Жаңалықтар

Ипотекалық кредит үшін төлем жасамаса не болады? 

Кредитор кепіл мүлкін соттан тыс не сот тәртібімен сата ала ма?

Егер қарыз алушы ипотеканы төлеу жөніндегі өз міндеттемелерін орындамаса, кредитор кепіл мүлкін соттан тыс не сот тәртібімен сата алады. Бұл туралы fingramota.kz сайты хабарлады.

Кепіл ұстаушы борышкерге жылжымайтын мүлікті соттан тыс тәртіппен өткізуді жүргізудің басталғаны, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікке сот тәртібімен өндіріп алу мүмкіндігі туралы хабарлама жіберуге міндетті.

Кепіл беруші жылжымайтын мүлікті өткізуді жүргізудің басталғаны туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде кепіл ұстаушының алдында көрсетілген мүлікті дербес өткізу туралы өтінішхат беруге құқылы.

Ипотека туралы Заңның 20-1-бабына сәйкес 2022 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда кепіл ұстаушының өтінішхаты бойынша кепіл берушіге кепіл мүлкін ең төмен бағадан төмен емес бағамен үш ай ішінде дербес өткізу мүмкіндігін беру міндеті енгізілді.

Кепіл ұстаушы белгілейтін кепіл мүлкін өткізудің ең төменгі бағасы жасалған күнінен бастап 6 айдан аспайтын уақыт өткен бағалау туралы есепте көрсетілген бағалау құнының 75%-ын құрауға тиіс. Бағалау ҚР бағалау қызметі туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Дербес өткізудің ең ұзақ мерзімі тараптардың келісімі бойынша белгіленеді.

Кепіл ұстаушы ипотеканы дербес өткізу мүмкіндігін беру туралы хабарламаған жағдайда, кепіл беруші, яғни қарыз алушы кредиторға өз өтінішхатын жіберген күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң мүлікті ең төмен құнынан төмен емес құны бойынша үш ай мерзімде дербес өткізуге құқылы. Егер кепіл беруші ипотеканы көрсетілген мерзімде сата алмаса, онда кепіл ұстаушы кепіл мүлкін соттан тыс (сауда-саттық жүргізу) не сот тәртібімен сатуға құқылы.