Елімізде жиырма шақты жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтер бағасы бір айдың ішінде кемі 20 пайызға қымбаттаған. Ал 6 тұрғын үй кешенінде баға 20 пайызға арзандаған. korter.kz жылжымайтын мүлік сайтының мәліметі бойынша, кейбір жаңа үйлердің бағасы 60 пайызға дейін көтерілген.
Бағасы қатты қымбаттаған жаңа үйлер арасында Нұр-Сұлтан қаласындағы Florence тұрғын үй кешені көш бастап тұр. G-Park компаниясы салып жатқан элит санатты үйлер жыл соңына дейін берілуі тиіс. Florence – девелопердің жазуынша, «еуропалық стильде, сәл-салтанаты келіскен, жайлылық пен байлық тоғысқан, кірпіштен салынған 20 шақты үйден тұратын кешен». Жағалаудан екі минут, ал президент паркінен 5 минут жерде орналасқан кешендегі пәтердің шаршы метрі бір айдың ішінде 3 есе – 350 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін қымбаттаған.
Ал екінші орында – Семейдің «Қарағайлы» шағын ауданында салынып жатқан эконом санатты үйлер халықаралық автовокзалдың маңында бой көтеріп жатқан үйлер кейінгі айда қатты қымбаттаған. 98 көпқабатты үйден түратын ТҮК-тегі ең төменгі баға бір айда 64 пайызға қымбаттап, шаршы метріне 140 мың теңгеден 230 мың теңгеге жеткен. Тұрғын үй кешенін Baiterek холдингі мен «Сәт Транс» девелопері салып жатыр.
Қатты қымбаттаған үйлер арасында үшінші орынды Атырау қаласындағы «элит» санатты Keremet тұрғын үй кешені ( құрылыс салушы – Saltanat Stroy Service) алып отыр. Бұл ТҮК-тегі баға 1 айдың ішінде 60 пайызға қымбаттаған.
Газоблоктан салынып жатқан пәтерлердің бір шарты метрінің бағасы 310 мың теңгеден 500 мың теңгеге жетті.
Жоғарыда аталған тұрғын үй кешендерінен бөлек, алматылық Lafayette (девелопер K7 Group) кешені де кірген. Бұл кешендегі баға бір айда 200 мың теңгеге қымбаттап, шарты метрінің бағасы 1 млн теңгеге жеткен.
Бағасы арзандаған үй бар ма?
Бағасы арзандаған үйлер арасында Жаңаөзен қаласындағы «Мұнайшы» ТҮК (құрылыс салушы – Grand Stroy Group) көш бастап тұр. Екі сегізқабатты «комфорт» санатты үйлердегі пәтер бағасы бір айдың ішінде 54 пайызға арзандап, наурыз айында 315 мың теңгеден саудаланған шаршы метрі, сәуір айында 145 мың теңгеден сатылып жатыр.
Ақтөбе қаласындағы «Батыс-2», шағын ауданында West Warranty ЖШС салып жатқан, комфорт сыныпты Baiterek тұрғын үй кешеніндегі шаршы метр бағасы бір айда 41 пайызға арзандап, 200 мың теңге дейін түскен.
Бағасы арзандаған үштікті екі бірдей тұрғын үй кешені тұйықтап тұр. Алматыдағы «Атмосфера» ТҮК және Ақтаудағы «Сұлтан» түрғын үй кешені шаршы метрінің бағасы 28 пайызға арзандаған.
Алматының Бұқтырма көшесінде салынып жатқан төрт қабатты үйлердегі ш.м. бағасы 500 мың теңгеден 381,5 мың теңгеге дейін арзандаған.
Ал Маңғыстаудың қарқынды дамып жатқан шағын ауданында бой көтерген 7 қабатты үйлердің шаршы метрінің бағасы 77 мың теңгеге арзандап, 200 мың теңге болған.
Бір ай ішінде арзандаған басқа да жаңа ТҮК тізіміне Алматыдан 11 тұрғын үй кешені, Нұр-Сұлтаннан – алты, Қарағандыдан – үш, Ақтау мен Ақтөбеден – екіден, Оралдан 1 тұрғын үй кешені енген.
Алматылық девелопердің маркентинг бөлімінің мамандары пәтерлер сатылымға шығарылғаннан кейін бағасы арзандаса, онда бағаны талдау кезіндегі жоспардан қате кеткен деп пайыздайды.
Ал жаңа тұрғын үй бағасының қымбаттауына құрылыс материалдары мен қызмет бағасының өсуі, доллар бағамының құбылмалылығы мен Украинадағы соғыс салдарынан шетелден келетін материалдардың кешігуі, логистиканың қымбаттауы ықпал еткен.
Егер құрылыс материалдарын «ескі» бағамен алып қойған қоры бар ірі құрылыс компаниялары өз үйлерінің бағасын бұрынғыдай ұстай алса, қоры жоқ шағын құрылыс компаниялары бағаны көтеруге мәжбүр.
Сарапшылар құрылыс материалдарының қымбаттауын ескере отырып, барлық девелоперлер құрылыс құнын қайта қарайды деп болжап жасап отыр.
Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығы үшінші жыл қатарынан «қызып» тұр. 2020 жылы оны коронавирус соқса, 2021 жылы зейнетақы қорындағы артық ақшаны алуға рұқсат берілгені сол еді, нарық тіптен қайнап, баспана бағасы ұшып кетті. 2022 жыл турбулентті үрдіс жалғасып жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елдегі жаңа құрылыстардың орташа бағасы 5,5%-ға қымбаттап, шаршы метрінің бағасы 408 950 теңгені құрады. Бұл – соңғы 6 жылдағы рекордтық өсім. Жаңа үйлердің бағасы Атырауда (+8,2%), Нұр-Сұлтанда (+8%), Көкшетауда (+7%), Қарағандыда (+6,5%) және Алматыда (+5,5%) орташа нарықтық деңгейден жоғары болды. Бір жыл ішінде жаңа тұрғын үй бағасы республика бойынша орта есеппен 20,3%-ға өсті.