Инвестициялық табыс сомасы неліктен өзгеруде?
Зейнетақы жинақтары қаржы құралдарына түрлі валютада инвестицияланады
БЖЗҚ-ның әрбір салымшысы мен алушысының зейнетақы жинақтары жеке зейнетақы шотына келіп түсетін жарналар мен есептелетін инвестициялық кірістен құралады. Бұд туралы БЖЗҚ АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Зейнетақы активтерін басқарушылар (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ)) инвестициялық кіріс алу мақсатында зейнетақы активтерін Қазақстанда және шетелде экономиканың бірқатар секторларындағы түрлі қаржы құралдарына, әртүрлі валюталарға орналастырады. Мұндай әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және тұрақты табыстылығын қамтамасыз етеді. Инвестициялық кіріс бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі кірістерден, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. құралады.
Нарықтық және валюталық қайта бағалаудан түскен кіріс жекелей алынған кезеңде оң да, теріс те болуы мүмкін. Сондықтан инвестициялық қызметтің нәтижесінде шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық табыстың мөлшері әр түрлі болуы мүмкін. Салымшылар мен алушылар 2022 жылдың басынан бері бұған куә болып отыр.
Зейнетақы жинақтары қаржы құралдарына түрлі валютада инвестицияланды. 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша инвестициялардың 2/3 теңгемен және 1/3 шетел валютасымен, валюталық инвестициялардың басым бөлігі АҚШ долларымен орналастырылды. Тиісінше, доллар бағамы зейнетақы активтері құрамындағы инвестициялық кіріске әсер етеді: ұлттық валюта нығайған кезде инвестициялық кіріс төмендеп, доллар бағамы өскен кезде жоғарылауы мүмкін.
Зейнетақы активтерінің құнын қайта бағалау аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы және айдың соңғы күнтізбелік күнінің соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылатыны белгілі.
2022 жылдың қаңтары мен наурыздың басы аралығында АҚШ долларына қатысты теңге бағамы әлсіреп, доллар құны 431 теңгеден 495 теңгеге дейін жеткен болатын. Бұдан соң наурыз айының ортасында доллар бағамы 512 теңгеге дейін өсті. Осылайша, апта сайын зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау қалыптасты. Салымшылар да өздерінің жеке зейнетақы шоттарында айтарлықтай оң инвестициялық табысты байқады.
2022 жылдың 24-25 наурызында Ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 495 теңгеге дейін нығайды. 2022 жылғы 24 наурызда зейнетақы активтері портфелінің валюталық құрамдас бөлігінің өзгеруі ескеріле отырып, сондай-ақ, активтер, оның ішінде сыртқы басқарудағы активтер бойынша теріс нарықтық қайта бағалаудың есептелуі ескеріле отырып, қайта бағалау жүргізілді.
Инвестициялық басқарудың және зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық болып табылады: әрбір салымшының өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайты немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинеттен 24/7 тәртібінде көруге мүмкіндігі бар.