Байден Украинаға 100 миллион доллар көлемінде қосымша көмек көрсетуге бұйрық берді
Көмекке қорғаныс тауарлары мен әскери оқыту кіреді
АҚШ президенті Джо Байден Украинаға қосымша 100 миллион доллар әскери көмек көрсетуге бұйрық берді, деп хабарлайды Ақ үй.
АҚШ әкімшілігі жариялаған меморандумға сәйкес, Украинаға берілетін 100 миллион долларлық көмекке қорғаныс тауарлары, қызметтері мен әскери оқыту кіреді.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Украинаға 100 миллион доллар көлеміндегі қосымша әскери көмектің ішінде танкке қарсы жүйелер де бар екенін айтты.
Дүйсенбіде АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан АҚШ алдағы күндері Украинаға қосымша әскери көмек көрсететінін жариялайтынын айтты.
«Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастарынан әскери көмек күн сайын, соның ішінде бүгін де келіп жатыр және біз жақын күндері қосымша әскери қолдау туралы хабарлайтын боламыз», – деді Салливан Ақ үйдегі баспасөз брифингінде.
Ол Ресейдің арнайы операциясы басталғаннан бері АҚШ Украинаға 1,65 миллиард доллар көлемінде қару-жарақ пен оқ-дәрі бөлгенін атап өтті.