Amazon-да танымал 9 туынды

Жарияланды
Тарих, биография, ғылым, роман — бәрі бар

Әлем бойынша трендте тұрған кітаптарды Amazon-ның ТОП тізімінен құрап жатады. Өйткені көпшіліктің сұранысы рейтингке тікелей әсер етеді. Сол себепті үздік тоғыз кітапты назарыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Қысқаша сипаттамасын оқып, толық нұсқасын алуға қызығушылығыңыз оянуы әбден мүмкін. 

ТАРИХ ТУРАЛЫ

Қайғы империясы: Саклер династиясының құпия тарихы/Империя боли: Тайная история династии Саклеров/Empire of Pain

Патрик Радден Киф

Кітапты The New Yorker және The New York Times Magazine сынды белгілі америкалық басылымдардың журналист-тергеушісі жазған. Патрик Радден Кифтің бұл туындысында ағайынды Саклерлер туралы баяндалады. Бұл әулет фармацевтика саласының жілігін шағып, майын ішкен. Кітапта династияның бүкіл Американы транквилизаторлар мен опиоид ауырсынуды басатын дәрілерге қалай «отырғызғаны» жайлы айтылады. Бұған дейін Саклер әулеті медикаменттер нарығында «революция» жасаған еді. Атап айтқанда, препараттарды дәрігерлер арқылы таныту, жемқорлыққа да алғашқылардың бірі болып жол ашу, проофильдік басылымдарға жарнама беру сынды істерді тындырған. 

Саклер әулеті үш ұрпақ бойы өнер мен ғылымға миллиардтап қаржы құйған. Тіпті кейінгі кезге дейін Метрополитен мен Лувр музейлерінде, одан қала берді Оксфорд, Гарвард, Смитсон институттарының қабырғасында суреттері ілініп, мықты беделге ие болып келді. Иә, олар жасаған жақсылық ұшан-теңіз. Бірақ Киф кітабында таяқтың екінші ұшын шығарады. Сонша жақсылық жасаған адамдардың қаншалықты зиянын тигізгенін баяндайды. Туынды жарыққа шыққан соң The New York Times, Washington Post және TIME басылымдары жылдың үздік кітабы деп таныды. Тіпті Американың 44-президенті Барак Обама жеке кітапханасына қосып қойған екен.      

БИОГРАФИЯ ЖӘНЕ МЕМУАРЛАР

Mart-тағы көз жасы/Плач в H Mart/Crying in H Mart

Мишель Заунер

Отбасындағы күрделі қарым-қатынас, азиаттардың америкалық қоғамға сіңіп кетуінің қаншалықты қиын екені суреттеледі. Кітаптың аңдатпасында «Отбасы, тамақ, қайғы және темір төзім туралы таңғажайып оқиғада Мишель Заунер жай ғана әнші, әндердің авторы не гитарист қана емес, басқа қырларынан да ашылады» деп жазылған. 31 желтоқсанда Лос-Анджелес қаласында Грэмми музыкалық сыйлығы беріледі. Ол жерде ең үздік жас топ аталымына Japanese Breakfast инди-рок-группасы бақ сынайды. Ол топтың басында кітап авторы Мишель Заунер тұрады. Бұл туынды көпшілікке ұнағаны сонша, The New York Times бестселлер қатарына қосады. Осы оқиға желісімен Orion Pictures студиясы фильм түсіруді қолға алуды жоспарлап жатыр екен.

БИЗНЕС ЖӘНЕ КӨШБАСШЫЛЫҚ

Қайсарлық шақырады: батылдардың жолы болғыш келеді/Отвага зовет: Фортуна способствует храбрым/Courage Is Calling: Fortune Favors the Brave
Райан Холидей

The New York Times, Wall Street Journal және USA Today басылымдары үздік деп таныған кітап. Мұнда автор Шарльде Голль, Флоренс Найтингейд және Мартин Лютер Кинг сынды әлемдік көшбасшылардың оқиғаларын баяндай келе, қайсарлық жайлы сөз қозғайды. Райан Холидей American Apparel, Google, New York Observer-де жұмыс істеген. Бизнес-тренер Холидейдің туындылары әлемнің 30 тіліне аударылып, 2 миллион таралыммен таралған.  

БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӘДЕБИЕТ

Предсказание Беатрис/The Beatryce Prophecy

Кейт ДиКамилло

Америкалық жазушы Кейт ДиКамиллоны әдеби балалар фантастикасы жанрындағы құдды Спилберг сынды. Жалпы саны 25-тен астам кітап жазған оның туындылары әлем бойынша 37 миллион данамен таралған, балалар әдебиетіне қосқан үлесі үшін Ньюбери сыйлығын екі рет алған. Тіпті The Magician’s Elephant шығармасының желісімен Netflix анимациялық фильм түсіріп жатыр. Ал енді кітаптағы оқиға туралы аз-кем айта кетсек. Беатрис есімді кішкентай қызды сәби шағында ерлер монастырының алдына тастап кетеді. Кейін ол қауіпті саяхатқа бел буып, сол жолда жауымен бетпе-бет шайқасуға шығады.

ҒЫЛЫМИ ФАНТАСТИКА ЖӘНЕ ФЕНТЕЗИ

Hail Mary жобасы/Проект Hail Mary/Project Hail Mary
Энди Уэйр

Мұнда ғарыштағы жаңалықтар, болжамдар мен аман қалу жолдары туралы баяндалады. Жыл сайын өзінің 5 үздік кітабын жариялап отыратын миллиардер Билл Гейтс аталған тізімге осы кітапты қосқан екен. Жаратылыстану ғылымы бағытындағы орта мектептің мұғалімі космостан бір шығады. Бір күні ұйқыдн тұрса, шағын ғана ғарыш кемесінің ішінде жатыр екен. Мүлдем басқа галактика. Бір қызығы, ол жерге қалай барды — есінде жоқ. Сөйтсе, қызықтың көкесі алда екен. Егер ол космоста сәтсіздікке ұшыраса, адамзат, күллі жер беті түгел жойылады екен. Міне, осындай шытырман оқиғалы кітап. Hail Mary жобасы — Энди Уэйрдің үшінші кітабы. 2014 жылы кітап нарығын «Марс тұрғыны» туындысын «жарып» шыққан еді. Кейін бұл оқиға желісімен фильм түсіріліп, ол да көрерменін адаспай тапты.

ҒЫЛЫМ

Код бұзушы: Дженнифер Даудна, гендерді өңдеу және нәсілдер болашағы Взломщик кода: Дженнифер Даудна, редактирование генов и будущее человеческой расы/The Code Breaker: Gennifer Doudna, Gene Editing, and the Future of the Human Race
Уолтер Айзексон

Автор — Аспен институтының президенті, кезінде CNN арнасын басқарған, Time журналының бұрынғы бас редакторы. Оған қоса танымал жазушы. Стив Джобс, Леонардо да Винчи, Бенджамин Франклин және Альберт Эйнштейн туралы биографиялық бестселлерлер жазу арқылы да аты шыққан. Ал жаңа кітабында 2020 жылы химия саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленген Дженнифер Даудна туралы жазады. Даудна әріптесімен бірге CRISPR-Cas9 деген геномдарды редакциялау технологиясын жасап шығады. Соның көмегімен алдағы уақытта адамзат дерттеріне дауа тауып, вирустармен мықтырақ күресіп, неғұрлым ұзақ уақыт есен-сау болу мүмкін болады деседі.  

МАХАББАТ ЖАЙЛЫ РОМАН

Махаббат болжамы/Гипотеза любви/The Love Hypothesis
Али Хейзелвуд

 Кітапта жас әйелдің махаббат хикаялары баяндалады. Ғылыми қызметкер Олив Смит ұзақ уақыт бір адаммен қарым-қатынас құру дегенге сенбейді. Бірақ айналасындағылар алаңдағаны үшін ойдан жігітім бар деп құрастырып алады. Артынша сол өтірігін жабу үшін түрлі оқиғаға тап болады. Жігітім деп айта салған адамы — қатал келген профессорды ойламаған жерден сүйіп алады. Сөйтіп ол да Смиттің өтірігіне «ортақтасып», ақыры екеуі қосылады. 

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ

Линколь тас жолы/Шоссе Линкольна/The Lincoln Highway
Амор Тоулс

18 жастағы Эммет абайсызда адам өлтіріп алады. Жарты жыл түзету фермасында өткеріп шыққан соң ата-анасының қайтыс болғанын естиді. Сөйтіп артынан ерген сегіз жасар інісін алып қайту үшін Небраскаға жолға шығады. Сол жерде оған айтпай фермадағы тағы екі досы да келіп алғанын көреді. Сөйтіп олар сапарға қарама-қарсы бағытта — Нью-Йоркке қарай шығады.

Линкольн тас жолы романы The New York Times, Oprah Quarterly және The Washington Post сыйлықтарын иеленген. Авторы Амор Тоулс — Йель және Стенфорд университеттерінің түлегі, он жылдық тәжірибесі бар инвестициялық банкир. Бұған дейін де екі бестселлер кітап жазған. Олар әлемнің 40 тіліне аударылып, 4 миллионнан астам тиражбен таралған. 

ДОКУМЕНТАЛИСТИКА

Көрінбейтін бала: кедейлік, өмір үшін күрес және америкалық қаладағы үміт/Невидимый ребенок: бедность, выживание и надежда в американском городе/Іnvisible Child: Poverty, Survival & Hope in an American City
Андреа Эллиотт

Туындыда Америкадағы теңсіздік мәселесі қозғалады. The New York Times басылым үздіктер қатарынан қосқан кітап. Бруклинде туған Дасани есімді қара нәсілді қыздың сегіз жыл бойғы қиын өмірі, оқиғасы баяндалады. Оның есімі бөтелкедені судың құрметіне қойылған екен. Отбасын қорғау үшін ол күрескерге айналады. Өйткені ол тұратын көшеде кедейлік жайлаған, есірткіге құмарлар көп, адамдар қатыгез.  

Сондай-ақ оқыңыз