Теңге рубльден тәуелсіз бола ала ма?
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев төлем балансы тұрақталып, экспорт операциясы мен ағымдағы шот импорттық операцияны жапқан кезде теңге доллар мен рубльге тәуелді болмайды деген еді.
Демек, валюталық түсімдер, өндірістік сектор мен экспорттан түсетін пайда әжептәуір көбейген кезде тәуелділіктен арылады. Алайда ол үшін импортты азайтып, ел ішінде көбірек өнім өндіру қажет. Соның есебінен экспорттық пайда табуға болады, ал бұл валюта ағынын елге әкеледі. Алайда министр мұның дәл қазір қанша пайыз орындалып жатқанын нақтыламады.
Осы орайда Kursiv Media тілшісі экономистерден теңге қандай жағдайда рубльге тәуелді болмайтынын сұрады.
Экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, Қазақстан валютасы рубльден тәуелсіз бола алмайды және оның қажеті де жоқ.
«Рубльден тәуелсіз болуға ұмтылғаннан гөрі, бірге әрекет жасау керек. Себебі Қазақстан мен Ресей көрші орналасқан және бізден дамыған ел. Керісінше Еуразиялық экономикалық одақ аясында әріптестікті дамытқанымыз дұрыс».
Сапарбай Жұбаев, экономист
Ал теңге құнды болуы үшін өз экономикамызды дамытуымыз керек. Алдымен жемқорлыққа шектеу қою керек, мемлекеттік компанияларды жекешелендіру де пайдасын береді. Ауыл шаруашылығы саласында жерді дихандарға жекешелендіру арқылы меншікке беру де экономикаға оң әсер етеді.
Ұлттық валютаның нығаюы үш факторға байланысты. Олар: төлем балансының ағымдағы шоты, мұнай бағасы, рубль бағамы. Ал рубль бағамы Ресей мен Украина арасындағы соғыс нәтижесіне байланысты болмақ.
Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков ел билігі қазір қандай жағдайда теңге бағамы рубль бағамына тәуелді болмайды деген сұрақты бізде күн тәртібінде қоймайтынын алға тартты. Айтуынша, Ұлттық банк мұнымен айналыспайды. Үкімет те бұл мәселені көтеріп отырған жоқ.
«Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара 7,5 мың шақырымға созылып жатыр. Соған байланысты екі елдің экономикалық, шекаралық, сауда байланысы өте тығыз дамиды. Мұны Қазақстан импортының 40%-і Ресейге тиесілі деген статистикалық мәліметтер растайды. Сондықтан рубль бағамы теңгеге сөзсіз әсер етеді. Егер Ұлттық банк рубль бағамы құлдыраған кезде теңгені қалыпты ұстап тұрса, шекаралас орналасқан жеті облыстағы кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігі төмендеп кетеді».
Қайырбек Арыстанбеков, Экономикалық саясат институтының директоры
Экономистің айтуынша, теңге бағамы рубль бағамына екі жағдайда тәуелсіз болады. Біріншіден, макроэкономикада бухгалтерлік есепшот болады. Жеке кәсіпорындарда бухгалтерлік есепті бухгалтер жүргізсе, Қазақстан бойынша бухгалтерлік есепшотты Ұлттық банк жүргізеді. Оны төлем балансы деп атайды. Осы төлем балансында агрегаттық, теңгерімді көрсеткіш бар. Соны зерттеп, талдап, қорытынды жасағанда бізде 30 жыл бойы 4 валюталық «жыртық» сақталғаны анықталды. Демек, Ұлттық банк пен үкімет валюталық «жыртықтарды» осы күнге дейін жамай алмай келе жатыр.
Рубльден тәуелсіз болу үшін 4 валюталық «жыртықтың» кемінде екеуін жамау қажет.
Екінші жолына келсек, Қазақстан импортындағы Ресейдің үлес-салмағы – 40%. Егер үкімет сыртқы экономикалық саясаттың сапасын көтерсе, Ресейдің еліміздің импортындағы үлес салмағы 20%-дан төмен болған кезде, теңге бағамының рубльмен байланысы болмайды.
Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2021 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 24,2 миллиард АҚШ долларын құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 29,1%-ға артық. 2020 жыл бұл көрсеткіш 8,8 миллиард долларды көрсетті. Жалпы алғанда Қазақстанның 2021 жылы шетелдермен тауар айналымы 101,5 миллиард теңгені көрсетті. Негізгі серіктес елдердің үштігінде Ресей (24,2 млрд доллар), Қытай (18,2 млрд доллар), Италия (9,6 млрд доллар) бар.