2022 жылды отандық қаржы нарығы үшін жайлы бола қояды деу қиын. Жеткізу тізбектеріндегі проблемалардың әлі күнге жойылмауы, азық-түлік пен шикізат бағасының өсімі, геосаяси тәуекелдердің әлі де бар екені нарықтағы қолайлы ахуалға әлсін-әлсін залалын тигізіп жатыр. Ұлттық банк төрағасы осылай деді.
Оның айтуынша, проинфляциялық тәуекелдердің күшеюіне байланысты дамыған елдер, соның ішінде АҚШ ақша-несие саясатын қатаңдатуға көшті.
«Қазақстанда инфляция 2016 жылдың қыркүйегінен бері ең биік межесіне жетіп, бір айда 8,7-ден 12 пайызға дейін жылдамдады. Баға өсімі 10,0-ден 15,4 пайызға дейін жеделдеген (бір айдағы өсім 5,8 пайызды құрап отыр) азық-түлік бағасының өсімі инфляцияға елеулі әсер етті. Орамжапырақ, қант, картоп, қызанақ өнімдері бойынша айтарлықтай жылдық баға өсімі байқалады. Наурыздың төртінші аптасының (24-29 наурыз) қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жылдық мәнде 18,6 пайызға дейін көтерілді. Көбінесе бұл өсімге наурыздың екінші аптасында белгілі бір азық-түлік тауарларына сұраныстың серпіні ықпал етті. Наурыздың соңғы аптасында 1,3 пайызды құраған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының апталық баға өсімі тұрақтанып, сәуірдің алғашқы аптасында 0,9 пайызды құрады» деді Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Ақылы қызметтер бағасы 7,1-ден 8,3 пайызға дейін жеделдеген. Бұл бірқатар нарықтық қызметтер бағасының артуымен байланысты.
«Проинфляциялық тәуекелдердің артуын ескерер болсақ, инфляция әлі де жоғарылайды деп болжаймыз. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан алдын алу шаралары қабылданып, бағаның маусымдық өсуіне жол берілмеу қажет. Елді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі әрдайым бақылауда ұсталғаны жөн. Ол үшін өңірледің қажеттілігін ескере отырып өңіраралық тауар байланысын дер уақытында ұйымдастыру қажет. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін бөлшек сауда үстемесінің сақталуын тиімді бақылау маңызды» деді Пірматов.
Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы наурыз айында 990,5 млн долларға интервенция жасалғанын да атап өтті. Наурызда ресейлік рубльдің айырбастау курсының құбылмалылығы және геосаяси тәуекелдер теңге курсына айтарлықтай қысым көрсеткен еді. 16 наурызда биржалық саудада теңге курсы 512,17-ге дейін жетті.
«Ұлттық Банк қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін шектеу үшін белгілі бір күндерде валюталық интервенциялар жүргізді, оның көлемі 2022 жылғы наурызда 990,5 млн долларды құрады. Сондай-ақ теңгеге бюджетке трансферттердің Ұлттық қорынан 891 млн доллар сомасында сату және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 233,4 млн доллар сомасында валюталық түсімдердің бір бөлігін сату да қолдау білдірді. Наурызда теңге курсы 5,7 пайызға дейін нығайып, 1 доллар 467,03 теңгені құрады. Ұлттық валюта курсының күшеюі сәуірде де сәтті жалғасып, 11 сәуірде 449,63 теңгеге дейін түсті» деді Ұлттық банк төрағасы.
Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова интервенция жүргізу алтын-валюта активтеріне қалай әсер еткенін түсіндірді.
«Бір ай ішінде алтын-валюта активтері 310 млн АҚШ долларына төмендеді. Төмендеу валюталық интервенциялар жүргізу және сыртқы борышты төлеу есебінен орын алды. Алтын-валюта резервтері Қазақстан теңгесінің ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қалыптастырылатынын атап өткім келеді. Бұл ретте қазіргі сәтте резервтер деңгейі импорт айларының өтеу деңгейіне қарай жеткілікті саналады. Келеңсіз факторлардың әсері наурыз бойы алтын бағасының бір унция үшін 1903 доллардан 1924 долларға дейін немесе 1,1 пайызға өсуімен және екінші деңгейдегі банктердің валюталық шоттарындағы қалдықтардың ұлғаюымен ішінара теңестірілді. Мен бұған дейін алтынвалюта қоры құрамындағы алтын үлесінің жоғары екенін, яғни үштен екіден астам бөлікті құрайтынын атап өткен едім. Бағалы металдардың бағасы геосаяси аренадағы шиеленістің сақталуына байланысты жоғары деңгейде қалып отыр. Алтын-валюта резервтерінің теңгерімді құрылымын қолдау және олардың өтімділігін арттыру мақсатында бағалы металға сұраныс жоғары болған жағдайда, Ұлттық Банк алтынды тұрақты валютаға сатады. Біз халықаралық резервтерді әртараптандыру үшін алтын үлесін қысқартуды жалғастырамыз» деді ҰБ өкілі.
Кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді 470 млрд теңгеге бөлу мақсатында алдыңғы айда валюта нарығында 891 млн АҚШ долларына немесе 448 млрд теңгеге активтер сатылған. Трансферттердің бір бөлігі теңгемен шоттағы қалдықтар мен Ұлттық қорға түсетін теңгедегі түсімдер есебінен қанағаттандырылғанын атап өткен жөн. Бұл ретте, наурызда шетел валютасындағы түсімдер 207 млн АҚШ долларын құрап отыр.