Альфа-Банк сатылатын болды
«Альфа банк» еншілес қаржы ұйымын сату жөнінде инвесторлармен келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қаржы институты хабарлады.
Банктің қазіргі жағдайын жақсарту мен тұрақтандыру үшін атқарылып жатқан шаралар жайлы басқарушы директоры Андрей Тимченко ресми мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қазір банкті сату бойынша келіссөз жүріп жатыр. Оннан астам инвестор банк құжаттары мен үзінді көшірмелерін зерделеп жатыр, жақын арада келісім жасалуы мүмкін.
«Банк акционерлері бірнеше күн болмаса да, бірнеше апта аясында ауысуы мүмкін» деп қосты Андрей Тимченко.
Сондай-ақ, оның айтуынша, банктегі жағдайды жақсарту мақсатында басқа екінші деңгейлі банктерге 100 миллиард теңге көлеміндегі несие портфелін сату бойынша да келіссөз жүргізіліп жатыр. Тимченконың айтуынша, бұл қысқа мерзімді ағымдағы жағдайды жақсартады, осылайша клиенттер ақшаларып алып, аудара алады.
2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша (Ұлттық Банк деректері) «Альфа-Банк» АҚ ЕБ актив көлемі бойынша (22 банк арасында) 908,6 млрд теңге көрсеткішпен Қазақстанның банк секторында 11-орында тұр. Банктің несие портфелі 564,4 млрд теңгені құрайды, несие берушінің активтердегі үлесі – 62,1%. Банк қалыптастырған провизия (22,9 млрд. теңге сомасында) қарыз алушылардың мерзімі өткен берешек сомасынан 4 есе артық.
2021 жылдың соңында «Альфа-Банк» АҚ ЕБ барлық негізгі қаржы көрсеткіштері бойынша өсім көрсеткен. Соңғы бір жылда банк активтері 147 млрд теңгеге өсті: салыстырмалы түрде алғанда өсу қарқыны орташа нарықтық құнның 20,7%-ын құрады. Банк несиесі 206 млрд теңгеге немесе 58,5%-ға өсті. Несие беру қарқыны бойынша бұл AQR 13 мүшесі арасындағы сектордағы екінші көрсеткіш: бүкіл нарыққа қатысты (+27,9%), Альфа-Банк екі еседен астам өсті. Бұл ретте банктегі NPL көлемі өткен жылдың соңында 1,9 млрд теңгеге (8,7 млрд-тан 6,8 млрд-қа дейін) азайды.
Альфа-Банктің 2021 жылғы таза табысы 32,6 млрд теңгеге жеткен. Өнімділік бойынша бұл AQR 13 қатысушысы арасындағы бесінші көрсеткіш (Halyk, Kaspi, Сбербанк және Forte-ден кейін). 2020 жылмен салыстырғанда «Альфа» табысы 7,9 млрд теңгеге немесе 32%-ға өсті.
Айта кетейік, 6 сәуірде қазақстандық еншілес компаниялар – Сбербанк пен Альфа-Банкке қарсы толық блоктау санкциясы енгізілген болатын. Бұған дейін Альфа-Банктің акционерлері Михаил Фридман, Петр Авен және Герман Ханға да санкция салынған болатын. Банк акцияларының 50%-дан астамы шектеуге ұшырамауы үшін ABH Holdings тобының акционерлік құрылымы өзгертілді.
ABH Holdings акционерлерінің жаңа құрамы келесідей: Андрей Косогов – 40,96% (бұрын 3,7%), Михаил Фридман – 32,86%, Петр Авен – 12,4%, Unicredit (UniCredit S.p.A.) – 9,9% және The Research Foundation for Cancer. – 3,87%. Герман Хан мен Алексей Кузьмичев ABH Holdings SA (Люксембург) акционерлерінен шықты.