2022 жылға арналған жаңа бюджет жобасында мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 доллар деп белгіленген. Бұл ретте ЖІӨ өсімінің болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға төмендетілді.
Бұл туралы 5 сәуірде өткен үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті.
«Мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 доллар деңгейінде белгіленген. Жоғарыда айтылғандардың негізінде экономиканың өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға төмендетілді» деді ол.
Жалпы ішкі өнімнің номинал көлемі 91,5 трлн теңгені құрайды, бұл бекітілген болжамнан 3,5 трлн артық. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу болжамы 3,5%-дан 2,9%-ға дейін төмендесе, құрылыста өсім 3,8% деңгейінде сақталады, ақпарат және байланыс саласында сұраныстың төмендеуі нәтижесінде 8,3%-дан 5%-ға төмендейді,
«Ұлттық банк болжамы бойынша экспорт 72,2 миллиард долларға дейін өседі, импорт 40,2 миллиард долларды құрайды.Инфляция дәлізі 8-10 пайызды құрап отыр» деді Қуантыров.
Республикалық бюджет кірісі 10,2 трлн теңгені құрайды, бұл бұған дейін бекітілген болжамнан 955 млрд теңгеге артық. Негізгі өсім мұнайдың қымбаттауы, теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының өзгеруі және мұнайға экспорттық кедендік баж салығыныі артуы есебінен болады.
Ұлттық қордан алынатын қаржы көлемі артып, кепілдендірілген трансферт көлемі 4 трлн теңгеге жетеді. Бюджет тапшылығы 3 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 3,3 пайызын құрайды. Республикалық бюджет шығысы 18,8 триллион теңгеге жетпек, бекітілген болжамнан 2,7 триллион теңгеге артық.
Үкімет мүшелері республикалық бюджетті нақтылау және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы (қордан тағы да ақша алу) тиісті заң жобаларын мақұлдады.