Freedom Holding Corp халықаралық инвестициялық тобының негізін қалаушы және мажоритарлық акционер Тимур Турлов Қазақстан азаматтығын алу процесін бастауға ниетті. Бұл туралы ол Kursiv.media тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Турловтың айтуынша, ол Ресей консулдығына Ресей азаматтығынан шығу туралы өтініш берген. Дәл осындай өтінішті Сент-Китс және Невис аралындағы мемлекетке де беруді жоспарлап отыр. Турлов осы елдің инвестициялық бағдарламасы негізінде азаматтығын алған. Қазақстан азаматтығын алудағы басты талаптың бірі – басқа елдің төлқұжатынан бас тарту. Осы орайда Тимур Турлов Қазақстан азаматтығын алу туралы шешімді бұрынырақта қабылдағанын айтты.
«Қазақстанда 10 жылдан астам уақыттан бері өзім қызығатын іспен айналысып келемін, салық резидентімін, отбасым осында тұрады, балаларым осы жердегі мектепте оқиды. Азаматтық алу процесін бес жыл бұрын, республикада тұрақты тұруға ықтиярхат алған кезде бастадым. Қазір Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміттене алатын мерзім жақындап келеді. Мұны іске асыру үшін мен басқа елдердің төлқұжатынан бас тартуым керек. Бұл заң талабы және оны орындау керек» деді Тимур Турлов.
«Азаматтық туралы» Заңға сәйкес, бес жылдан бері республикада тұруға ықтиярхаттың болуы – Қазақстандағы шетелдіктерге азаматтық берудің негізгі талабының бірі. Кей жағдайда азаматтық беру туралы шешімді Республика презиеденті қабылдауы мүмкін. Ал Ресей азаматы тізімінен шығу біршама қиын, соған сәйкес процесс жарты жылға дейін созылуы мүмкін.
«Осы жылдар ішінде Қазақстан біздің штаб-пәтерімізге ғана емес, сонымен қатар холдингте көптеген инновацияларды құратын орынға айналды. Біз мұнда бизнесті одан әрі дамыту, цифрлық экожүйе құру үшін керемет мүмкіндіктердің бар екенін көріп отырмыз. Мұнда көптеген дос таптым, әрі қарай да болашағымды Қазақстанмен байланыстырамын» деді қаржыгер.
Тимур Турлов – штаб-пәтері Алматыда орналасқан Freedom Holding Corp халықаралық инвестициялық тобының негізін қалаушы және бақылаушы акционері. 2020 жылы холдинг NASDAQ америкалық биржасына шықты. Қазір оның капиталдандыруы $3 миллиардан асады. Турлов былтыр Forbes Kazakhstan рейтингінде жетінші орынға шықты, оның қаржысы $2 миллиард деп көрсетілді. 2021 жылдың сәуірінде Тимур Турлов әлемдегі ең бай адамдар – The Richest in 2021 америкалық Forbes рейтингіне енді. Ол кезде басылым оның байлығын 2,1 миллиард доллар деп жазды. 2022 жылдың 18 сәуіріндегі мәлімет бойынша, Forbes Real Time Billionaires қаржыгердің капиталын 2,2 миллиард доллар деп бағалады.
Тимур Турлов қазақстандық жобалар мен стратаптарға барынша белсенді инвестиция салып жатыр. Былтыр маусымда Cerebra қазақстандық стартап Freedom Holding СЕО-дан $1 миллион қаржыландыру алды. Компания инсультты ерте диагностикалау бойынша бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен айналысады. Cerebra Medtronic байқауында әлемнің үздік MedTech жобаларының ондығына кірді және Ernst&Young нұсқасы бойынша үздік инновациялық стартап болып танылды.
Желтоқсанда Турлов Relog қазақстандық IT-компаниясы инвесторларының құрамына кірді. Оның венчурлық инвестициясының мөлшері $700 мың болды, оның ішінде $350 мың Relog капиталына салынды және $350 мыңға компаниядағы үлесті $10 миллионға бағалаған кезде оны сатып алу опциясына қол қойылды. Компания бұлтты технологиямен айналысады. Relog-та көлік шығынын азайтатын және логистиканы басқаруға көмектесетін Transport Management System өнімі бар. Сондай-ақ ол Chocofamily Holding, Naimi.kz және ArbuzGroup-та үлеске ие. Сәуірдің басында Arbuzgroup басшысы Алексей Ли олардың АҚШ-тағы онлайн-супермаркетінің сәтті іске қосылғанын хабарлады.
Былтыр жылдың аяғында Турловтың Freedom Mobile World смартфоны мен аксессуарларының бөлшек сауда дүкендерінің желісін іске қосқаны белгілі болды. Сондай-ақ ол Холдингтің экожүйесіне кіретін Тикетон билет сатып алу қызметі және PayBox.money онлайн-төлемдер агрегаторын сатып алу жоспары туралы айтты.
Freedom Holding-тің Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Германия, Кипр, Ұлыбритания, Украина және АҚШ-та филиалдары бар. Холдингтің жай акциялары Nasdaq Capital Market, Қазақстан қор биржасында, Санкт-Петербург биржасында және Украина биржасында саудаланады.
Қазақстанда «Фридом Финанс» АҚ – еліміздің қор нарығының ірі кәсіби қатысушысы. Компания «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ-ға иелік етеді. Сонымен қатар компания өзінің «Freedom Finance Insurance» Сақтандыру компаниясы» АҚ және «Freedom Finance Life» Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ арқылы сақтандыру бизнесін дамытып жатыр.