Зейнетақы қорында қалуы тиіс қаржының жеткілікті шегі өсті
1 сәуірден зейнетақы қорында қалуы тиіс қаржының жеткілікті шегі өзгерді. Жаңа өзгеріске сәйкес, 2022 жылдың 1 сәуірінен зейнетақының бір бөлігін алу үшін 21 жастағы азаматтың есепшотындағы қаржы 3,2 миллион теңгеден асуға тиіс. Ал 22 жаста – 3,3 миллион теңге, 30 жаста – 4,4 миллион теңге, 40 жаста – 5,8 миллион теңге, ал 50 жаста – 7,4 миллион теңге, 59-62 жаста – 9,1 миллион теңгеден артық қаражат жинауы қажет.
2021 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енген еді.
Заңға сәйкес азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделудің ақысын төлеу, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалану құқығы берілген болатын.
Ал 2021 жылдың 3 желтоқсанында БЖЗҚ зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері күрт өсетінін хабарлады. Мұны ең төменгі жалақы мен зейнетақы төлемінің артуымен байланыстырды.
Жылжымайтын мүлік нарығының тәуелсіз сарапшысы Анна Шацкая БЖЗҚ-да қалуы тиіс жеткілікті шектің өсуі ипотекалық дағдарыстың басталуына ықпал етеді деген еді.
«Жеткілікті шегін 1,8 есе арттыру тұрғын үй жағдайын шешу үшін өз жинағын пайдалана алатын азаматтардың санын күрт қысқаруына себеп болды. Егер бұған дейін 2022 жылы жеткілікті шегі бар салымшылардың саны шамамен 390 мың азаматты құрайды деп болжанса, енді жеткілікті шегі артқаннан кейін бұл көрсеткіш екі еседен көп қысқарады» деді сарапшы.