Президенттің баспасөз хатшысы жаңа қызметке тағайындалды
Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы телеарнаның ресми сайтында жарияланған.
Берік Уәли 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын «кинотанушы», 2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «журналистика», 2014 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. 1997-2012 жылдары «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның, «ТАҢ» телекомпаниясының, «НТК» телеарнасының, «31 канал» ЖШС-нің журналисті, ақпараттық бағдарламаларының редакторы, «Нұр Медиа» ЖШС-нің жемқорлыққа қарсы медиа орталығының жетекшісі болған.
Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметін атқарған.
2018-2019 жылдары – Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы. 2019 жылы наурызда Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы болып тағайындалған.