Қазақстан жікшіл Луганск Халық Республикасы мен Донецк Халық Республикасын мойындамайды. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты.
Оның айтуынша, Еуроодақ пен АҚШ-тың Ресейге қарсы бағыттап жатқан санкцияларына Қазақстан қосылмайды.
«Біз үшін екі нәрсе өте маңызды. Біріншіден, бұл санкциялардың Қазақстан экономикасының дамуына кері әсерінің болмауы, екіншіден, біздің территория бұл санкцияларды айналып өтетін жерге айналмауы» – деді ол.
Ол сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтің пікірі – ресми ұстаным екенін растады. Айта кетейік, Тимур Сүлейменов өткен аптада Euractiv-ке берген сұхбатында Қазақстан АҚШ пен ЕО-ның Ресейге қарсы санкцияларын айналып өту құралына айналмайтынын айтқан болатын.
«Ресей, Беларусь және басқа да елдермен экономикалық одақ құрамына кіргенімізбен, біз халықаралық қауымдастықтың бір бөлігіміз. Сондықтан, АҚШ пен ЕО санкциялары Қазақстанға бағытталғанын қаламаймыз» деді ол.