Жаңалықтар

Назарбаевтың немересіне тиесілі компания тексерілетін болды

«Транстелеком» АҚ акциялары Нұрәлі Әлиевке қалай сатылғанына талдау жасалады


Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиевке «Транстелеком» АҚ акциялары қалай сатылғанына талдау жасалады. Компания жеке меншікке өткенде мемлекетке келтірілген ықтимал залалы да есептелмек. Бұл туралы экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия отырысында сөз болды, деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Отырыста Әзірбайжанмен арадағы келісімдердің орындалу мерзімі кешеуілдеуіне байланысты, «Транстелекомды» Каспий теңізі түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту құқығынан айыру ұсынылды.

Премьер-министр Әлихан Смайылов ҚР ЦДИАӨМ-ге аталған бірлескен жоба аясында қазақстандық операторды ауыстыру бойынша Әзербайжан тарапымен келіссөз жүргізуді тапсырды.

«Транстелеком» АҚ  – жергілікті, қалааралық және халықаралық байланыс, интернетке қосылу, мобильді радиотелефон байланысы, ұялы байланыс, ұялы радиобайланыс, жеке радиобайланыс және басқа да телекоммуникация қызметтерін ұсынатын қазақстандық оператор.

2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша компания акцияларының 75%-ы  «UNIT TELECOM» ЖШС-не тиесілі. Бұл компанияға Тұңғыш президенттің немересі Нұрәлі Әлиев иелік етеді. «Транстелекомның» 25 пайызы ҚТЖ-ға тиесілі.

Нұрәлі Әлиев «Транстелекомды» 2021 жылдың тамыз айында сатып алған. Бұл туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.