Тиісті агенттіктер мен құзырлы органдар жыл сайын елімізде еңбек ететін инвестициялық компаниялардың тізімін жариялап, лицензиясы бар ұйымға сеніңіздер деп қақсап жатқанына қарамастан жыл сайын бірнеше жүздеген адам алаяқ компаниялардың құрбанына айналады. Батпан құйрықтың далада жатпасы белгілі. 2021 жылдың өзінде 31 мыңнан астам азаматты қаржы пирамидалары алдап соғып, 54 млрд теңге көлемінде зиян шектірген.
Қазір ішкі істер органдар осы санаттағы 65 қылмыстық істі қарап жатыр екен. Онда 3 мыңнан астам жәбірленуші бар. Алаяқтар соңғы жылдары белең алған инвестициялық белсенділікті өз пайдаларына жаратуға тырысқан. Әлбетте, ол талпыныстары «нәтижесіз» де емес.
Олар өз жарнамаларында «инновациялық жоба», «тиімділігі жоғары бизнес», «бірегей», «аса тиімді», «табыстылыққа кепілдік береміз» деген секілді сөздерді қолданады. Бірде микроқаржылық ұйымбыз десе, енді бірде өздерін букмекерлік кеңсе, не болмаса тұтыну кооперативі деп таныстырады. Еш ұялмай инвестициялық пай қорымыз деушілер де бар. Алаяқтар танымал мессенджерлерде чаттар құрып, қатысушыларды түрлі ұтыс ойындарымен, сауалнамалармен және басқа да маркетингтік амалдармен тартады.
ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтың айтуынша, олардың көбінің басшылары мен құрушылары шетелде тұрады және шет мемлекеттердің азаматтары екен. Сондықтан Қазақстанның ІІМ шетелдік әріптестерімен бірлесіп жұмыс істейді
«ІІМ халықаралық байланыс арналары арқылы конвенцияларда көзделген тәртіп шеңберінде күдіктілердің тұрған жері анықталады, олардың активтері мен шетелдегі шоттарының, қылмыстық әрекет жасау нәтижесінде сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлкінің бар-жоғы тексеріледі. Бұл жұмыстардың нәтижесі ретінде «Teletrade D. J. Limited» басшылығына қатысты қылмыстық істі мысал етіп келтіріп өтейін, тергеу аясында басқа мемлекеттердегі (Армения, Латвия, Литва, Ресей Федерациясы және т.б.) шетелдік банктерде осы компанияның 700 мың доллар және 130 мың евро жиналған банк шоттары бар екені анықталды. Сондай-ақ, Түркиядағы қонақ үй және 3 пәтер түріндегі активтері табылды. Іс сотқа жіберілді» деді полковник.
Қаржы пирамидаларының жолын кесу мақсатында жасалған шаралар – сайттарды бұғаттау, ұйымдастырушыларды, филиалдарды, құрылымдық бөлімшелерді орнатудың нәтижесінде 180-нен астам қаржылық инвестициялық компаниялар мен фирмалардың қызметі тоқтатылған. 138 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың 50-і сотталған, қалғандарына қатысты сот талқылауы жүріп жатыр.
Мәселен, «Astex.kz» ЖШС, «ACD technology», және «Mudarabah Capital» ЖШС қаржылық пирамидалары өздерін үстеме табысты инвестициялар саласындағы табысты ұйымдар ретінде көрсеткен.
«Іс жүзінде, «ASTEX.KZ» ЖШС және «ACD technology» ЖШС мемлекеттік сатып алуға қатыспады, инвесторларға дивидендтер жаңа салымшылардың жарналары есебінен төленді.Пирамида жұмысы жарнамалауға танымал блогрелер тартылған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды өтеу мақсатында тергеуші күдіктілер мен олардың туыстарына тіркелген Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Алматы облысында орналасқан мүлікке тыйым салды. Бұл 4 жер учаскесі, 10 пәтер, 5 жеке үй, 2 автомобиль, 1 дүкен. Компанияның барлық есеп айырысу шоттарына тыйым салынды. Тыйым салынған мүліктің тағдырын сот шешеді» деді Санжар Әділов.
Осы қылмыстық іс шеңберінде 14 адам күдікті деп танылған. Сондай-ақ күдіктілер тізімінде 3 танымал блогер де бар. Олардың екеуіне «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданған. Жақында іс сотқа жіберіледі.
Ал «Gold Company LTD» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар қатарында Қазақстан мен Ресей азаматтары болған.Тергеу департаменті «Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық істі 2021 жылдың маусым айында аяқтап, сотқа жолдапты. Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаевтың сөзінше, осы қылмыстық іс бойынша 53 күдікті анықталған, оның 48-і сотқа берілді, бесеуі іздестіруге жарияланды.
«Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам адам жәбірленуші болып танылды. Келтірілген залал мөлшері 30 млрд теңгеден астамды құрады. Оны өндіру мақсатында тергеу барысында күдіктілердің қылмыстық жолмен табылған мүліктері анықталды. Олардың жалпы құны 2 млрд теңгеден астам сомаға бағаланды. Қазіргі кезде сот процесі Ақтөбе қаласында жалғасып жатыр» деді Қожаев.
Қаржы пирамидаларының қызметі туралы келтірген ақпарат құқық қорғау органдарының бірнеше рет ескертулеріне қарамастан, біздің азаматтарымыз өз ақшаларын күмәнді инвестициялық жобаларға салуды жалғастырып жатыр. Азаматтардың еңбекке жүгінбей, қысқа мерзімде байып кету ниеті олардың ақшасы қалып қана қоймай, одан әрі үлкен сомаларға несие төлеуге мәжбүр болуына әкеледі.
«Қаржы пирамидаларының негізгі белгілерін айта кеткім келеді. Бірінші, тартылған клиенттер үшін сыйақы беру. Егер сізге әкелген әрбір клиент үшін қосымша ақы төлеуге уәде берсе, бас тарту керек. Екінші, нарықтық деңгейден бірнеше есе жоғары кіріске кепілдік беру. Түрлі «инвесткомпаниялар» жоғары табысқа кепілдік бере алмайды, бұған заң жүзінде тыйым салынған. Егер біреу кепілдік берсе, онда бұл алаяқ. Үшінші. Қажетті лицензиялардың болмауы. Егер компания халықтан ақша салымдарын тартса немесе қор нарықтарына инвестиция салуды ұсынса және оның лицензиясы болмаса, онда онымен байланысу керек пе, жоқ па деп жақсылап ойланыңыз» деп ескертті ІІМ өкілі.