«Cбербанк» клиенттері енді несиесін Halyk Bank-ке төлейді. Нені ескеру керек?
Halyk Bank ресейлік еншілес банк «Сбербанктің» 330 млрд теңге көлеміндегі несие портфелінің бір бөлігін сатып алатын болды. Екі банк басшылары осы келісімді мақұлдап қол қойды. Келісім аясында Қазақстан Даму Банкінің жеңілдетілген несиелеуімен рәсімделген автонесие, кепілсіз несиелердің бір бөлігі, шұғыл қажеттілікке алынған займдар және ипотекалық несиелер қамтылады. Соңғы дерек бойынша «Сбербанктің» тұтынушылық займ портфелі 1,1 трлн теңгені құрайды.
«Біз клиент пен мемлекет алдындағы міндеттемелерді орындауға әркез тырысамыз. Қазір «Сбербанк Қазақстан» барлық мемлекеттік қаржыны, соның ішінде жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша берілген ақшаны түгел қайтарды. Несие портфелінің бір бөлігін сату қаржы әлемінде жиі кездесетін тәжірибе. Клиенттер басқа банктің қызмет көрсету бөлігіне еш ауыртпалықсыз ауысады. Біздің серіктес банк үшін бұл қарыз портфелін ұлғайтатын мүмкіндік. Осы келісімнің арқасында клиенттеріміздің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін біз де қосымша өтімділікке ие боламыз», деді «Сбербанк» ЕБ АҚ басқарма төрағасы Елдар Теңізбаев.
Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, «Сбербанк» жеке тұлғаларының қарыз портфелінің бөлігін сатып алу арқылы Halyk Bank отандық банк секторының тұрақтылығына қолдау білдірді. Қазіргі уақытта жеке тұлғалардың несиелерін көшіру процесі басталып кеткен. Бұл орайда несие бойынша қарыз қалдығы, несиелеу мерзімі, айлық төлем сомасы және несиелеу мөлшерлемесі еш өзгеріссіз қала береді. Несиені бір банктен басқа банкке ауыстыру клиент үшін ешқандай қосымша шығын тудырмайды.
Сонымен қатар бұл процес несие тарихына да әсерін тигізбейді. Ең бастысы клиенттің өзі негізгі қарыз және есептелген пайыз бойынша айлық төлем ережелерін бұзбаса болды. Ай сайынғы төлем уақыты да өзгермейді. Банк ауысқаны болмаса, басқа ештеңе де өзгермейді.
Егер «Сбербанктің» қарыз алушысы Halyk Bank клиенті болмаса, онда ай сайынғы несие төлемін жасау үшін Halyk Homebank мобилді қосымшасын жүктеуі керек. Сол арқылы тіркеуден өткен соң, бірден займды өтеуге арналған пластиксіз Halyk Bonus Digital цифрлы картасы ашылады. (Егер клиент қаласа пластик картаға да тапсырыс беруге болады) Ай сайынғы төлем сомасы автоматты түрде карта шотынан шешіліп отыратындықтан клиентке өзінің карталық немесе ағымдағы шотын толтырып отыруға тура келеді. Толықтыруды банк бөлімшелері (24 филиал және 565 сату каналы), Cash-in опциясы бар банкоматтар, банктің төлем терминалдары, Kassa24, QIWI төлем терминалдары арқылы толықтыруға, не болмаса өзге банктің карточкасынан цифрлы картаға аудару арқылы ақша салуға болады.
Егер клиент ай сайынғы төлемін «Сбербанк» ЕБ АҚ шотына 2022 жылдың 11 сәуіріне дейін жасаған болса, онда ай сайынғы төлем төленген болып есептеледі. Ал 11 сәуірден кейін төлеу керек болса онда оны Halyk Bank бөлімшелерінің бірінде жүзеге асырады. Егер ақшасы «Сбербанк» шотында қалса, қаржысын аталған банктің кез келген бөлімшесінен барып шеше алады. Әрі қарай клиент Halyk Bank-тің карточкалық немесе ағымдағы шотына ақша салып отырады, ай сайынғы төлемді банк өзі белгіленген мерзімде ұстап қалады.
Еске салсақ, осыған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен «Сбербанк» бірлесіп мәлімдеме жасаған болатын. Онда OFAC шешіміне сәйкес банкпен жасалған мәмілелерді аяқтау мерзімі тағы үш айға, 2022 жылғы 13 сәуірден бастап 2022 жылғы 12 шілдеге дейін ұзартылғаны айтылған.
«Тұтастай алғанда, Қазақстан СберБанкі қаржылық орнықтылықты көрсетіп отыр және салымдарға, кредиттерге қызмет көрсетуді, сондай-ақ ақша қаражатын қабылдау және беруді қоса алғанда, клиенттер алдындағы өз міндеттемелерін уақтылы орындауда. Банктің міндеттемелерін өтеу үшін өтімділіктің жеткілікті көлемін жинақтайтын шамамен 1,6 трлн теңге сомадағы жоғары сапалы несие портфелі бар. Қазіргі таңда Қазақстан СберБанкінде 400 млрд теңге мөлшерінде капиталдың жеткілікті қоры бар» деп мәлімдеді Агенттік.
Қазақстанда жұмыс істейтін тағы бір ресейлік еншілес банк «Альфа-Банкке» қатысты АҚШ санкциясы 2022 жылдың 6 мамырында күшіне енеді. Қазір банк басшылығы жаңа акционер іздеп жатыр. 6 мамырға дейін банкоматтан қолма-қол ақша алу, теңгеге аударым жасау, коммуналдық қызметтер ақысын төлеу сияқты теңге және рубльмен жасалатын операциялар қолжетімді. Банк басшылары – Михаил Фридман, Петр Авен және Герман Хан санкцияға ұшырағаннан кейін банк акциясының жартысынан көбі шектеуге ұрынбас үшін акционерлер құрамы өзгеретіні белгілі болған.