Дамушы нарықтардың валюталарына қысым көрсетілді
Сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.
2022 жылдың 1-8 сәуір аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. АҚШ ФРЖ наурыздағы отырыстың хаттамасын жариялады. Онда отырысқа қатысушылардың басым көпшілігі келесі отырыстарда мөлшерлемені 50 б.т. арттырудың орынды болуы мүмкін екенін атап өтті. АҚШ ФРЖ басшылары реттеушінің балансындағы 8,9 трлн АҚШ долларына жеткен активтердің мамырда айына 95 млрд АҚШ долларына дейін қысқаруы мүмкін екені туралы белгі берді. Бұл факторлар дамушы нарықтардың валюталарына қысым көрсетіп, АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің өсуіне және АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюына әсер етті.
Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының серпіні төмендегідей қалыптасты:
Ресей рублі Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы геосаяси шиеленістің төмендейтіні күтілгендіктен 9,4%-ға (83,95-тен 76,08-ге дейін) нығайды. РФ Орталық банкі кезектен тыс шешім қабылдау барысында негізгі мөлшерлемені 17%-ға дейін 3 п.т. төмендетті;
Индонезия рупиясы 2020 жылғы сәуірден бастап инфляцияның 2,64% ж/ж-ға дейін ең жоғары қарқынмен жеделдеуіне байланысты мөлшерлеменің көтерілетіні туралы күтулердің күшеюі аясында 0,1%-ға (14 370-тен 14 362-ге дейін) нығайды;
Оңтүстік Африка ранды Moody’s халықаралық агенттігінің ОАР-дың тәуелсіз рейтингі бойынша болжамын теріс болжамнан тұрақты болжамға арттыруы (қазіргі рейтинг – Ba2, инвестициялық рейтингтен 2 сатыға төмен) аясында 0,1%-ға (14,66-дан 14,65-ке дейін) нығайды;
үнді рупиясы АҚШ ФРЖ хаттамасы жарияланғаннан кейін және АҚШ ФРЖ ақша-кредит саясатын жедел күшейтуді күтулерден кейін 0,2%-ға (75,79-дан 75,91-ге дейін) әлсіреді;
түрік лирасы наурызда инфляцияның 61,1% ж/ж-ға дейін қарқын алғаны туралы деректердің шығуы аясында 0,4%-ға (14,69-дан 14,75-ке дейін) әлсіреді;
Бразилия реалы АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюы және АҚШ МБҚ кірістілігінің өсуі аясында 0,9%-ға (4,66-дан 4,7-ге дейін) әлсіреді;