Қазақстан Ресейге салынған санкцияларға қосылмайды

Жарияланды
Экономикалық немесе саяси санкцияларды қолдану – халықаралық дау мен қақтығыс шешудің тиімді жолы емес

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Хабар 24»  телеарнасына берген сұхбатында «Қазақстан Ресей Федерациясына қарсы санкциялық қысымға қосылып, оның мүддесіне нұқсан келтіретін қадамға баруға ниетті емес» деп мәлімдеді.

« Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарымен енгізілген санкцияларды қоспағанда, санкцияларды мемлекетаралық қарым-қатынаста қысым жасау құралы ретінде қолдануға қарсы. Кез келген экономикалық немесе саяси санкцияларды қолдану – халықаралық дау мен қақтығыс шешудің тиімді жолы емес. Сондықтан, Қазақстан Ресей Федерациясына қарсы санкциялық қысымға қосылып, қандай да бір түрде Ресей мүддесіне нұқсан келтіретін және серіктестік рухқа қайшы келетін қадамға баруға ниетті емес. Өзінің ұлттық мүддесін қорғай отырып, Қазақстан бұл санкциялар экономикамыздың дамуына елеулі әсерін тигізбеуі үшін бар күшін салып жатыр» деді Мұхтар Тілеуберді.

Министрдің айтуынша, Қазақстан үкіметі қазіргі уақытта осы мәселелер бойынша Батыстағы әріптестерімен кеңес жүргізіп жатыр.

 «Қайталама санкцияларды болдырмас үшін  және елімізге, өндірушілер мен экспорттаушыларға кері әсерін азайту үшін Қазақстан санкцияларды айналып өтуге қандай да бір мақсатты қадам жасауға ниетті емес» деді министр.

 Бұл ретте Қазақстан ЕАЭО мен ДСҰның толыққанды мүшесі бола отырып, Ресей және басқа да елдермен сауда-саттық қарым-қатынасын одан әрі дамыта береді.

Бұған дейін СІМ Қазақстан ЛХР мен ДХР-ді тәуелсіз ел деп мойындамайтынын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз