Банк реквизиттері нені білдіреді?

Жарияланды
ІBAN, Swift Code, БИН деген не?

Айжан — жеке кәсіпкер. Жақында ол кәсібін жүргізуге қатысты шағын грант ұтып алды. Енді соның құжаттарын өткізбекші. Бәрін түгендей келе банк ревизиттері деген жерге келгенде тоқтап қалды. Ісін енді бастап жатқандықтан, оның бұл туралы түсінігі аздау еді. IBAN, Swift Code, БИН, БИК деген не? Жеке тұлғалар арасындағыдай карта нөмірін не телефон нөмірін жаза салып, аудара салуға қарағанда мұның машақаты көбірек екен деді. Сөйтіп банк реквизиттері туралы ақпарат іздеді. Осылайша біздің материалға көзі түсті. Айжан бұдан кейін бәрін жақсы ұғып алады деп ойлаймыз. Егер сіз де біліп алғыңыз келсе, мархабат!

 Айтқандай, әдетте біз бір-бірімізге ақша жіберетін болсақ, операция жылдам жүреді. Бар болғаны телефон не карта нөмірін көрсетеміз. Ал ұйымдар арасындағы аударым бұдан күрделірек. Дегенмен қаптаған түсініксіз қысқарған сөзді көріп, үрейленбеңіз. Бір біліп алсаңыз, келесіде шешімкіше шаға бересіз. Біріншіден, реквизиттеріңізді білудің еш қиындығы жоқ. Мобайл банкингтен онлайн біле аласыз, болмаса банк бөлімшесінен сұратуға болады. Банк реквизиттерін жариялаудан қорықпаңыз. Себебі телефон нөмірі, карта не есепшот реквизиттері алаяқтар үшін аздық етеді. Десе де, сақтықта қорлық жоқ. Не нәрсені айтуға болады, не нәрсе құпия — соны біліп алу керек. Өйткені сіздің деректеріңіздің шетін шығару арқылы әрмен қарай іске кірісіп, құпия мәліметтерге қол жеткізетіндер де жетіп артылады.

Жіліктеп көрелік

Сонымен есепшот реквизиттері деген не? Бұл — банктің кімге және қайда ақша жолдау керегін көрсететін мекенжай. Есеп айырысатын шот — банктегі есепшотыңыз. Бір банктегі клиенттердің есепшоты ешқашан бірдей нөмірлі болмайды. Бірақ дәл сондай нөмір басқа банк тұтынушысында кездесуі мүмкін. «Ақшам басқа жаққа кетіп қалатын болды» деп қорықпаңыз. Себебі жүйе дамығаны сонша, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бәрі ойластырылған. Қанша жерден есеп айырысатын шот нөмірі бірдей болса да, аударым жасау үшін бір нөмір жеткіліксіз. Одан бөлек өзге де мәліметтер енгізу керек. Яғни нақты керек жерге адаспай жету үшін осылай жасалады.

IBAN (банк есепшотының халықаралық нөмірі) — халықаралық аударым жасауға арналған халықаралық код. Мұндағы әр символ банк есепшотына қатысты түрлі ақпарат береді. Мысалы Қазақстанда IBAN 20 символдан тұрады. Алғашқы екеуі — елдің коды, ол әріп түрінде, одан кейінгі екі символ — тексеру нөмірі, содан кейн тұрған үш символ — банк коды, кейінгі 13 символ — банк есепшотының нөмірі. Мұндай IBAN код шетелден ақша алатын не жіберетіндер үшін керек. Өйткені өзге елге ақша жіберу үшін стандартты есепшот нөмірі жеткіліксіз. Банктер халықаралық аударымдардың дұрыс жүруі үшін әр шотқа белгілі бір код беріп қойған. Бұл жүйе Еуропа аумағын түгел қамтиды. Бұдан бөлек, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Кариб елдерінің кей аймақтарында да мойындалады.     

МемлекетIBAN үлгісі
ГерманияDE89 3704 0044 0532 0130 00
ҰлыбританияGB29 NWBK 6016 1331 9268 19
ФинляндияFI21 1234 5600 0007 85
ШвецияSE35 5000 0000 0549 1000 0003
НидерландыNL39 RABO 0300 0652 64
ТүркияTR33 0006 1005 1978 6457 8413 26
ҚазақстанKZ75 125K ZT20 6910 0100

Есепшот иесі. Егер сіз жеке тұлғаға аударым жасап жатсаңыз, төлқұжаттағы аты-жөнін қатесіз жазуыңыз керек. Ал жеке кәсіпкер болса, ЖК деп көрсету қажет. Компанияларға заңды тұлғаның толық не қысқарған атауын енгізу міндетті.

БИК немесе SWIFT Code. Банктің идентификациялық коды Қазақстандағы төлем жүйелері қатысушыларын сәйкестендіру үшін қажет. Еліміздің аймағында БИК ISO 9362: BIC стандартына сәйкес банктің ұлттық идентификациялық коды ретінде қабылданады. Ел ішінде де, халықаралық аударымдарда да солай. Егер банкте SWIFT BIC болмаса, Ұлттық банк аталған стандартқа сай БИК береді. Ол 8 әріп пен сандық символдан тұрады. Төлем құжаттарын рәсімдеген кезде банк есепшотының нөмірі мен БИК міндетті түрде сұралады. Осы ретте қазақстандық екінші деңгейлі банктердің кодын қоса көрсетіп кетейік.

БИКБанк
ATYNKZKAAltyn Bank
KINCKZKABank RBK
TSES KZ KAFirst Heartland Jýsan Bank
IRTYKZKAForteBank
CASPKZKAKaspi Bank
KSNVKZKAKassa Nova
KCJBKZKXЦентрКредит банк
ALFAKZKA«Альфа-Банк»
BKCHKZKA«Қазақстандағы Қытай банкі»
KZIBKZKA«КЗИ Банк»
NBPAKZKA«Пәкістанның ұлттық банкі»
INLMKZKA«Банк Хоум Кредит»
SABRKZKA«Ресей Сбербанкі»
VTBAKZKZВТБ
EURIKZKAЕуразиялық Банк
ZAJSKZ22Заман-Банк
HLALKZKZAl-Hilal ислам банкі
HSBKKZKXХалық банк
NURSKZKXНұрбанк
HCSKKZKAОтбасы банк
CITIKZKAСитибанк Казахстан
ICBKKZKXАлматыдағы Қытай банкі
SHBKKZKAШинхан Банк

Кбе — бенефициардың коды. Ол екі саннан тұрады: біріншісі — резиденттік коды (1 – резидент, 2 – резидент емес); екіншісі –  экономиканың секторы.

Шатасып кету мүмкін бе?

Ақша аударуға келгенде көбіміз асқан жауапкершілікпен, бірнеше қайтара тексеріп барып жібереміз. Мұнымыз өте дұрыс. Жалпы алғанда «реквизитте қате жіберсе не болады?» деген заңды сауал туындайды. Әдетте онлайн не мобайл банкинг арқылы төлем аударған кезде саннан не әріптен жаңылып кетсеңіз, аударым жасалмай қояды. Өйткені банк ақпаратты тексеріп, егер бірнәрсе сәйкес келмей қалса, төлемді кері қайтарып жіберіп, қате кеткенін ескертеді. 

Ал енді қате есепшотқа ақша ақыры кетіп қалған болса, төлем жүйесі немесе қабылдап алушы банк автомат түрде қайтарып жібереді. Бірақ кейде қате төлем келген банк ол соманы түсініксіз операциялар қатарына қосып қоюы мүмкін. Яғни анық-қанығын анықтауға арналған сомалар тұратын шотқа салады. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, ақшаңызды қайтарып алу үшін банк бөлімшесіне баруыңыз керек. Тіпті болмаса, басқа бір адамға кетіп қалып жатса, онда кімге кеткенін анықтау үшін банкпен байланысасыз. Бірлі-екілі жағдайда ғана болуы мүмкін десек те, түбегейлі жоққа шығара алмаймыз. Басқа жерге шатасып кетіп жіберсеңіз, сол адаммен байланысып, одан ақшаны қайтаруын сұрап жүру керек. 

Жалпы алғанда мұндай стандарттардың бекітілуі қаржылық операцияларды жеңілдету үшін ойластырылған. Яғни әмбебап, қауіпсіз, тез әрі қолайлы аударым жасауға бағытталған. Мысалы сізде IBAN болса, жүйе сізді демде танып, аударымыңызды тезірек жүзеге асырып береді. Сонымен бірге банкіңіз SWIFT-пен байланған болса, аударымдардың қауіпсіз жасалатынына сенімді бола аласыз.   

Сондай-ақ оқыңыз