Шенділер мен шекпенділер жол-көлік оқиғасына негізінен жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін сақтамауы себеп болады дейді. Ішкі істер министрлігіндегі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстановтың айтуынша, 2600 апаттың 2500-іне жүргізушілердің салақтығы себеп болған. Тәртіп пен көлік жүргізу мәдениетінің жоқтығы апат санын арттырып тұр.
«Сондықтан жол ережелерін жақсы біліп қана қоймай, оларды әрдайым қатаң ұстану керек. Біз бұған назар аударуымыз керек. Алайда, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жолдағы қауіпті оңай еңсеремін деп ойлайды және көбінесе жол қозғалысының қарапайым ережелерін сақтауға немқұрайлы қарайды. Салдарынан, мұндай көзқарас жол-көлік оқиғаларына, ал бұл адамдардың өліміне әкеледі» деп атап өтті спикер.
Жол-көлік оқиғасында қаза тапқандар мен жараланғандардың төрттен бір бөлігін жаяу жүргіншілер құрайды екен. Жаяу жүргінші болу өте жауапты. Жолдағы қауіпсіздік жаяу жүргіншілерге де, жүргізушілерге де байланысты. Екі жақта да тәуекелдер бар деді спикер.
«Жаяу жүргіншілердің кінәсінен 88 жол-көлік оқиғасы болып, 22 адам қаза тапты, 69-ы жарақат алды. Барлық оқиғалардың 72 пайызы немесе 1 860 оқиға елдімекендер аумағында болған. Бұл дегеніңіз – қаза болғандардың 31 пайызы және зардап шеккендердің 64 пайызы. Назар аударғым келетін тағы бір мәселе – балалар ұшырайтын жол-көлік оқиғалары. Өкінішке қарай, 465 жол-көлік оқиғасында балалар зардап шеккен: 33-і қаза тауып, 592-сі жарақат алды. Әдетте, балалар ауыр жарақат алады. Көбінесе жол ережесін білмеу немесе оларды елемеу салдарынан жол үстінде ойнайтын, белгіленбеген жерлерде көшені кесіп өтетін, көлік құралдарына отыруды және олардан түсуді дұрыс орындамайтын балалар жол-көлік оқиғаларына тап болады» деді полковник.
Биылғы үш айда 1622 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліпті. Оның ішінде 1238 жол қозғалысы саласында. 11 млрд теңге сомасына айыппұл салу туралы мыңнан астам қаулы шығарылып, 6,9 млрд теңге өндірілген. Сондай-ақ 5671 мас жүргізуші ұсталған.
«5508 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды, 5553 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 15 тәулікке қамауға алу, 15 жылға жүргізуші куәлігінен айыру сияқты қатаң санкцияларға қарамастан мұндай бұзушылықтардың саны 7,5 пайызға өскені тіркелді. Егер бұл жүргізушілер мас күйінде рульге қайта отырса, оларға түрмеге қамау және өмір бойы көлік басқару құқығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін» деп еске алды полковник.
Айта кетейік, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілердің тәртібін арттыру мақсатында елімізде жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 16 900 камера орнатылған. Камералардың көмегімен анықталған бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 5,2 млрд теңгеге 518 000 ұйғарым ресімделді. Олардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақмола, Қостанай облыстарында. 3,6 млрд теңге сомасына 355 000 ұйғарым орындалып, 70 пайыз өндірілген.
Жалпы, соңғы бес жылда ел жолдарында 2 мыңнан астам адам қаза тауыпты. Тағы 20 мыңы түрлі деңгейдегі жарақат алған. Қазақстан жолдарының жұртты жалмап бара жатқаны қорқытады. Әрине, жоғарыда айтылғандай бұл ретте жүргізушілердің де кінәсі орасан. Сонымен бірге ел жолдарының сапасының төмендігі де көп жағдайда көлік апатына себеп болатынын ұмытпау керек сияқты.