Қаржыгер сарапшылар несие рәсімдеу кезінде «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керегін әрдайым айтып келе жатыр. Оны рәсімдеуге аса мән беріп, байыппен қарау керек. Бұл ретте қаржы құралын қалай дұрыс пайдалану, кредиттік шартқа қол қою кезінде неге назар аудару керек және банктермен қалай өзара іс-қимыл жасау керек екендігі туралы мамандар жете түсіндіреді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьевтің айтуынша, несие алмай тұрып адам «осы қарыз маған шын мәнінде қажет пе, жоқ па?» деп ойлануы керек.
«Шұғыл қажеттілік болмаса, қарыз ресімдемеңіз, әсіресе дүрбелеңге бой алдырмаңыз және тағы бір теледидар немесе қажет емес гаджет сатып алмаңыз. Кредит – бұл, ең алдымен, қарыз алушы ретінде сіз белгілі бір уақыт ішінде орындауыңыз керек міндеттеме. Сондықтан, егер сіз кредитті төлей алатыныңызға сенімді болмасаңыз, алмаңыз, жеке бюджетіңізге қосымша ауыртпалық түсірмеңіз. Банкке немесе микроқаржы ұйымына (МҚҰ) бармас бұрын, кідіріс жасап, қаржылық жағдайыңызды нақты бағалаңыз. Барлық тәуекелдерді саралаңыз. Қарыз жүктемесінің коэффициенті деген бар, яғни, ай сайынғы несие төлемі кірістің 50 пайызынан аспауы тиіс. Сонда ғана ол қауіпсіз болып саналады. Кредит бойынша ай сайынғы төлемді төлегеннен кейін сізде ағымдағы шығындар мен жеке қажеттіліктерді өтеу үшін қаражат болуы керек» деп түсіндіреді.
Ал егер клиент расымен несиені нағыз қажеттілік үшін алар болса онда түрлі банктер мен МҚҰ-лардың несие ұсыныстарын саралап, сүзгіден өткізгені жөн. Тартымды жарнамаға сенудің қажеті жоқ. Маманның айтуынша, клиенттер пікіріне, банктің қаржылық көрсеткіштеріне ғана мән берген абзал.
«Кредит алған достарыңызбен, таныстарыңызбен сөйлесіңіз. Олармен сөйлескеннен кейін иллюзия ықтималдығы азаяды. Банк қарызы немесе микрокредит, онлайн-кредиттерді тек Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар ұйымдарында ғана ресімдеңіз. Оның бар-жоғын Агенттік сайтының «Қаржы нарықтары» бөлімінде тексеруге болады. «Теріс пиғылды кредиторларды», тиімді, өте төмен мөлшерлемемен немесе артық төлемсіз кредит беруді ұсынатын делдалдарды айналып өтіңіз. Ең бастысы, мұқият зерделеп алмай тұрып, ешқашан кредиттік шартқа қол қоймаңыз. Сіз шартты өзіңізбен алып кетіп, оны тыныш жағдайда зерттей аласыз. Түсініксіз тармақтарды сіз кездесу кезінде банк немесе МҚҰ қызметкерімен талқылай аласыз. Егер сіз мұқият зерттеп алмай тұрып шартқа қол қойсаңыз, бұл оның барлық шарттарымен автоматты түрде келісетіндігіңізді білдіреді» дейді Терентьев.
Банк қарыз шартына қатысты толық ақпаратты жария етуге міндетті. Ол ақпарат қатарына мына нәрселер кіреді:
- Қарыз сомасы және валютасы;
- Қарыз мерзімі;
- Төлемдер саны;
- Сыйақы мөлшерлемесінің түрі (белгіленген немесе өзгермелі);
- Сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайызбен не белгіленген сомадағы мөлшері;
- Қарыз беру және оған қызмет көрсетумен байланысты комиссиялардың және өзге де төлемдердің атауы мен мөлшері;
- Өтелетін жалпы сома;
- Сыйақының қорытынды сомасы;
- Негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері;
- Сақтандыру шартын жасасу қажеттілігі және оны ұзарту мерзімдері;
- Банктің байланыс деректері;
- Банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес, оның ішінде қарызды мақсатсыз пайдаланғаны, сақтандыру шарттарын уақтылы ресімдемегені үшін айыппұлдың, өсімпұлдың өзге де түрлері және өзге де мәліметтер.
«Сіз қарыз шартының талаптарымен танысып, шартқа қол қоюға дайын болғаннан кейін, шарттың титулдық парағына назар аударуыңыз қажет. Титулдық парақта қарыз сомасы және мерзімі; сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері; жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері; өтеу әдісі және тәсілі бар. Онда сондай-ақ шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері туралы; қарыз алушының банкке банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін кешіктірудің туындау себептері, кірістері және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша өтініш беру құқығы туралы мәліметтер болады. Егер банктік қарыз шартының мазмұны бойынша түсініксіз жерлер болса, менеджерге сұрақтар қоюға ұялмаңыз, тараптардың құқықтары мен міндеттерін, төлем мерзімін өткізген жағдайда оның салдарын нақтылап алыңыз. Мүмкіндік болса заңгердің кеңесін алыңыз. Кредит ресімдеу – бұл үлкен жауапкершілік!» дейді агенттік өкілі.
Артық төлем сомасы соған тікелей байланысты болғандықтан, несиелеу мерзіміне ерекше мән беру керек дейді:
«Консультанттан қарызды ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу шарттары қандай екенін, айыппұлсыз және артық төлемсіз кез келген кезеңде мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі бар-жоғын анықтаңыз. Заңнамаға сәйкес банктердің қарызды мерзімінен бұрын өтегені үшін айыпақыны алуға немесе айыппұл санкцияларының басқа түрлерін қолдануға құқығы жоқ. Оған бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты айға дейін және бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін негізгі борышты ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайлары жатпайды. Бұл ретте сіз банкке пайыздарды кредитті пайдаланудың нақты күндері үшін ғана төлейсіз».
Қазір азаматтарымыздың несиені дер уақытында өтей алмай жатқан жағдайлары да жиі кездеседі. Солардың көбі коллекторлардан зардап шегіп те жатыр. Ереже бойынша егер қарыз алушы несие міндеттемесін орындамаса, онда төлем кешіктірілгеннен бастап 20 күн ішінде қарыз алушыға шартта көзделген тәсілмен бұл жағдай хабарланады.
«Егер қарыз алушының қарыз бойынша мерзімі өткен берешегі болса, кредитордан ешқандай жағдайда жасыруға болмайды. Жазбаша өтінішпен кредитті қайта құрылымдау үшін 30 күн ішінде банкке немесе МҚҰ-ға жүгіну қажет. Әрекет етпеген жағдайда, кредитор соттан тыс немесе сот тәртібімен қарыз сомасын немесе қамтамасыз етуді өндіріп алу туралы талап-арызбен сотқа жүгіне алады, берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке бере алады. Кредиттік ұйым қарыз алушының шотында бар немесе түскен қаражатты даусыз тәртіпте өндіріп алуға құқылы. Кредитор сондай-ақ қарыз шарты бойынша құқықты үшінші тұлғаға бере алады немесе қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа да шараларды қолдана алады» деп ескертеді маман.
2021 жылдан бастап банк жүйесінде жаңа шаралар енгізілді. Бұдан былай банктер міндеттемелерді орындау мерзімін 180 күнге кешіктіргеннен кейін сыйақыны, өсімпұлды (айыппұлдар мен өсімпұлдарды), комиссияларды және басқа төлемдерді төлеуді талап етуге құқылы емес.
«Қосымша келіспеушіліктерді реттеу үшін қарыз алушы тегін қызмет көрсететін банк омбудсманына жүгіне алады. Қандай жағдай болмасын, банкке, Агенттікке немесе Омбудсманға жүгінуді кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Борыштық міндеттемелер психика үшін ауыр зардаптарға әкеледі. Қарыздардың кенеттен пайда болуы, банкроттықтың алдында тұрған сәтсіз бизнесті кредиттеу, бұның бәрі борышкердің иығына түсетін ауыр жүк. Қарыз туралы ойлар паникалық шабуылдарға әкеледі, қорқыныш пен күйзеліс күйіне түсіреді. Сондықтан кредиттеумен байланысты мәселелерге байыппен және саналы түрде қарап, кредиттік жауапкершілікті арттырған жөн» дейді агенттік өкілі.