Брокерді қалай таңдау керек?
Биржада сауда-саттықпен айналысуға бел буғандарда екі таңдау болады. Біріншісі — басқарушы компанияға сенім арту. Екіншісі — бәрін өзі жасау. Алғашқысы инвестициялаумен басын қатырғысы келмейтіндерге таптырмайтын тәсіл болса, екіншісі біршама білім мен білікті талап етеді. Себебі өздігімен айналысуға шешім қабылдаған адам ақша салу стратегиясын құра білуі керек. Яғни биржаның табалдырыған аттаған бойда кірісіп кетіп, ұтымды сауда жасау қиынға соғады. Осы орайда сізге брокер қажет болады. Ол — инвестор мен эмитент арасындағы делдал. Брокерлік компанияның қор нарығында жұмыс істеуге рұқсаты, инвестордың құнды қағаздарына қатысты мәміле жасасуға құқығы болады.
Не істеу керек?
Ең алдымен сіз брокермен келісімшарт жасасасыз. Қандай қызмет көрсетілетінін мұқият оқып шығыңыз. Көбіне брокерлердің сайтында тарифтері көрсетілген келісімшарт үлгілері болады. Егер бәрі көңіліңізден шығып тұрса, брокердің кеңсесіне барып немесе нотариуспен куәландырылған құжатты пошта арқылы жіберіп, келісімшарт жасаса аласыз. Кейін брокердің шот ашып, ақша саласыз. Осыдан кейін барып ол сізге құнды қағаздар сатып ала алатын болады. Алынған бағалы қағаздарға арнайы шот ашыңыз. Өйткені сатып алып жатқандарыңыздың бәрі есепке алынып тұруға тиіс. Ол үшін депозитарийден депо шот ашуыңыз керек. Осылардың бәрін жасап болсаңыз, демек енді сіз биржада сауда жасай аласыз деген сөз. Брокеріңізге құнды қағазды алу не сатуға қатысты бұйрық беріп отыра бересіз. Тапсырмаңызға қарай брокер қор нарығында операциялар жасайды. Айтпақшы, сізге осылай көмектесіп жатқаны үшін брокерлік шоттан комиссия ұсталады. Брокер банктегі шотыңызға ақша аударуға да көмектесе алады. Ол үшін де комиссия алынуы мүмкін. Жалпы алғанда бұдан бөлек те шығындар болады. Айталық, шетелдік құнды қағаздарға ақша салатын болсаңыз, салықты көбірек төлеуіңіз ықтимал дегендей. Дегенмен қандай шығын күтіп тұрса да, бәрін брокер алдын-ала айтып, ескертіп отыруға міндетті. Сонымен қатар, сұраныс пен ұсыныс қалай болып жатқанын да айтып отыруға тиіс. Өйткені кей құнды қағаздар аса өтімді болмауы мүмкін. Яғни сату қиын.
Брокерді қалай таңдаймыз?
Бірінші кезекте, лицензиясын тексеріңіз. Әйтпесе, алаяқтарға ұрынып қалуыңыз мүмкін. Реестрде бар ма, анықтап алып, атауы дәл сол ма — салыстырыңыз. Одан соң ірі брокерлер тізіміне көз тастаңыз. Әрине, сауда-саттықты мол жасағаны сізде де бәрі керемет болады дегенді білдірмейді. Бірақ жүрегіңізге сенім ұялататыны анық. Өйткені клиенті көп, сенетіндер аз емес. Брокердің беделі қандай екенін білген абзал. Ол үшін клиенттердің пікірін шолып шығыңыз. Не деп жатыр, мақтаушылар көп, даттаушылар ма? Бұрын-соңды қаржылық айқай-шуға қатысы болмаған ба? Ерінбей, іздеу жүйелеріне жазып, жаңалықтардан «жылт еткен» болса, жағымсыз жағынан сипатталмады да анықтап алған артық болмайды. Сонымен бірге қауіп-қатер туралы хабарландыруды жақсылап оқып шығыңыз. Ол келісімшартта көрсетіледі. Қаражатыңызды қандай жағдайда жоғалтуыңыз мүмкін — соны біліп алғайсыз. Бұған дейін де айтқандай, келісімшартты екі шоқып, бір қарау керек. Комиссия көлемі, ақша аударым мерзімдері, егер брокердің есебінен қарызға құнды қағаз алмақшы болсаңыз, пайызы қанша — бәрін «беске» біліп тұрғаныңыз дұрыс.
Брокерден бақ тайса қайтпек керек?
Келісімшарт жасасып, ақша аударған брокеріңіз бір күні лицензиясынан айырылып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайды ескеру қажет. Әрине, заң аясында сіздің активтеріңіз қорғалады. Дегенмен брокердің шотында қанша қаражатыңыздың бар екені, қандай брокер екені де кейде мәселе туындатуы ғажап емес. Айталық, сіздің брокеріңіз банк болсын. Мұндай жағдайда сіздің қаражатыңыз ортақ кассаға түседі. Демек басқа клиенттердің ақшасымен араласып кетті деген сөз. Осылай болса, біраз күтуге тура келеді. Себебі ұйымды банкрот қылып жариялап, ұзақ процедура жасалады. Кейде ақшаңызды түгел ала алмауыңыз да мүмкін. Ал енді брокеріңіз банк болмаса, онда ол клиенттердің ақшасын өзінің шотында емес, арнайы шотта ұстайтынын білдіреді. Егер лицензиясын тартып алса, осы шоттағы барлық қаражатты клиенттер арасында бөліп береді. Бұған да біраз уақыт кетуі мүмкін. Дегенмен алдыңғысымен салыстырғанда жеңілдеу. Айтпақшы, егер брокер арнайы шоттағы ақшасының бір бөлігін жеке шотына салып алса, онда ол қаражатты қайтара алмайсыз. Арнайы шоттағы қаражатты сол жердегі сақтаулы сомаға пропорционал бөліп береді.
Сонымен, брокеріңіз лицензиясыз қалды. Енді не істейміз? Мұндай жағдайда брокердің шотынан өзіңіздің банктік шотыңызға қаражатты барынша тезірек аударып алу керек. Сондай-ақ, брокердің құнды қағаздардың бағасы мен сатып алған күніне қатысты ақпарат берген есебін іздеп табыңыз. Егер ондай есеп болмаса, қайта сұратсаңыз болады. Әйтпесе, құнды қағаздардың жаңа брокер арқылы сататын кезде тағы да табыс салығын ұстайтын болады. Егер лицензиядан айырылған брокер емес, депозитарий болса, жаңағы айтқан тәсілді пайдаланасыз. Яғни құнды қағаздарыңызды басқа депозитарийге ауыстырасыз. Кейін оларды басқа брокермен келісіп, биржада саудаға шығаруға болады. Айтпақшы, кей жағдайда брокер алаяқ болып шығады. Оны басында да айттық. Ақшаңызды пайдаланып, түрлі әдіс-айла жасаған болуы мүмкін. Ондайды біле қалсаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз.
Барынша қауіпсіздік сақтаудың жолдары
Айтқандай, қауіп-қатер қашанда болады. Сондықтан қатерден сақтану жолын білгеніңіз жөн. Егер брокеріңіз банк болса, онда ақшаңызды айналымға жіберуге құқылы. Ал егер брокеріңіз банк болмаған жағдайда, құқығы жоқ. Дегенмен брокерлер көбіне келісімшартта ақшаңызды өз шотына аударуға рұқсат беретін тармақ жасайды. Мұндай тәсіл бар. Бәрі оңынан жүзеге асып жатса, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Әрі олай ету арқылы ол басқа клиенттерге сіздің ақшаңыздан ала тұрып, есесіне сізге қызмет ақысын азайтуы мүмкін. Бірақ бір кемшілігі сол — банкротқа ұшыраса жағдай қиындайды. Өйткені сіз ақшаңыздың бір бөлігінен айырылып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан брокерлік есепшотта ақшаңызды ұзақ сақтамаңыз. Не құнды қағаз алыңыз, не банктік шотыңызға аударып отырыңыз. Айтпақшы, ақшаны сақтап қалудың ең сенімді жолы — бөлек шот ашу. Сөйтіп келісімшартта ол шотқа брокер тиісе алмайды деп көрсету. Егер алда-жалда келеңсіз жағдай бола қалса, жеке шотыңыздағы қаражатты демде түгел шешіп ала аласыз. Дегенмен бөлек шоттың қызмет ақысы қымбаттау болады. Басты кеңес: шоттарыңызды үнемі бақылап отырыңыз. Қаржылық жаңалықтарды шолып жүріңіз. Брокерлік шоттағы ахуалды сұрап, есеп алып отырыңыз. Егер брокер келісімшарттағы тармақтарды бұзып жатыр деп сезіктенсеңіз, тиісті жерлерге шағымданыңыз.