Қазақстандық Сбербанк пен Альфа банк АҚШ санкцияларына ілікті

Жарияланды
Ресейлік екінші деңгейлі банктердің еншілес компаниялары Kursiv.media сайтына түсініктеме берді

6 сәуір күні қазақстандық еншілес қаржы ұйымдары – Сбербанк пен Альфа-Банкке қатысты толық блоктау санкциясы салынды. Бұл шектеу осы банктердің Америка Құрама Штаттарындағы активтерін бұғаттау, Америка Құрама Штаттарының азаматтары мен компанияларына олармен кез келген транзакция жасауға тыйым салуды қамтиды. Бұл туралы Ақ үй сайтында хабарланған.

Толық блоктау санкциясы Сбербанк пен Альфа-Банктің бас компанияларына да салынған. Хабарламада Сбербанкке ресейлік банк секторы активтерінің үштен бір блігі тиесілі және Ресей экономикасында маңызы бар қаржы ұйымы екені атап өтілген. Альфа-Банк – елдегі ең ірі жеке қаржы институтының бірі және Ресейдегі төртінші ірі қаржы институты.

Kursiv.media қазақстандық еншілек екі банк пен ресейлік Сбербанктен түсініктеме беруді өтінгенімен,  кеше сағат 14:30-ға дейін жауап ала алмаған. Сағат 16:30-да Альфа-Банк несие беруді тоқтата тұрып, қолма-қол ақша алуға лимит енгізгенін хабарлады. Сондай-ақ, банк бөлімшелерінде қолма-қол ақша алу уақытша қолжетімсіз.

Сбербанк Kursiv.media сайтының ресми сауалына жауап ретінде екінші деңгейлі банк қалыпты жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

«Енгізілген санкциялар банктің жұмысына және қазақстандықтарға қызмет көрсетуге ешқандай әсер етпейді, өйткені жүйе бұрын енгізілген шектеулерге бейімделіп қойған» – делінген хабарламада.

Сондай-ақ банк «Сбербанк» АҚ ЕБ депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің мүшесі екенін еске салды. Қазақстандықтардың депозитінің сақталуына Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры заң жүзінде белгіленген сомал шегінде кепіл береді. Кепілдіктер депозиттерге де, ағымдағы шоттардағы және төлем карталарындағы ақшаға да жүреді.

Алайда ақпан айында кейбір қазақстандық еншілес банктердегі депозиттердің азайғаны байқалады. Жеке тұлғалардың Сбербанктегі депозиттері бір айда 78 млрд теңгеге, заңды тұлғалардың қаражаты 250 млрд теңгеге азайды. Альфа-банкте жеке тұлғалардың депозит көбейгенімен, заңды тұлғалардың салымдары 78 млрд теңгеге кеміді. Оның үстіне бизнестің ресейлік еншілес компаниялардан  депозиттерін шешіп алу үрдісі қаңтар айынан басталған. Нәтижесінде жыл басынан бері заңды тұлғалардың шоттарындағы қалдық Альфа-Банкте 25,5%-ға, Сбербанкте 25%-ға қысқарды.

ЕДБ арасында жиынтық актив көлемі бойынша екінші орында тұрғын Сбербанк  ақпан айының соңында үшінші орынға сырғыды. Активтері бір айда 488 миллиард теңгеге азайып, 3,7 трлн теңгені құрады. Альфа-Банк наурыз айының басында 908 млрд теңге активімен 11-орында тұрса,  бір айда  актив көлемі 18 млрд теңгеге кеміп кеткен.

Ресейлік банктерге қарсы санкциялар  Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін басталды. Ақпан айының соңында Сбербанк АҚШ-тың санкциясына ілікті. Алайда, РБК хабарлауынша,  бұл банк «толық блоктау санкцияларына» (SDN тізімі) ұшырамаған, бұл несие ұйымдарының АҚШ долларындағы барлық активтері мен шоттарын блоктауды және доллар жүйесінен іс жүзінде оқшаулауды білдіреді.

Наурыз айының соңында Сбербанк басшысы Герман Греф, банк басқармасының бірінші орынбасары Александр Ведяхин және басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Лев Хасис ағылшындардың санкциясына ілікті. Осыдан кейін АҚШ неміс Грефке қарсы шектеу енгізді.

Альфа-банк акционерлері  – Михаил Фридман, Петр Авен және Герман Ханға да санкция салынды. Банк акцияларының 50%-дан астамы шектеуге ұшырамас үшін ABH Holdings тобының акционерелірің құрылымы өзгертілді. ABH Holdings акционерлерінің жаңа құрамы келесідей: Андрей Косогов – 40,96% (бұрын 3,7%), Михаил Фридман – 32,86%, Петр Авен – 12,4%, Unicredit (UniCredit S.p.A.)  –9,9% және The Research Foundation for Cancer. – 3,87 пайыз акцияға иелік етеді. Герман Хан мен Алексей Кузьмичев ABH Holdings SA (Люксембург) акционерлері құрамынан шықты.

Наурыз айының  басында Fitch агенттігі Сбербанк пен Альфа-Банктің қазақстандық еншілес ұйымдары рейтингін олардың бас қаржы институттарының рейтингісінің нашарлауына байланысты төмендетті. Наурыз айының соңында бұл екінші деңгейлі банктердің рейтингтері толығымен алынып тасталды.

Наурыз айының басында Сбербанк пен Альфа-Банк Kursiv.media сайтына Қазақстаннан кетуді жоспарлап отырмағанын айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз