«Қазақстан халқына» қорынан кімдерге көмек беріледі?

Жарияланды
Қор қандай режимде жұмыс істейді?

«Қазақстан халқына» қоры жұмысын бастағанына 3 айдан асыпты. Осы уақыт ішінде ұйымдастырушылық мәселелер толығымен шешімін тапқан. Қор енді қайырымдылық жұмыстарын бастауға дайындық жасап жатыр. Екі апта бұрын Қамқоршылық кеңес Қордың жұмыс жоспарын, жұмыстың негізгі бағыттары мен тәсілдерін бекіткен.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішевтің айтуынша, ұйым шотына 126 млрд теңге түскен. Бұл айтарлықтай қомақты сома, ол елеулі жұмыс атқаруға мүмкіндік береді. 

Біріншіден, денсаулық сақтау министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, бұл көмек Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілуі тиіс екеніне қарамастан, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етусіз қалған орфандық аурулармен ауыратын науқастардың тізімі айқындалған.

«Біз дәрі-дәрмекпен жеке қамтамасыз етуді қажет ететін орфандық аурулармен ауыратын 201 баланың бар екенін анықтадық. Тізім Денсаулық сақтау министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып жасалды. Сарапшылармен бірге білікті дәрігерлер, қамқоршылық кеңес мүшелері – біз көмек көрсете алатындай барлық ұйымдастырушылық мәселелерді пысықтауда. Қазіргі уақытта ең қиын нәрсе – шетелдік дәрі-дәрмек өндірушілерімен тікелей байланыс орнату, дәрі-дәрмектің көбі елімізде тіркелген, бірақ соған қарамастан біз осы дәрі-дәрмекті өндірушілермен тікелей байланыс орнатамыз. Тіркелмеген препараттар бойынша да солай болады. Қазір осы компаниялармен келісімшарттар пысықталуда» деді Жәмішев.

Ол сондай-ақ келесі жылы тізімдегі барлық балалардың бюджеттік өтінімдер бойынша мемлекет кепілдік берген көмекті ала алатынына үмітін білдірді.

Қазірге дейін қаза тапқан 19 және ауыр жараланған 106 Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне және Қорғаныс министрлігі мен Республикалық ұланның әскери қызметшілеріне жалпы көлемі 451 млн теңгені құрайтын материалдық көмек көрсетілген.

Сондай-ақ, қаңтар оқиғасында жазатайым қаза болғандардың туыстарына қаражат бөлінді. 

«Қаза болған үш азаматтың отбасы мүшелеріне ақшалай төлемдер жіберілді, олардың жазатайым оқиғаның құрбаны екенін құзырлы орган растады. Сондай-ақ зардап шеккен үш баланың және қайтыс болған екі баланың отбасыларына ақшалай төлемдер жіберілді. Жалпы төлем сомасы 44 млн теңгені құрады. Қазір қаза тапқан 13 бейбіт тұрғынның туыстарына ақша аудару үшін ақпараттары нақтылануда. СМА ауруына шалдыққан 20 бала мен 2 ересек адамға дәрі-дәрмек сатып алуға арналған келісімшарт қол қою кезеңінде. Жұлын бұлшықеттерінің атрофиясы бар 4 балаға Қазақстанда тіркелмеген қымбат тұратын Onasemnogen abeparvovec (Zolgensma) препараты сатып алынды. Қазір төрт науқасқа да дәрі-дәрмек енгізілді, дәріні қабылдау және дәріні енгізуден кейінгі қалыпқа келу кезеңі сәтті өтті» дейді қор төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.

Сонымен қатар, қор  кішкентай қыз баланы Мәскеу қаласына емдеуге жіберіп жатыр. Атырауда жүрегі ауыратын бала «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен санавиациямен Кореяның Сеул қаласына жеткізілген.

Шыңғысбаев қордың мемлекеттік емес ұйымдармен, қорлармен бірлесіп біраз жобаларды қолға алатынын да айтты. Қайырымдылық көмек көрсетуді жалғастыра отырып, «Қазақстан халқына» қоры мемлекеттік емес ұйымдармен, қорлармен бірлесіп бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ. Серіктес ретінде өтінім бере алатын ҮЕҰ, қорларға қойылатын критерийлер қордың ресми сайтында жазылған. Шыңғысбаеваның айтуынша, білім беру саласында ауылдар мен аудандардағы мектептің білім деңгейін көтеруге бағытталған бағдарлама әзірленеді.

«Денсаулық сақтау саласында орфандық дертке шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жобасы, трансплантациялауға, онкологиялық және онкогематологиялық патологияларға мұқтаж науқастарға қайырымдылық көмек көрсету жобалары, мүгедектерді (балалар мен ересектерді) арбамен, бионикалық протездерді оңалту үшін техникалық құралдармен қамтамасыз ету бағдарламалары жасалады» деді қор төрағасының орынбасары.

Қор шетелде өз бетінше емделуге шешім қабылдаған адамдарға көмектеспейді. Оның себептерін ұйым басшысы Болат Жәмішев түсіндірді.

«Біз шетелде емделу туралы өз бетінше шешім қабылдап, ақшасы таусылып жатқандардың өтініштерін қабылдамаймыз. Ем-домның құнын, орындылығын, қажеттілігін анықтауға мүмкіндік болмаған соң біз көмектесе алмаймыз. Біз түсінікті жүйенің бір бөлігі ғана бола аламыз. Шетелде емделуге ақы төлеу туралы 300 өтініш, сондай-ақ органдарды трансплантациялауға байланысты 200 ұқсас өтініш келіп түсті. Біз кездесулер өткізіп, көмегіміз тиімді болатын бағытты әзірледік. Ешбір жағдайда мемлекет көрсететін көмекті алмастыруға тырыспауымыз керек. Мемлекет шетелге жібереді. Бұл елімізде операция жасау мүмкін болмаған жағдайда ғана жасалады. Бұл шетелге жіберудің қажеттілігін, шарттардың талаптарын таңдау үшін ұйымдастырушылық мәселелерді анықтауды қамтитын тұтас жүйе. Біздің Қор кімнің жіберілетінін және кімнің жіберілмейтінін, қай медициналық орталықтарға жіберген дұрыс екенін анықтап, осы емнің құнын талқылай алмайды. Осының барлығымен уәкілетті орган айналысады және біз өзіміз үшін уәкілетті мемлекеттік орган шетелге жіберуді ұйғарған, бірақ қандай да бір техникалық мәселелермен, нормативтік-құқықтық актінің қандай да бір бабына сүйене отырып, пациентті жіберуден бас тартқан жағдайда, біз пациенттің пайдасына көмектесуге дайынбыз» деп түсіндірді Жәмішев.

Сондай-ақ оқыңыз