ЖуырдаHalyk Bank «Сбербанк» АҚ еншілес банкінің кредит портфелінің бір бөлігін сатып алды. Halyk Bank-ке өткен борыштың жалпы мөлшері – 330 млрд теңге. Алайда бұл банкте қазақстандықтардың депозиті де бар. Олардың «тағдыры» қалай болмақ? Әлемдегі геосаяси жағдай Қазақстанның қаржы нарығына қалай әсер етіп жатыр? Ресейлік банктер еліміздің қаржы нарығынан кетсе не болады? Kursiv Media-ның осы және өзге де сұрақтарына Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшылары жауап берді.
– Қазақстанның қаржы нарығындағы еншілес банктерге салыған санкциялар, олардың жұмысындағы кей өзгеріс қаржы нарығына қалай әсер етіп жатыр?
– Геосаяси жағдайлардың шиеленісуі көбіне санкцияға ұшыраған ресейлік еншілес банктерге әсер етеді. Олардың клиенттеріне АҚШ доллары және еуромен жасалатын төлем, аударым операциялары қолжетімсіз. Сонымен қатар, ұлттық валютадағы операциялар қандай да бір шектеусіз жүзеге асырылуға тиіс. Егер жалпы сектор туралы айтатын болсақ, аударымдарда, шетел валютасындағы төлемдерде немесе басқа да қаржылық операцияларға байланысты қиындық байқалмайды. Бұған халықаралық ақша аударымдары бойынша өзекті статистика дәлел.
Биыл ақпанда Қазақстанға шетелден халықаралық ақша аударымдары жүйесі арқылы 18,0 миллиард теңгеге 65,2 мың транзакция жіберілді. Ал Қазақстаннан шетелге жалпы сомасы 62,8 миллиард теңгеге 145,4 мың транзакция өткен. Валюталар бөлінісінде жөнелтілген және алынған аударымдардың жиынтық көлемінің негізгі үлесі – 73% және 67%-і АҚШ долларына тиесілі.
Айта кетер жайт, 2021 жылдың ақпанында жөнелтілген және алынған аударымдар көлемі тиісінше 60,6 және 21,6 миллиард теңгені құрады
– Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының ұлттық валютаның АҚШ доллары мен ресейлік рубльге шаққандағы бағамына қатысты болжамы қандай? Сәуірдің аяғы мен мамырға қандай болжам бар?
– Қазіргі геосаяси шиеленіс, әлемдік нарықтың құбылуы, дамушы елдердің активтерінен Федрезервтің монетарлық саясатының қатаңдауына байланысты сарапшылардың ұлттық валюта бағамы бойынша болжамы әлі де болса көңіл көншітпейді. Қазақстан қаржы қауымдастығы сәуірде сауалнама жүргізген, оған қатысқандар 2022 жылы мамырдың басында USDKZT бағамы бір доллар үшін 472,9 теңгені құрап, ал бір жылдан кейін бір доллар үшін 483,0 теңгеге дейін өседі деген болжам жасады. Сонымен қатар RUBKZT туралы айтар болсақ, сарапшылар бір жылдан кейін бір рубль үшін 5,7 теңге көрсеткішінен 5,4 деңгейіне дейін төмендеуі мүмкін екенін айтты.
Алайда бұл болжам, ол уақыт өте келе ұлттық валюта бағамына әсер етуші фундаменталды факторларға байланысты өзгеруі мүмкін.
– Қазір Сбербанктің елдегі кредиттерін Халық банк сатып алды, алайда банкте депозиттер де бар. Депозитті шешуде қазақстандықтарда қандай да бір қиындық тууы мүмкін бе?
Клиенттер алдындағы барлық міндеттемелер шарттарға сәйкес орындалады. Клиенттер алдындағы міндеттемелерге, сондай-ақ клиенттердің еншілес банктер алдындағы берешектеріне қызмет көрсетуде ешқандай қиындық болмайды.
Сонымен қатар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік беретіндіктен, қазақстандықтар теңгелік салымдары үшін алаңдамаса болады.
Айта кетері, ҚДКБҚ теңгелік жинақ депозиттер бойынша ең жоғары кепіл сомасын 20 миллион теңгеге дейін көтерген
– Егер ресейлік банктер Қазақстан қаржы нарығынан түбегейлі кетсе, бұл елдің қаржы нарығына қалай әсер етеді, қандай да бір банк нарықтан кетсе, басқа банктер жүктеме алуға дайын ба?
– Бұл еншілес банктердің нарықтан кету-кетпеу мәселесіне байланысты болады. Егер ресейлік банктер Қазақстан қаржы нарығынан кетсе, онда орнына жаңа «ойыншылар» келеді. Соның әсерінен жұмыс орнының азаюы немесе екінші деңгейлі банктерге жүктеме артпайды.