Енді ШОБ-қа шектеу жоқ: Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қандай кедергілер алынып тасталады?
Қазақстан үкіметі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын мақұлдады. Тұжырымдама аясында жұмыспен қамту көлемін 5 млн адамға дейін арттыру көзделіп отыр. Нәтижесінде 2030 жылға таман шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 40 пайызға жетеді, ал орта компаниялардың ЖІӨ-дегі үлесі 20 пайызға жетеді деген жоспар бар.
Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін азаматтардың кәсіпкер атануына қолайлы жағдай жасап, ашық және әділ бизнес жүргізуге мүмкіндік беру қажет.
Бұл орайда премьер-министр концепцияны сәтті жүзеге асыру үшін үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен тізе қосып жұмыс істеуді тапсырды.
Үкімет басшысының сөзінше, Президент жыл аяғына дейін мемлекеттік бақылау және бизнес субъектілерін қадағалау жүйесін толықтай автоматтандыруға тапсырма берген. Бірақ бақылау және қадағалау салаларын тексеру қорытындысы бойынша 93 бақылау саласының тек 24-інің, 18 қадағалау саласының тек екеуінің ғана цифрланғаны анықталған.
«Бұл жұмысты күшейту керек. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп екі апта мерзімде тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін автоматтандыру бойынша келісілген жол картасын премьер-министрдің кеңсесіне енгізсін» деді Әлихан Смайылов.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов үкімет отырысында 2030 жылға дейінгі шағын және орта бизнесті дамыту концепциясымен таныстырды. Ол Мемлекет басшысының кәсіпкерлер ұлттық палатасының сегізінші съезінде шағын және орта кәсіпкерліктің жаңа стратегиясын анықтауға тапсырма бергенін атап өтті.
«Мұндай құжатты қабылдаудың мақсаты – бизнестің экономикалық белсенділігін дамыту және ынталандыру, сондай-ақ бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес нысандарын құру. Осы үшін құжатта өсу әлеуеті бар кәсіпкерлерге басымдықты қолдау көрсетуге бағытталған ШОБ-ты дамыту тәсілдері көрсетілген. Әзірленген тәсілдерді іске асыру кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және ынталандыру, фискалдық тұтастықты ынталандыру, көлеңкеден шығуды жеңілдету, ШОБ бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне жәрдемдесу қағидаттарын басшылыққа алу арқылы жүзеге асырылатын болады. ШОБ дамыту тәсілдері пирамидалық принципке негізделген» деді Тимур Жақсылықов.
Негізінен концепция аясында:
- Кәсіпкерлік белсенділікке жігер беретін институционалдық орта құру;
- Бизнес-климат және бизнес-ортаға әсерін тигізетін кәсіпкерлік қызметті реттеуді дамыту;
- Мемлекеттік қолдау шаралары құрылымының тиімділігін қамтамасыз ету
көзделіп отыр.
Сонымен қатар тұжырымдама аясында:
- Нарықтың жекелеген қатысушыларына әділетсіз артықшылықтар туғызатын заңнамалық және нормативтік актілерді жою;
- ШОБ үшін реттеуші кедергілерді азайту;
- Шектеулі бюджеттік ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында жеке жеңілдіктерге қарағанда ұжымдық жеңілдіктерге артықшылық беру;
- Ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін жоғары сапалы индустриялық, инновациялық және креативті инфрақұрылымның артық жеткізілімін құруды ынталандыру;
- Есептілікті автоматтандыру және цифрландыру;
- Рұқсат беретін құжаттарды қысқарту
жүзеге асырылмақ.
Жақсылықовтың айтуынша, тиімді және бәсекеге қабілетті кәсіпкерлерді кешенді қолдау шараларын ұсыну жүйесін қайта бағдарлау ұсынылып отыр.
Вице-министр қаңтар оқиғасы кезінде бизнесі зардап шеккен кәсіпкерлерге кең көлемде қолдау көрсетілгенін де атап өтті. Оның айтуынша, алдын ала деректер бойынша қаңтар оқиғасы кезінде 1630 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне залал келген. Ал шығын сомасы 38,6 млрд теңгеге жеткен. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында үкімет келесідей шаралар қабылдаған:
- Шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген мүліктік залалды өтеу:
- Заңды және жеке тұлғалардың займдары бойынша төлемдерді кейінге шегеру;
- Кедендік және салықтық тексерулер тоқтатылды және өзге де шаралар қабылданды.
Қазіргі уақытта 1491 шағын және орта бизнес субъектісі жалпы сомасы 8,3 млрд теңгеге қолдау төлемдерін алған.
Соңғы дерек бойынша, шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі үлесі 7,9 пайызға өсіп, 34,7 пайызды құрап отыр.
«ШОБ-тың өнім шығару үлесі 2 есе өсіп, нақты мәнде 29,7 трлн теңгені құрады. Жұмыс істеп тұрған ШОБ саны 15,2 пайызға өсіп, 1,4 млн субъектіге жетті. ШОБ-та жұмыс істеушілер саны 10,6 пайызға өсіп, 3,5 млн адамға жетті. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұлттық жоба аясында ШОБ-ты қолдауға қаржылық және қаржылық емес қолдаулар ұсынылып жатыр. 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда мемлекеттік қолдау шаралары қамтыған жалпы несие портфелі 57 пайызға ұлғайып, 3,4 трлн теңгені құрады» деді Жақсылықов.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, бизнесті жүргізу проблемаларының бірі – реттеу жүйесінің ауырлығы мен шамадан тыс әкімшілік жүктеме. Аталған проблеманы шешу үшін 2021 жылдың 30 желтоқсанында Президент Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеу саясатын іске асыру туралы заңға қол қойған еді.
Бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау бойынша жұмыс екі кезеңмен жүзеге асады:
I кезең: 2022 жылдың бірінші жартысында төрт басым салада қадағалаушылық талаптарды қайта қарау жүргізілмек. Олар – сауда, транспорт, ауыл шаруашылығы және қоғамдық тамақтану мен өмір сүру салалары. Аталған секторлардағы ШОБ субъектілерінің үлесі 60 пайызды құрайды.
II кезең: 2022 жылдың екінші жартысында және 2023 жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және басқа да салалардағы бизнеске қойылатын талаптар қайта қаралады.
Осылайша, бизнес-ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «нормативтік гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік беретін міндетті талаптар реестрі қалыптасады. Жаппай тексеру мен жазалау артта қалып, оның орнын құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары, мемлекеттік бақылауды автоматтандыруға көшу процесі басады. Мұның бәрі түптеп келгенде бизнес жүргізуді жеңілдетіп, көпшіліктің кәсіп бастауға деген ынта-ықыласын оятуға септігін тигізуі тиіс.