Қазақстан Үкіметі ресейлік СБЕР-мен жасалған келісімнен бас тартты. Билік электронды үкімет жүйесін цифрлық платформаға көшіруде Сбердің көмегіне жүгінбейтін болды. Бұл туралы 15 сәуірде өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин мәлім етті.
«Қазіргі геосаяси жағдай мен оның мүмкіндіктерін қайта қарауға байланысты «ҰАТ» АҚ қазақстандық IT-компанияларды тарта отырып, платформа жасау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Оған шамамен 2-3 жыл кетеді, биыл жыл соңына дейін жаңа платформаның алғашқы қызметтері әзірленіп, қолданысқа енгізіледі» деді ол.
Еске салайық, 2021 жылғы 10 қыркүйекте Сбербанк пен Қазақстан Республикасының үкіметі eGov порталына балама ретінде Қазақстанның цифрлық платформасын құру туралы келісімге қол қойған болатын.