Жаңалықтар

БЖЗҚ тұрғын үй және емделу мақсатында 1,7 миллиондай өтінішті орындады

Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге

2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 2021 жылдың қаңтарынан бері БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға 1 317 739 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,1 трлн теңге қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге.

Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,7%), Нұр-Сұлтан қаласының (13,4%), Маңғыстау облысының (11,6%) тұрғындары тарапынан жолданған. www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат жарияланған. Мұндай ақпарат өңірлер бөлінісінде де берілген («Мақсаттар бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» және тиісінше «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» шағын бөлімдері).

Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар: «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ болып табылады. Орындалған өтініштердің едәуір (орындалған өтініштердің жалпы санының 95,30%) бөлігі «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, одан әрі «Қазақстан Халық банкі» АҚ (3,23%), «Банк ЦентрКредит» АҚ (1,39%), «Altyn Bank» АҚ (0,05%) және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ (0,03%) арқылы берілді.

Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй сатып алуға (түпкілікті есеп айырысу), жеке тұрғын үй салуға (меншікте жер телімі болған жағдайда) бағытталған – шамамен 2,0 трлн теңгеге (жалпы соманың 64,4%) 469 628 өтініш орындалды.

Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызын алуға (құрылысты қоспағанда), оны толық және ішінара өтеуге және қайта қаржыландыруға, сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша жеке тұрғын үй салуға (жер телімін сатып алуды қосқанда) жалпы сомасы 402,2 млрд теңгеге (13%) 276 303 өтініш орындалды.

Тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы аясында), ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті толық және ішінара өтеуге және оны қайта қаржыландыруға 378,6 млрд теңгеге (12%) 261 128 өтініш орындалды.

Тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымды толықтыруға әрі қарай жинақтау үшін 249,2 млрд теңгеге (8%) 274 506 өтініш орындалды.