Қазақстанда бағалы қағаздарды есепке алуды кім жүргізеді?

Жарияланды

Инвестор бағалы қағаздарға меншік құқығын қалай растай алады?

Қазақстанда бағалы қағаздарды есепке алуды кім жүргізеді? Бұл сұраққа Fingramota.kz сайты жауап берді.

Қазақстандағы бағалы қағаздарды орталықтандырылған есепке алу және сақтаумен «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ (Орталық депозитарий) айналысады. «Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚР Заңына сәйкес, ол қаржы реттеушісінің лицензиясынсыз депозитарлық және тіркеу қызметін жүзеге асырады.

Бағалы қағаздар нарығындағы Орталық депозитарийдің рөлін түсіну үшін банктік жүйемен ұқсастығын тексеріп көруге болады. Қазақстанда ол екі деңгейлі: бірінші деңгейдегі банк, яғни банктердің банкі – Қазақстанның Ұлттық Банкі және екінші деңгейдегі коммерциялық банктер бар. Бағалы қағаздар нарығында да солай: бағалы қағаздарды бастапқы есепке алуды жүргізетін бағалы қағаздардың жоғары деңгейдегі номиналды ұстаушысы – Орталық депозитарий және бағалы қағаздарды қайталама есепке алуды жүргізетін және тікелей инвесторлармен жұмыс істейтін бағалы қағаздардың төменде тұратын номиналды ұстаушылары бар. Соңғылары – бұл номиналды ұстаушы ретінде қызмет жүргізетін брокерлер және кастодиандық қызметті жүзеге асыратын, яғни клиенттердің бағалы қағаздарын есепке алу мен сақтау құқығына ие банктер.

Эмиссиялық бағалы қағаздардың, мысалы, қолма-қол ақшадан ерекшелігі оларды ұстап көруге не қалтаға немесе сейфке салып қоюға болмайтынын түсіну қажет. Олар материалдан жасалмаған, яғни бағалы қағаздарды номиналды ұстау құқығына ие болатын Орталық депозитарий, кастодиан-банктер немесе брокерлік компаниялардың есепке алу жүйелерінде жазбалар – цифрлық кодтар түрінде ұсынылған.

Инвестор жеке шоттан үзінді-көшірмені қалай ала алады?

Ол үшін инвестор онда активтің түрі, атап айтқанда мұның қандай бағалы қағаз екені, оның бірегей нөмірі мен үзінді-көшірме берілетін күндегі жағдай бойынша саны көрсетілетін жеке шоттан үзінді-көшірме алу үшін өзіне қызмет көрсететін делдалға, яғни брокерге немесе кастодиан-банкке жүгінуі керек.

Инвесторды қорғау қалай қамтамасыз етіледі?

Инвесторлардың бағалы қағаздарға меншік құқығын есепке алудың дұрыстығы және сақтау бағалы қағаздарды есепке алуға арналған шоттарды бөлу есебінен қамтамасыз етіледі.

Түсінікті болу үшін біз тағы да банктермен ұқсастықта қарастырамыз. Сіз банктік шотқа немесе депозитке қаражат салған кезде, банк оны өз ақшасы ретінде және клиент алдындағы кредиторлық берешек ретінде көрсетеді. Клиенттердің барлық ақшасы банктің бухгалтерлік балансына түседі.

Бұл жүйе брокерлерде қалай жұмыс істейді? Клиент брокер арқылы бағалы қағаздарды сатып алғанда, брокер бұл активтерді өз балансында көрсетуге құқылы емес. Брокер оларды меншікті активтер мен клиенттің активтеріне бөлуі керек. Сонымен қатар, клиенттің бұйрығынсыз брокердің клиенттік активтерді пайдалануға құқығы жоқ. Клиенттің активтерін: оның ақшасы мен бағалы қағаздарын қорғау шоттарды бөлу есебінен қамтамасыз етіледі.

Инвестордың жеке шотынан бағалы қағаздар «жоғалып кетуі» мүмкін бе?

Бағалы қағаздар нарығы бойынша қолданыстағы заңнама инвесторлардың құқықтарын сенімді қорғайды. Брокерлер көбінесе клиенттердің активтерін олардың бұйрығынсыз пайдалануға құқылы емес. Бұрын өз клиенттерінің бағалы қағаздарын оларды хабардар етпей пайдаланған нарықтың барлық жосықсыз қатысушылары ұзақ уақытқа лицензиясынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыз