Жарияланды
2014 жылдан бері ел аралық байланыс әлсіреп кетті

Қазақстан мен Украинаның алыс-берісін «тонның ішкі бауындай» деп сипаттауға келе қоймайды. Әйткенмен қу шөппен ауыз сүртудің де реті жоқ. Екі ел арасындағы экспорт пен импорт деңгейінде позитивті көрсеткіш бар. Былтыр елдер арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларға жетті.

Ranking мәліметінше, коронавирус дағдарысына дейін тауар айналымы бұдан да жақсы болған. Мәселен, 2016-2019 жылдар аралығында сауда-саттық мөлшері 1,3-1,6 млрд доллар көлемінде болыпты. Тіпті 5,3 және 4,3 млрд долларға дейін жеткен кездері де бар: Бұл 2012, 2013 жылдардың еншісіне тиесілі.

«2014 жылдан бастап Украинамен тауар айналымы құрылымында алыс-берістің басым бөлігі Қазақстанның экспортына тиесілі болған. 2012-2013 жылдары импорт басым еді. 2021 жылы Қазақстанның Украинаға экспортына айналымның 56 пайызы немесе 575,2 млн доллары тиесілі. Украинадағы Қазақстанға импорт 451,4 млн долларды құрады» деп жазады Ranking.

Қазақстаннан Украинаға негізінен тас көмір (792,6 мың тонна), минералды және химиялық тыңайтқыштар (223 мың тонна), өңделмеген мырыш (12,7 мың тонна) және ферроқорытпалар (14,8 мың тонна) экспортталса, біздің ел ол жақтан ет (19 мың тонна), медикамент (879 тонна), қағаз бен картон (9,7 мың тонна), ауыл шаруашылығы құрылғылары (3,2 мың тонна) және кондитерлік өнімдер (13,8 мың тонна) сатып алған.

2021 жылы шілдеде LegalHub онлайн-платформасына берген сұхбатындағы Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаев Қазақстан тарапының Украинаға 70 тауар позициясы бойынша жалпы құны 350 млн долларға экспорт жасауға даяр екенін мәлімдеген еді.

«Біз Украинаның Еуропалық Одақ құрамына кіруге ұмтылысы бар екенін білеміз. Алайда Украина да Қазақстан секілді Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан. Ол бойынша сауда мен инвестиция Тынық мұхитынан бастап Атлантикаға дейін жылжиды. Оңтүстік-Шығыс Азиядан Шығыс Еуропаға дейінгі аралықта сауда ағынын жүргізу бойынша Қазақстан да инвестиция-қаржылық және транспортты-логистикалық хаб бола алады. Украина тарапы «Астана» халықаралық қаржы орталығында және Astana Hub технопаркінде өз өкілдіктерін ашу бойынша ұсыныс беріп отыр. Бұл сондай ірі контекст. Бірақ қарым-қатынасты дамыту үшін кешенді әдістер қажет. Яғни, Украина қазір ТМД-ның жекелеген келісімдерінен шығып жатыр. Біз оның себебі мен контекстін білеміз. Олай болса екіжақты деңгейде келісімге келу қажет» деген еді елшіміз.

2018-2019 жылдары Қазақстанда елші болған Иван Кулеба Қазақстанның негізінен қаржы, сақтандыру, өнеркәсіп, көтерме-бөлшек сауда, автотранспорт құралдары мен мотоцикл жөндеу, почта және курьерлік қызмет салаларына инвестиция салып отырғанын айтқан еді.

Қазақстандық саясаттанушы Талғат Қалиев украиналық «Перший Діловий» телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан мен Украина арасындағы ең өзекті проблема логистикаға келіп тірелетінін, өйткені екі ел арасында ортақ маршрут жоқтығын айтқан.

«Қазір біздің өзімізде сұйытылған газ бойынша қажеттілікті өтеу тұрғысынан қиындықтар бар, демек үшінші елдерге, оның ішінде Украинаға да экспорт қысқарады. Мұның саяси емес, экономикалық мәні басым. Жаңа газ өңдеу зауыты салынған соң өндіріс көлемі де артатын болады. Бірақ бізде қазір сұйытылған газ бағасы бұғатталып тұр.Ал оның бағасы Ресейден біршама төмен, бұл да экспортқа әсер етеді» деді Қалиев.

2021 жылы 18 маусымда Киевте өткен экономикалық ынтымақтастық бойынша мемлекет аралық қазақстан-украина комиссиясының 14-ші отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов екі ел арасындағы тауар айналымына қатысты негізгі басымдықтарды атаған еді.

«Біздің мұнай-химия, металлургия, тамақ, химия, көлік құрастыру, құрылыс тауарлары бойынша өнімдерді жеткізуді ұлғайту бойынша мүмкіндігіміз бар» деген министр Украина тарапына түрлі салада бірлескен кооперациялық жобаларды ашу арқылы қарым-қатынасты тереңдетуге ұсыныс білдірген.

Биыл жыл басында Қазақстанда украиналықтардың қатысуымен 796 компания жұмыс істеген. Олар көбіне сауда және автожөндеу (351 кәсіпорын), кәсіби, ғылыми және техникалық салалар (80 кәсіпорын), құрылыс секторларында (57 кәсіпорын) еңбек етеді. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйегінде Украинадан келген тікелей инвестицияның жалпы ағыны 1,7 млн долларға жеткен. Бұл 2020 жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда 6,5 есе көп. Бірақ 2019 жылдың көрсеткішінен 2,5 есе төмен.

Қазақстандық инвесторлардың да Украинада жобалары баршылық. Былтыр қаңтар мен қыркүйек аралығында Қазақстаннан Украинаға 8,1 млн доллар көлемінде инвестициялық қаражат құйылған. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен (3,5 млн доллар) екі еседен астам көрсеткішке артық.

Сондай-ақ оқыңыз