Жеңілдетілген автонесие шарттары қандай? Қандай көліктер ұсынылады?

Жарияланды
Жақын арада 4 пайыздық ставкамен автонесие беру басталады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жақын арада елімізде 4 пайыздық ставкамен жеңілдетілген автонесие бағдарламасының басталатынын жариялады. Бағдарлама аясында 100 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарланып отыр. Соның 30 млрд теңгеге жуығы өңірлердегі автобус паркін жаңартуға жұмсалмақ.

ШАРТ

Жеңілдетілген автонесие шарттары мынадай:

  • Сыйақы мөлшерлемесі – 4 пайыз;
  • Несие сомасы – 10 млн теңгеден аспайды;
  • Қаржыландыру мерзімі – 7 жылдан аспайды;
  • Алғашқы төлем – 0 пайыз;
  • Транспорт құралының құны – 15 млн теңгеден жоғары емес.

Несиені екінші деңгейлі банктер береді. Бағдарлама 2022 жылдың сәуірінің соңында іске қосылмақ.

Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін министрліктермен міндетті шарт көзделген. Оған сәйкес екінші деңгейдегі банктерде қарыз алушыларға қаржыландыруды ұсынудың мәртебесі мен мерзімін қадағалайтын автоматтандырылған жүйе болуы тиіс.

Сондай-ақ қарыз алушыға екі жылдың ішінде бір реттен артық автонесие алуға тыйым салатын шектеу енгізілген.

ПІКІР

«ҚазАвтоПром» басшылығы жеңілдетілген несие беруге байланысты өз пікірін білдірген.  

«Біз министрліктің халыққа арналған жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын қайта жаңғыртқанын қолдаймыз. Бірақ ол бағдарлама қайда өндірілгеніне қарамастан сатылымдағы барлық ресми маркаларды қамтуы керек деп санаймыз. Халықта таңдау болуы керек» дейді «ҚазАвтоПром» басқарма төрағасы Асқар Әміртаев.

Яғни, автонесие бағдарламасы елімізде құрастырылған көліктермен шектелмей, қазақстандық автомобиль нарығындағы барша автобрендтер қатыстырылуы керек дейді. Мұны мемлекет ескере ме, ескермей ме, ол жағы әлі белгісіз.

«Astana Motors» бас директоры Бекнұр Несіпбаевтың айтуынша, биыл жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясында шамамен 15-17 мың қазақстандық көлікті болады.

БАҒА

Ал бағдарлама аясында ұсынылатын Қазақстанда құрастырылған көліктердің бағасы қанша?

Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметі бойынша, 2022 жылдң қаңтар-ақпанында 133,6 млрд теңгеге барлық типтегі 14,3 мың транспорт құралы құрастырылған. Осы уақыт кезеңінде 7,3 мың жеңіл автокөліктер және коммерциялық техникалар сатып алыныпты.

2022 жылдың 7 сәуіріндегі жағдай бойынша халық ең көп сатып алатын Hyundai Accent моделі 7,09 млн теңге тұрған. Аталған брендтің өзге моделдері 10 млн теңгеден жоғары саудаланады екен. Танымал автокөліктер рейтингіне кіретін Chevrolet Cobalt пен Chevrolet Nexia 6,49 және 6,19 млн теңгеден сатылады.

Lada Granta бағалары 4,99 млн теңгеден, Kia Rio бағалары 8,09 млн теңгеден басталады. Сонымен қатар аталған автокөліктердің бағасы орналасқан қаласы мен дилеріне байланысты да өзгеріп отырады. Сондай-ақ құны 10 млн теңгеден төмен тұратын тағы бір автокөлік – JAC J7.

ЗАУЫТ

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегі бойынша қазіргі кезде елімізде 8 автомобиль зауыты жұмыс істейді. Жеңіл автокөліктер Қостанай мен Алматыда құрастырылады. Chevrolet, Lada, Kia, Renault, JAC және УАЗ маркаларын Қостанайдағы «Сарыарқа Автопром» зауыты шығарып жатыр. Сондай-ақ аталған зауытта MAN және SAZ коммерциялық транспорттары да құрастырылады.

Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Auto зауыттары Hyundai брендін – жеңіл көліктерді де, коммерциялық көліктерді де құрастырумен айналысады. Жүк көліктері Семейдегі «СемАЗ»-да құрастырылады. Ол жерде «Урал», ГАЗ, Shacman және Dongfeng маркалары жинақталады. Жүк көліктерін құрастырумен айналысатын тағы бір зауыт – «КамАЗ Инжиниринг» – Ақмола облысында орналасқан.

Шығыс Қазақстан облысындағы «Daewoo Bus Kazakhstan» кәсіпорны Daewoo, ГАЗ, ПАЗ және ЛиАЗ автобустарын құрастыруды жүзеге асырады. Ал Yutong автобус маркасын Сарандағы (Қарағанды облысы) QazTehna зауыты шығарып келе жатыр.

Автокөлік құрастыру зауыты Оралда да жұмыс істейді. «Уральскагрореммаш» зауыты Iveco маркасының жүк көліктері мен арнаулы техникаларын шығарумен айналысады.

КӨЛІК

Алдын ала дерек бойынша 10 млн теңгеге дейінгі категорияға 7 марка мен 24 модель ілігеді.

LADA

  • Granta (3,7 млн теңгеден бастап);
  • Niva Legend (5,3 млн теңгеден бастап);
  • Niva Legend 5D (5,7 млн теңгеден бастап);
  • Largus (6 млн теңгеден бастап);
  • Niva Travel (6,6 млн теңгеден бастап);
  • Vesta (5,8 млн теңгеден бастап);
  • XRAY (6,3 млн теңгеден бастап).

CHEVROLET

  • Spark (5 млн теңгеден бастап);
  • Cobalt (5,7 млн теңгеден бастап;
  • Nexia (5,4 млн теңгеден бастап);
  • Tracker (9,4 млн теңгеден бастап).

KIA

  • Picanto (7 млн теңгеден бастап);
  • Rio (7,3 млн теңгеден бастап).

HYUNDAI

  • Accent (6,7 млн теңгеден бастап);
  • Elantra (8,4 млн теңгеден бастап);
  • Creta (9,1 млн теңгеден бастап).

JAC

  • J7 (8,4 млн теңгеден бастап),
  • S3 (7 млн теңгеден бастап)
  • S5 (8 млн теңгеден бастап).

RENAULT

  • Arkana (8,3 млн теңгеден бастап),
  • Duster (7,4 млн теңгеден бастап)
  • Kaptur (7,9 млн теңгеден бастап).

УАЗ

  • Hunter (7,3 млн теңгеден бастап)
  • Patriot (8,4 млн теңгеден бастап). 
Сондай-ақ оқыңыз