Дағдыға айналуы тиіс 10 қаржылық әдет
Қазір «балық берме, қармақ бер» деген сөз сәнге айналып кетті. Қыруар қаражат тауып жатқанын айтатын блогерлер білгенін бөлісер болса көбіне осыны мысалға келтіреді. Қош, инфобизнес саласындағылар туралы әңгіме айтқалы жатқан жоқпыз. Бүгінгі тақырып — дұрыс қаржылық әдет қалыптастыру. Біз қаншалықты оңды әдет қалыптастыруға тырыссақ, өміріміз де соғұрлым жеңілдей түседі. Әу басында қармақ туралы бекер айтқанымыз жоқ. Себебі сол мысалдағыдай, адамға қазір балық берер болсаңыз, бір күн қарны тойып ұйықтайды. Ертеңіне оянған соң, тағы кім берер екен деп күтуді әдетке айналдыруы мүмкін. Ал енді қармақ берер болсаңыз, балық аулауды үйреніп алғаннан кейін күнде қарнын тойдыруға қауқарлы болады. Сондықтан мына материалдағы 10 қаржылық әдет һәм дағдыны бойға сіңіруге тырысыңыз. Сонда талай күндік азық, өмірлік тәжірибе болады.
№1 әдет. Табысты есептеу, есеп жүргізу. Қанша жерден жауыр болса да, бұдан аттап өту мүмкін емес. Себебі шығынды үнемі есептеп жүру керек. Одан қала берді, қанша қаражаттың қайда кетіп жатқанын, тиімді әлде тиімсіз жұмсалып жатқанын саралауға септігін тигізеді. Егересеп жүргізбейтін болсаңыз, біраз қателікке бой алдыруыңыз мүмкін. Әрі оның салдары да тым ауыр болуы ғажап емес. Сондықтан бірінші кезекте шығындарды түрлі категорияға бөліп, бақылауға алу қажет. Бұл сіздің қаржылық әдет қалыптастырудағы ең алғашқы баспалдағыңыз болсын!
№2 әдет. Табыстың белгілі бір бөлігін кейінге алып қою, жинау. Мұны да қатып қалған ереже деп бекітіңіз де, соны берік ұстаныңыз. Егер тапқаныңыздың бір бөлігін артқа алып қоюды үйренбесеңіз, ақшаны ауаға жұмсауды тоқтатпайсыз. Өйткені жинақ ретінде артқа қойылмаған ақша әйтеуір жылыстап, әмияннан не картадан «қашып» кетеді. Жалпы алғанда мынадай бір қызық дерек бар. Адамда неғұрлым ақшасына бақылау болмаса, оның шығындары да есепсіз көп болады екен. Демек, ақшаға бақылау ұстағанда, шығын азаяды деген сөз. Егер тапқан-таянғанның бәрін құртатын болсаңыз, ешқандай инвестицияламай, басқаша пайдалы бағытқа салмайтын болсаңыз, үлкен қаржылық мақсаттар қоюға, оған жетуге ешқашан талпына алмайсыз. Сол себепті тапқанның бәрін құртпай, жинауды үйрену керек. Сонда ғана мақсаттар қойып, шығындарды жоспарлап, ақшаны көбейтуге жол ашылады.
№3 әдет. Барынша тиімді бағамен алуға тырысу. Бұл жерде сізге бәрін үнемдеңіз, тек жеңілдікпен алыңыз деп тұрғанымыз жоқ. Бар болғаны барынша тиімді баға қойылатын кезде алып қалуға тырысу керек.Ақыры сапасы сай болып тұрса, тауарды не қызметті әдеттегісінен де арзандауға алған кімге ұнамайды? Сонымен бірге, эмоцияға беріліп бірінші кірген дүкеннен іліп ала салмай, біраз уақыт шығын болса да, бағаны салыстырып, ең тиімдісін таңдаған әлдеқайда ұтымды. Бар болғаны уақыт бөлуге дайын болатын кезде сауда жасауды әдетке айналдырыңыз. Жалпы ақша жаратқанда асығыстық танытқаннан гөрі салқын санамен ойланған жақсырақ. Әсіресе, саяхаттауға шығатын кезде осы әдет қажет-ақ. Асықпай ойланыңыз, салыстырыңыз, қараңыз. Басқа жерлерде қандай ұсыныс бар, қаншалықты тиімді, ұтымды бола ма? Тағы да айтамыз: уақыт шығындап, сол арқылы ақша үнемдеген — жақсы әдет. Бойға сіңіре бастасаңыз, миыңыз да тиімді ұсыныстарды тезірек «қағып» алатын болады. Әдетте тайм-менеджмент туралы кітаптарда уақыттың қадірін білуге шақырады. Біз бұған аса қарсылық танытып тұрған жқопыз. Бар болғаны тиімді ұсынысты іздеуге кетірген уақытты қаражатты басқару тәсілі, жеңілдік пен бағаны түсіруге құйылған инвестиция деп білгейсіз.
№4 әдет. Шығындарды жоспарлап үйреніңіз. Бір айдан кейін алатын затыңызды, үш айда ақша жинап сатып алатыныңызды жоспарлаңыз. Сондай-ақ, болуы мүмкін шығындар үшін де артық ақша ұстап жүріңіз. Жинауға кедергі болатын әдіс десек те, бұл әдетті де бойға сіңірген артық болмайды. Өйткені біз қолданатын біраз заттың белгілі бір қолдану мерзімі болады. Яғни көбі мәңгілік қолданатын емес. Айталық, теледидар, кір жуатын машина немесе қысқа толқынды пеш және т.б. Егер осылар аяқ-асты бұзылып қалса, әлгі шығындар үшін деп жоспарлаған ақшадан ала саласыз. Айтпақшы, табыстан айырылған қалған жағдайда кемі үш ай өмір сүре алатындай соманы жинау әдеті бөлек. Біз айтқан шығынды соның есебіне қоспаңыз. Ол — денсаулық не жұмысқа қатысты форс-мажорға. Ал мына әдет — күнделікті болып қалуы мүмкін тұрмыстық шығындарға.
№5 әдет. «Қайтсем табысымды арттырам?» деген ой басыңызды үздіксіз тұруы керек. Қаржылық жағдайыңызды реттеп, ойдағыдай өмір сүруге талпындыратын әдістердің бірі. Мұндай дағдыны қалыптастыруға бірнеше себеп бар. Оның біріншісі — инфляция. Өйткені нарық заманында курс ұдайы теңселіп тұрады. Барған сайын құнсызданып бара жатқанын көріп отырмыз. Ал уақыт өткен сайын шығын көбеймесе, азаймайды. Одан кейінгі себеп — табысты арттырудың артында тұрған даму. Сіз даму арқылы жағдайыңызды түзейсіз, жақсы өмір сүруге талпынасыз. Яғни білігіңізді арттырып, табыстың жаңа көздерін ашасыз. Түптеп келгенде әр жаңа білім, әр жаңа талпыныстың соңы жақсылыққа апаратын болса керек.
№6 әдет. Қаржылық сауатты нығайту. Жеке және отбасылық қаражатты басқару үйрену. Қазір ешкім «қаржылық сауаттың қажеті не?» деген сауал қоя қоймас. Себебі қаншалықты өзекті екенін көріп отырмыз. Әрі дәл осы қаржылық сауатқа байланысты табыс артады не кемиді. Бұған дейін айтқанымыздай, дамуға жұмсалған қаражат кеткен шығынды еселеп көбейтуге жол ашуы мүмкін. Сол сияқты өзіңіздің де, отбасыңыздың да қаражатын басқаратын адам ретінде дамуды қолға алсаңыз, демек табысыңыз тіпті аспандап кетуі бек мүмкін. Қолда қанша көп ақша болса да, дұрыс жұмсай алмайтын адам желше ұшыра салады. Ақша ешқашан көп әрі жеткілікті болмайды.
№7 әдет. Қаржылық мақсаттарды қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді деп бөліп қою. Егер сізде нақты мақсат болмаса, үнемдегеннен аса пайда болмайды. Сол сияқты еш мақсатсыз ақша жинаудың да мәні жоқ. Қарапайым ғана мысал, басыңыз ауған жаққа кетіп бара жатсаңыз, демек сізде нақты бағыт жоқ, адасып кетуіңіз, уақыт шығындауыңыз, келеңсіздікке тап болуыңыз мүмкін деген сөз. Тіпті еш келеңсіздік болмаған күннің өзінде бағытсыз жүру — ақылға қонымсыз дүние. Қаржылық мақсатсыз ақша жинау да соған ұқсас. Ең дұрысы, белгілі бір мақсатты көздеу. Байқасақ, оңай жолмен келген ақша сол күйі жоқ болып кетеді. Ал енді еңбекпен табылып, мақсат қою арқылы табылған табыстың жөні бөлек. Сондықтан жүзеге асу ықтималы жоғары, өзіңіздің көңіліңізді қуантатын мақсат қойып, соған жетуге талпыныңыз. Бір рет орындалған соң, қаржылық мақсат қоюға ынта ашыла түседі.
№8 әдет. Қаржылық жоспар құру, жаңартып отыру. Көпшілігі жинап бастағанымен, бір қараса қаражаты қажетсіз дүниелерге кетіп қалған болып шығады. Мұның басты себебі — жоспардың құрылмауынан. Яғни бір жылға арналған қаржылық жоспарыңызда қажеттіліктеріңізді дұрыс тізбегенсіз. Жинау деген жақсы-ақ. Бірақ адамда қажеттілік болады. Мысалы, қыстық етік, көктемгі пальто, жаздық көйлек т.б. Болмаса, үйдегі тұрмыстық техника ескіріп, жаңасын алу керек болуы мүмкін. Бәрін ескеруге тырысыңыз. Сөйтіп ір жылық жоспар жасап, соған енгізіңіз. Тіпті ол заттарды алмай қалған күннің өзінде жалпы есепте ұтылмай, керісінше ұтасыз.
№9 әдет. Жеке бюджет есебін жүргізу. Шығынды есептеу қаншалықты қажет болса, жеке бюджет есебін жүргізу де соншалықты маңызды. Өйткені бұл — қаржылық жоспарды орындау не орындамауға қатысты бақылау.
№10 әдет. Жинақты сақтау және көбейту. Егер сіз осыны әдетке айналдырмасаңыз, ақшаңызды сақтайалмайсыз. Әйтеуір бір жерден күтпеген шығын шығады, ақша айдалаға кете береді. Бірақ егер осы тізіп шыққан әдеттің бәрін бойға сіңірер болсаңыз, дұрыс қаржылық сауаттанып шыға келесіз. Сөйтіп осы оныншы кеңес — жинақта сақтау мен көбейту оңайға түседі.